Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Меркілік оқушылар роботрактор ойлап тапты

Меркілік оқушылар роботрактор ойлап тапты
Автор
Ауылшаруашылығы саласына жаңа инновациялық технологияларды енгізу – маңызды міндеттердің бірі. Осы жолда жамбылдық жас өнертапқыштар да тынбай ізденіп, тың жобаларды жүзеге асыруда. Сөзіміздің жарқын мысалы ретінде Меркі ауданындағы №4 Тілеміс батыр атындағы орта мектептің оқушылары – Ғабдолла Ақсұлтан мен Нұрлыбек Байкөбектің ерекше жобасын атауға болады.

Гүлназ Нұрланқызының ғылыми жетекшілігімен жасалған «РОБОТРАКТОР – 3/1» автономды техникасы – ауылшаруашылығы саласына серпін беретін инновациялық жаңалық. Жоба биылғы оқу жылының ең үздік техникалық шешімдерінің бірі ретінде бағаланып отыр.

Жобаның басты мақсаты – ауылшаруашылығында, әсіресе егіншаруашылығында жиі кездесетін жұмыс күші тапшылығы мен климаттық қолайсыздықтарды азайту.

– Көп жастар ауылшаруашылығына қызығушылық танытпайды, егіншілікпен айналысуға құлшыныс білдірмейді. Біз осы олқылықты технология арқылы толтыруды көздедік. Табиғаттың аптап ыстығына, шаң-тозаңына қарамай жұмыс істейтін, адам еңбегін айтарлықтай жеңілдететін, әрі үнемді құрылғы жасап шыққымыз келді. Осылайша роботрактор жасау идеясы дүниеге келді, – деген жас өнертапқыш Ғабдолла Ақсұлтан техниканың «РОБОТРАКТОР – 3/1» деп аталуының өзіндік мәні бар екенін жеткізді.

Айтуынша, «РОБОТРАКТОР – 3/1» бір уақытта жерді қазу, дән себу және дәннің бетін жабу сынды 3 маңызды функцияны қатар атқара алады. Аталған функциялар автоматтандырылған жүйе арқылы орындалады. Робот арнайы сенсорлы датчиктермен жабдықталған. Датчиктер оған топырақтың күйіне қарай қажетті жұмыстарды дәл әрі тиімді атқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрылғы жанармайсыз, таза электр қуатымен жұмыс істей алады. Бұл – қазіргі замандағы энергия үнемдеу, экологияны сақтау талаптарына толықтай сай келетін шешім.

Ал жетекшісі Гүлназ Нұрланқызы оқушыларының табандылығына, ізденімпаздығына дән риза екенін айтады.

– Оқушылардың тың идея ұсынып, оны жүзеге асыруы – үлкен жетістік. «РОБОТРАКТОР – 3/1» тек бір мектептің жобасы емес, бұл дарынды оқушыларымыздың ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетеді. Осындай жобалар болашақта ауыл экономикасына серпін беретіні сөзсіз, – дейді ұстаз.

Нұрлыбек Байкөбектің айтуынша, жоба тек мектептегі идеямен шектелмейді.

– Алғашқы нұсқасын шағын деңгейде жасап көрдік. Ендігі мақсатымыз – бұл жобаны жетілдіру, өндірістік деңгейге жеткізу. Біз үлкен көлемдегі егістік алқаптарға жарайтын толыққанды робот жасауға ұмтылып отырмыз. Осылайша егіншаруашылығына үлес қосуды қалаймыз», – дейді жас өнертапқыш.

Жоба болашақта аграрлық саланы автоматтандыру, шығынды азайту, еңбек өнімділігін арттыру, жастарды ауыл өміріне тарту сияқты маңызды мәселелерді шешудің негізін қалайды.

«РОБОТРАКТОР – 3/1» – тек ауылшаруашылығына арналған техника емес, бұл – жастардың жаңашыл ойы, ауылды өркендетуге деген ынтасы, ғылымға деген ұмтылысы. Осындай жобалар ауылдан шыққан дарынды жастардың әлеуетін көрсетіп, Қазақстанның болашағы – білімді, жаңашыл ұрпақтың қолында екенін дәлелдейді.

Айжан ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар