Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Толеранттылық – тыныштықтың темірқазығы

Толеранттылық – тыныштықтың темірқазығы
Автор
Қазіргі алмағайып заманда әр мемлекеттің дін саласындағы саясатын тиімді жүргізуі ел тыныштығының тұрақты кепілі. Дін мен мемлекет заңды тұрғыдан бөлінгенімен, елімізде өмір сүріп жатқан азаматтар діни ғұрыптарын еркін өтеуде. Мемлекетіміздің дін саласындағы саясаты дегеніміз Кеңес үкіметіндегі дінсіздендіру режимі емес, керісінше неше түрлі діни сенімдер мен ғибдат ерекшеліктеріне қарамастан толеранттылықты сақтап татулықта, келісімде өмір сүруін нығайту болмақ.

Кез келген мемлекеттің өткеніне, бүгініне үңілсек, діннің өзекті мәселе екенін көруге болады. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, 2019 жылдың 15 наурызында мұсылмандар үшін қасиетті саналатын жұма күні Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласында теракт болып, 49 адам қаза тауып, тағы сонша тұрғын жарақат алғанына бүкіл әлем куә болды. Сондай-ақ 2014-2015 жылдары Сириядаға мұсылмандар мұсылмандарға қарсы соғысты. Осындай қайғылы жағдайды болдырмас үшін қазақ қоғамында радикалдық идеяны азайту мақсатында толеранттылық идеяны көп дәріптеу керек.

Ал толеранттылық дегеніміз – сыпайылық, ең алдымен адамның әмбебап құқықтары мен негізгі бостандықтарын тану, адам құқықтарын құрметтеу негізінде қалыптасатын белсенді қарым-қатынас. Бұл әлеуметтік әділетсіздікке, өздерінен бас тарту немесе басқа адамдардың наным-сенімдеріне жол бермеу деген көзқарасты білдірмейді. Толеранттылық түсінігіне қазақтың сабырлылық ұғымы дәл келеді деп ойлаймын. Қазақ «Сабыр түбі – сары алтын» дейді. Ұлттық толеранттылық біздің тарихи-мәдени кеңістігімізде қоғамды топтастыратын белгілі фактор болып отыр. Екінші жағынан, толеранттылық барлық мәселені шешіп тастайды деуге тағы болмайды. Бұл конфессияаралық және этносаралық қатынастарды, саяси тұрақтылықты реттеудің маңызды факторы. Конфессияаралық және этносаралық түсіністік жағдайында бір мемлекетте әртүрлі нанымдардың, мәдениеттердің қатар өмір сүруі бүгінгі жас ұрпақтың өмірлік қағидаты болуы тиіс. Конфессияаралық және этносаралық түсіністікке қол жеткізу үшін негізгі қағидат жастар ортасында толеранттылыққа тәрбиелеу болып табылады.

Себебі, елімізде заңды тіркеуден өткен 18 конфессияның діни сенімін кемсітуіне жол берілмеуін ескеру жөн болады. Себебі, әр конфессияның артында әлемде миллиондаған жақтаушысы кездеседі. Әр жақтаушы азаматтың діни сенімі өзі үшін қасиетті болып саналғандықтан, осындай нәзік мәселені ескере отырып, діни алауыздықты тудырмас үшін жалпы адамзаттық құндылықтарды насихаттаған елдің бірлігі мен татулығы үшін жемісті болмақ.

Толеранттылық қағидатын жеткізу мақсатында дінтанушы, теолог мамандар, Қазақстан ассамблеясындағы әртүрлі этнос өкілдері және үкіметтік емес ұйым мүшелері тарапынан жастарға, оқушыларға, жұмыссыздарға және шетелден оралған қандастарға әртүрлі форматта кездесулер өткізіп, толеранттылықтың ең басты қазынасы дініне, ұлтына, нәсіліне қарамастан бір-бірін сыйластық пен құрметтеу керек екенін түсіндіру қажет.

Жеке адам түзелсе, қоғамда түзеледі. Бұл дегеніміз елімізде тұрып жатқан жүз отыздан аса этнос өкілінің өздеріне тән болмысын сақтап, татулықта өмір сүру деген сөз. Төле би бабамыздың әкесі Әнет баба Кішікұлы айтпақшы: «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегендей ынтымағымыз жарасу үшін толеранттылық пен бейбітшілікті қоғамның санасына орнықтыру қажет.

Ерзат ЖАҚЫПОВ,
облыс әкімдігі
дін проблемаларын
зерттеу орталығының бөлім басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар