Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Байзақта жұртты алаңдатқан мәселе көп

Байзақта жұртты алаңдатқан мәселе көп
Автор
Байзақ ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі игілігі мол жобалар сәтті жүзеге асырылуда. Нәтижесінде ауданда инфрақұрылым жақсарып, әлеуметтік нысандар бой көтеріп, сан салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Дегенмен халықты алаңдатқан түйткілді мәселелер де жоқ емес. Әсіресе жол сапасы, ауызсу тапшылығы, жарық жүйесіндегі ақаулар мен қоғамдық көлікке қатысты мәселелер тұрғындардың арқасына аяздай батып отыр.

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ЖҮРГЕН БІЛЕР

Редакциямызға Байзақ ауданының тұрғындары жиі хабарласып, уәжін білдіріп жататыны бар. Тұрғындардың көтеретін мәселелері де сан түрлі. Соның бірі – Үлгілі ауылы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағына қатысты жайт. Байзақ ауданына баратын үлкен жолмен күндіз-түні жоғары жылдамдықпен жүйткіген көліктер Үлгілі ауылы маңындағы жаяу жүргіншілер жолағын пысқырып та қарамайтын көрінеді. Оған бір себеп, жаяу жүргіншілер жолағы сызығының анық көрінбеуі және тиісті жол белгісінің жоқтығы. Салдарынан бірнеше рет жазатайым оқиға да орын алыпты.

– Ел «екінші Үлгілі» атап кеткен, яғни үлкен жолдың бойынан ауылға бұрылар тұстағы жаяу жүргіншілер жолағымен күнде өтеміз десек те болады. Зуылдаған көліктер жолаққа жақындағанда да екпінін бәсеңдетейін демейді. Кейбір жүргізушілер жарық түсіретін белгілердің жоқ екенін айтады. Қыста мүлде көрінбейді. Қорқамыз. Бір емес, бірнеше рет жаяу жүргіншіні қағып кеткеніне куә болдық, – дейді Үлгілі ауылының тұрғыны Айман Қуаныш.

Сол секілді аудандағы Түймекент, Дихан, Суханбаев, Үлгілі, Көктал, Құмжота елді мекендеріндегі жол жөндеу жұмыстарының сапасы көңіл көншітпей отыр екен. Сараптама нәтижесінде осы жолдардың біразында елеулі кемшіліктер бар екені анықталған. Ал Байзақ ауданының әкімі Олжас Баққараев аталған мәселелердің назарда екенін айтады.

– Біріншіден, жол-көлік оқиғаларының жиілеуіне тұрғындардың жол белгілерін елемеуі, жол ережелерін сақтамауы, сондай-ақ жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс арттыруы себеп болып отыр. Осы мәселеге орай, Үлгілі ауылының маңына бейнебақылау камерасы орнатылған болатын. Алайда, камераны белгілі бір себептермен облыстық полиция департаменті алып тастаған. Дегенмен біз департаментке қайтадан ұсыныс беріп, «Сергек» бейнебақылау камераларын қайта орнату жұмыстарын қолға алдық. Қазіргі таңда камераны орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын күндері іске қосылады деп күтілуде.

Мәселен, Сарыкемерге баратын жолдың бойында 20-дан аса жол кедергісі қойылған. Бұған қосымша тағы 8 «Сергек» камерасын орнатуға сұраныс берілді. Бүгінде олар да орнатылуда.

Одан бөлек, аудандық бюджет есебінен 4 бағдаршам орнатылды. Мысалы, «Форель» шаруашылығы орналасқан аумақтағы Мырзатай жолы мен Көктал бағытындағы республикалық маңызы бар тас жолдың бойына бағдаршам қою үшін «Қазавтожолдан» рұқсат алу оңайға соқпады. Себебі бұл республикалық жол болғандықтан, ондай жерлерге бағдаршам орнатуға рұқсат беріле бермейді. Соған қарамастан, біз бұл мәселені шешіп, бағдаршамдар мен бейнекамераларды орнатып қойдық. Алайда мәселе мұнымен бітпейді. Бұрын тұрғындардан: «Бағдаршам, камера қойыңдар» деген ұсыныстар түсетін. Ол жұмыстар жүзеге асқан соң: «Камераға түсіп, айыппұл келіп жатыр», «Бағдаршамның қызыл түсі ұзақ жанады» деген реніштер айтыла бастады. Расында қызыл түс 90, кейде 100 секундқа дейін жанады. Бұл – негізгі, яғни республикалық жолдың артықшылығына байланысты. Ал төте жолмен келетін көліктерге қызыл түс 20-25 секундқа ғана жанады. Көп жағдайда жүргізушілер осы уақытқа үлгермей қалады. Бұл да өз алдына бір мәселе.

Сонымен қатар жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жобалар бойынша жұмыстар басталып, бейнекамералар мен бағдаршамдар орнатылуда. Үлгілі ауылындағы учаскеге де «Сергек» орнату жоспарда бар.

Жолақ сызу бойынша облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына арнайы хат жолданды.

Ал қауіпсіздік мәселесіне келсек, камера немесе бағдаршам орнатылғанымен егер жүргізуші жол ережесін елемесе, нәтиже болмайды. Кейбір жүргізушілер жолда ішімдік ішіп, жылдамдықты асырып, өзіне де, өзгеге де қауіп төндіреді. Сондықтан бұл мәселе – полиция департаментімен бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде ғана оң шешімін табады деп ойлаймын, – деді Олжас Елебекұлы.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бөлінген бір миллиард теңге қаржыға 45 көше жөнделіп жатыр екен. Негізінен мемлекет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Байзақ ауданында арнайы өкім қабылданған. Өкім аясында ең алдымен автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша жасалатын келісімшарттардың кепілдік мерзімі екі жылдан үш жылға ұзартылған. Екінші бағыт ретінде кепілдік мерзімі бар жол-құрылыс және орташа жөндеуден өткен көшелердің сапасына мониторинг жүргізіліп, жобаға сәйкес акт толтырылып, анықталған ақаулар бойынша мердігер тарапынан кепілдік міндеттемелер аясында жөндеу жұмыстары жүргізілетіні белгіленген. Үшінші тармақ бойынша егер мердігер мен авторлық және техникалық қадағалаушылар тарапынан сапасыз жұмыс орын алса, келісімшарттың шарттарын бұзғаны үшін олар айыппұл ретінде жалпы сома көлемінің 5 пайызына дейін өтемақы төлейді. Бұл талаптардың барлығы келісімшарт мазмұнына енгізілген. Сонымен қатар жасалған келісімдердің кепілді талаптарын тоқсан сайын техникалық қадағалау арқылы тексеру қарастырылған. Көктемгі жөндеуге жоспарланған жолдар туралы ақпараттарды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы алдын ала жариялау да тапсырманың бір бағыты болып отыр.

Сапаны нақтылау және бақылау мақсатында арнайы сараптамалық мекемемен келісім жасалып, жұмыстар атқарылуда. Мәселен, жақында ғана «Алмалы Ресорт» демалыс орнына апаратын жол жөнделген. Бұл жолдың жартысы, яғни 12,5 шақырымы Байзақ ауданына, қалғаны Жамбыл ауданына тиесілі. Туризм нысаны болғандықтан, аудандық және облыстық бюджет есебінен қаржы бөлініп, жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, жол сапасын зерттеген зертхана мамандары 5 түрлі ақау анықтап, оны актілеген. Нәтижесінде мердігер мекемеге қайта жөндеу бойынша ресми шағым жолданған. Осы ретте аудан бюджетінен қосымша қаржы бөлініп, сапаны бақылайтын кәсіби мамандар тартылған. Мұндай жүйелі бақылау облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес тек Байзақ ауданында ғана емес, өзге аудандарда да қолға алынған.

 

ТҰРҒЫНДАР НЕГЕ НАРАЗЫ?

 

Аудандағы өзекті мәселенің бірі – құрылыс жұмыстарының сапасыздығы. Мәселен, өткен жылы Көктал ауылында күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйі ғимаратының шатыры жаңбыр суын өткізіп, суағар жүйесінің дұрыс орнатылмағаны анықталған. Бұл олқылықтар мердігер мекеме тарапынан кеткен салғырттықтың салдары болуы мүмкін деген пікірлер айтылуда.

Олжас Елебекұлының сөзіне сүйенсек, ауылдық мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мердігер мекеменің кепілдік міндеттемесі бар. Сол себепті анықталған ақауларды мердігер өз есебінен қайта жөндеп, кемшіліктер қалпына келтірілген.

