Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кибершабуылдан қалай сақтану керек?

Кибершабуылдан қалай сақтану керек?
Автор
Цифрлық әлемде адамнан үнемі сақтық пен жауапкершілік талап етіледі. Себебі интернеттегі әрбір әрекет – өз ізін қалдырады. Қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең басты жолы – цифрлық гигиена қағидаларын сақтау. Тек сол кезде ғана киберкеңістіктегі алаяқтықтан, деректердің ұрлануынан және басқа да киберқауіптерден қорғана аламыз.

Цифрлық гигиена дегеніміз – интернетте қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әдеттер мен мінез-құлық ережелері. Егер адам бұл ережелерге немқұрайды қараса, алаяқтардың тұзағына түсіп, жеке деректерінен айырылып қалуы мүмкін.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықовтың айтуынша, цифрлық гигиенаны сақтау әрбір адамның күнделікті саналы әдетіне айналуы тиіс.

Мамандардың айтуынша, өткен жылы әлем бойынша кибершабуылдар саны 90 пайызға артқан. Бұл интернеттегі қауіптің күн сайын күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Әсіресе «WhatsApp» топтарында, әлеуметтік желілерде тарайтын белгісіз сілтемелер – өте қауіпті. Телефон нөмірі мен электронды поштаны кез келген сайтта қалдыра беру де алаяқтар үшін «жаңа мүмкіндік».

Руслан Әбдіқалықов цифрлық қауіпсіздікті сақтау үшін қарапайым, бірақ маңызды ережелерді ұстануға кеңес береді.

- Ешқашан әртүрлі аккаунттарда бір құпиясөзді қолданбаңыз. Құпиясөздер күрделі және жиі өзгеріп отыруы тиіс. Бұл жеке деректердің қорғанысын күшейтеді;

- Құрылғыдағы барлық қосымшаларды уақытылы жаңартып отыру керек. Себебі әрбір жаңа нұсқа қауіпсіздік жағынан күшейтілген;

- Күмән тудыратын хаттарға жауап бермеңіз, бейтаныс адамдар жіберген сілтемелерді ашпаңыз. Олар фишинг арқылы құрылғыға вирус енгізуі мүмкін;

- Антивирус бағдарламаларын міндетті түрде қолданыңыз. Олар зиянды қосымшалар мен шабуылдарды бұғаттауға көмектеседі;

- Жеке құжаттардың фотосуреттерін әлеуметтік желіде жарияламаңыз, мессенджер арқылы бейтаныс адамға жолдамаңыз. Бұл – кибералаяқтардың бірінші көздейтіні;

- Банк картасының артындағы үш таңбалы кодты, SMS арқылы келетін растау кодтарын ешкімге айтпаңыз;

- Ресми емес сайттардан қосымша жүктемеңіз, беймәлім сайттарда жеке деректерді енгізбеңіз. Сайттың сенімділігіне көз жеткізіңіз;

- Желіде тіркелген парақшаларыңызға екі факторлы аутентификация орнатыңыз. Бұл рұқсатсыз кіруден қорғаудың сенімді жолы;

- Әлеуметтік желілердегі жазбалар мен фотоларды кімдер көре алатынын шектеңіз. Құпиялық баптауларын тексеріп отырыңыз;

- Маңызды құжаттардың және жеке файлдардың сақтық көшірмесін жасауды ұмытпаңыз. Бұл деректерді жоғалтып алған жағдайда оларды қалпына келтіруге көмектеседі.

Бүгінде цифрлық сауаттылық – кез келген адамның басты дағдысына айналуы керек. Өмірдегі қауіпсіздік қаншалықты маңызды болса, интернеттегі қауіпсіздік те соншалықты қымбат. Сондықтан цифрлық гигиена қағидаларын сақтау – өзіңізді де, жақындарыңызды да сан түрлі қауіптен қорғау деп біліңіз.

 

Айжан ӨЗБЕКОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар