
Ұлтымыздың жүріп өткен жолындағы бүкіл тыныс-тіршілігі, қайғы-қасіреті, мұң-шері, аңсар-арманы мен қуанышы осы қара домбыраның шанағында қатталған. Сондықтан да ешқашан құнын жоғалтпаған және жоғалтпайтын киелі аспабымызды кез келген ұлтын сүйген ұлағатты ұрпақ қастерлей біледі. Оған дәлел Талас ауданы, Ойық ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы мектептен түлеп ұшқан түлектердің жасаған тарту-таралғысы.
«Адамның кіндік қаны тамған жерге, Маңдайының тері де таму керек екенін» жақсы түсінген жиырма жылдық түлектер ауылдық мәдениет үйінің алдына еңселі домбыраның ескерткішін орнатып, көптің алғысын арқалады.
– Білім нәрімен сусындаған алтын ұя мектебімізден түлеп ұшқалы жиырма жылдың жүзі болыпты. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан мектебімізге, кіндік қанымыз тамған ауылымызға құрмет ретінде игілікті іс жасағымыз келді. Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген аталы сөз бар. Біз де өзіміз үшін әр тасы алтынға бағаланған туған жерге деген ілтипатымызды киелі домбыраға арнап қойған ескерткішіміз арқылы жеткізуді жөн санадық. Сөйтіп Әнуарбек Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінің алдына алып домбыраның ескерткішін орнаттық. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» демекші, ауылымызда «нағыз қазақтың» – символына айналған қасиетті қара домыра асқақтап тұра берсін, – дейді Жалғас Шінәліұлы.
Жалпы Қазақстан бойынша ұлттық аспабымызды ұлықтау мақсатында қойылған бірнеше ескерткіш бар. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтөбе қаласында темірден құйылған домбыра ескерткіші ашылған болатын. Ескерткіштің биіктігі – 6,30 метр, ені – 1,40 метр, шанағы – 2,5 метр, ал мойны 4 метр шамасында. Домбыра ескерткіші 12 перне, қос ішекті болып келеді. Домбыраның үкісіне дейін ұмыт қалмаған. Ескерткіш авторы Қуатбек Есжановтың айтуынша, музыкалық аспаптың барлық заңдылықтары сақталған.
2019 жылы көкшетаулықтар да домбыраға ескерткіш орнатты. Тұғырымен қосқанда биіктігі 12 метр жуықтайтын инсталляция бетон-металл конструкциясынан жасалған
Ал түлектер тарту еткен домбыра ескерткішінің биіктігі 13 метр болса, салмағы 1,3 тоннаға дейін жетеді екен.
Домбыра тек музыкалық аспап қана емес, тәрбиенің де біден-бір құралы. Жастайынан домбыра ұстаған бала еңбекқор, отансүйгіш, өнерге де жақын болып өседі. Сол себепті де домбыраның сарыны ұрпақтан ұрпаққа жетіп, әр қазақтың жүрегінен орын алуы тиіс.
Назира ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Талас ауданы