Аудан тұрғындарын қажытқан мәселелер мұнымен бітпейді. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде Байзақ ауданы, Бурыл ауылы тұрғындарының көшеге шығып, кешкі уақытта ауызсудың берілмейтінін, көше жарығы мен жол мәселелері бойынша наразылығын білдірген видеолары тарап, қызу талқыға түскен болатын.

– Бурыл ауылында қанша жылдан бері тұрамыз. Бұрын да жарық мәселесін көтергенбіз. Әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Кешкі уақытта балаларымызды ешқайда жібермеуге тырысамыз. Себебі көшелеріміз тастай қараңғы болып тұрады. Жолдың жайы өз алдына бөлек әңгіме. Ал ауызсу тіпті өзекті болып тұр. Су жоқ емес, бар, бірақ қысымы өте төмен. Кейбір үйлерге ауызсу сыздықтап ағып, әрең жетеді, – дейді ауыл тұрғындары.

Наразы халықтың мәселесін көтеріп, аудан әкімдігінен нақты жауап алу үшін сұрау салдық. Олжас Елебекұлы Бурыл ауылдық округі бойынша бүгінгі таңда бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқанын айтты. Округтегі 2300-ден астам аулада шамамен 13 мың тұрғын тұрады. Былтырдың өзінде ғана Бурыл ауылына әртүрлі жобалар аясында 267 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы 4 көшенің жолын жөндеуге, 7 көшені жарықтандыруға, 2 футбол алаңшасын және 1 ойын алаңын орнатуға, сондай-ақ 1 бейнебақылау камерасын орнатуға жұмсалған.

– Ал биыл аудандық мәслихаттың және әкімдік мүшелерінің қолдауымен Бурыл ауылының инфрақұрылымын жақсартуға 500 миллион теңге көлемінде қаражат қарастырылып отыр. Соның ішінде 15 көшені жөндеуге 375 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда мердігер мекеме жұмысқа кірісіп кетті. 5 көшеде жөндеу жүріп жатыр. Сонымен қатар көше жарығын орнатуға 44,7 миллион теңге бөлініп, 6 көшеге жарықшамдары қойылуда. Абаттандыру жұмыстары аясында 3 жоба іске асырылып, тағы 1 футбол алаңшасы салынады. Бұдан бөлек ауыл ішіндегі каналдарды тазалауға да 6 миллион теңге бөлінді.

Ауызсу мәселесіне келсек, округ аумағында 2 ұңғыма бар. Жаз мезгілінде кейбір тұрғындар бұл суды бақша суаруға қолданатындықтан, судың қысымы төмендеп, үйлерге қажетті мөлшерде жетпей қалады. Осы жағдайды шешу үшін арнайы насос орнатып, «Empire» жүйесін енгізу жоспарланды. Бұл мәселе бойынша ауыл тұрғындарымен бірнеше рет кездесу өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Өзім және мәслихат депутаттары да бұл түйткілді арнайы зерделеп, нақты шараларды қолға алып жатырмыз.

Жалпы көтерілген мәселелер бірден шешілмегенімен, әрқайсысы кезең-кезеңімен жүзеге асады. Бүгінде Бурыл ауылында басталған жұмыс соның айғағы, – дейді О.Баққараев.

Айта кетейік, қазіргі таңда аудан орталығы Сарыкемер ауылында 30 мыңнан астам халық тұрады. Бұл қала мәртебесін алуға лайықты көрсеткіштердің бірі. Осыған орай Сарыкемерге қала мәртебесін беру мәселесі де қоғамда қызу талқылануда.

Ресми статистика бойынша Сарыкемерде 32 мыңнан астам адам тұрады. Әрине, аз көрсеткіш емес. Дегенмен, қазіргі таңда басты назар инфрақұрылымды дамыту мен тұрғын үй құрылысын ілгерілетуге аударылып отыр екен. Мысалы, аудан әкімдігі биыл Сарыкемер ауылында 50-ден астам көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлапты. Оның алғашқысы – бір көпқабатты үй осы жылы салына бастайды. Сонымен қатар кезекте тұрған азаматтарға арнап тағы 120 тұрғын үй салынбақ. Яғни, баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Ал елді мекеннің қала құрамына қосылу немесе жеке қала мәртебесін алу мәселесі әзірге қарастырылып жатпаған сыңайлы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар