Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Айналма жол ақылы

Айналма жол ақылы
Автор
Тараз қаласының айналма жолы ақылы негізде жұмыс істей бастады. Бұл шешім көлік қозғалысын оңтайландыру, жол инфрақұрылымын дамыту және жол күтіміне тұрақты қаржыландыру көзін қамтамасыз ету мақсатында қабылдануда. Жалпы ұзындығы 57 шақырымды құрайтын Тараз айналма жолы еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтетін маңызды көлік бағытының бірі саналады. Жолдың әр бағытында бір қозғалыс жолағы бар, ал әр жолақтың ені – кемінде 3,75 метр.

Ақылы жол енгізудің басты мақсаты – жолды күтіп ұстауға, жөндеуге және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті қаражатты тұрақты түрде жинақтау. Сондай-ақ бұл жоба мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік аясында іске асып отыр. Жолды күтіп ұстау мен қызмет көрсету шығындары пайдаланушылардың өздерінен жиналатын төлемдер есебінен өтеледі. Жол ақысы көлік түріне және төлем тәсіліне қарай есептеледі. Төлем мөлшері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленген айлық есептік көрсеткішке (АЕК) негізделген. 2025 жылы 1 АЕК мөлшері 3 930 теңгеге тең болып отыр.

– Жеңіл автокөліктер үшін бұл жолмен жүру тегін. Яғни жалпы салмағы 2,5 тоннадан аспайтын көлік құралдарына ақы төлеу міндеттелмейді. Ал аталған шектен асатын техникалар жол пайдаланғаны үшін арнайы бекітілген тариф бойынша төлем жасайды. Мысалы 16 орындық шағын автобустар мен жүк көтерімділігі 2,5 тоннаға дейінгі көліктер үшін жол жүру ақысы 390 теңге. Ал 32 орындық автобустар мен салмағы 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктерінен 790 теңге көлемінде төлем алынады. Жүк көтерімділігі 10 тоннаға дейінгі автопойыздар үшін бұл сома 1190 теңге. Сондай-ақ салмағы 10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері ақылы жолмен жүргені үшін 1590 теңге төлейді. Ал 15 тоннадан жоғары ауыр жүк көліктері мен тіркемелі тракторлар үшін бұл мөлшерлеме 1980 теңгеге жетіп отыр. Төлем жасау алдын ала төлеу және кейін төлеу секілді екі түрлі тәсілмен жүзеге асырылады. Алдын ала төлем жасаған жүргізушілерге арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Бұл тәсіл жүйелі түрде төлем жасауға ынталандырып, жүргізушілерге тиімді жағдай ұсынады. Барлық төлем түрлері арнайы терминалдар арқылы немесе онлайн сервистердің көмегімен жүзеге асырылады, бұл жол пайдаланушылардың уақытын үнемдеп, ыңғайлы қызмет алуына мүмкіндік береді, – дейді «Қазавтожол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының мамандары.

Дегенмен ақылы жол жүйесінің енгізілуіне байланысты түрлі пікірлер айтылуда. Жүргізушілердің бірі бұл шешімді қолдаса, енді бірі бағалардың тиімді емес екендігін алға тартуда. Көп жылдан бері көлік жүргізіп жүрген тараздық жүргізуші Ербол Көкімбаев жаңа тәртіп туралы өз пікірін білдірді.

– Соңғы он жыл бойы көлік тізгінінде келе жатырмын. Осы уақыт аралығында еліміздің бірнеше өңірін аралап, жол сапасымен де, қозғалыс ерекшеліктерімен де таныс болдым. Әсіресе халқы тығыз орналасқан елді мекендер мен көлік кептелісі жиі кездесетін қалаларда айналма жолдардың болуы шарт. Тараз қаласын айналып өтетін жолдың республикалық маңызға ие екені белгілі. Жақында бұл жолдың да ақылы жүйеге енгізілгені туралы ақпаратты әлеуметтік желілерден білдім. Жеңіл автокөлік жүргізушісі ретінде бұл жаңалық мен үшін аса ауыр тиген жоқ. Өйткені менің көлігімнің салмағы 2.5 тоннаға жетпейді, ал мұндай санаттағы көліктер үшін төлем мөлшері де көп емес. Алайда жүк көлігін тізгіндейтін жүргізушілер үшін бұл жаңалықтың аса жағымды бола қоймағаны анық. Мәселен, менің бір танысымның жүк көлігінің салмағы шамамен 12 тонна. Егер ол күн сайын осы ақылы жол арқылы өтсе, әр рейске 1590 теңге төлеуі тиіс. Бұл бір айда 40 мың теңгеден астам қаражатты құрайды. Тұрақты түрде жүк таситын жүргізуші үшін бұл – аз қаражат емес. Дегенмен, жол сапасы жөнінде теріс пікір айтуға келмейді. Асфальт жамылғысы тегіс, жол белгілері талапқа сай орнатылған, қозғалыс та біршама ретке келтірілген. Жалпы алғанда, жолдың жай-күйі көңілге қонымды, – дейді Е.Көкімбаев.

Көлік иелеріне қолайлы болу үшін абонементтік жүйе де енгізілді. Бұл жүйе арқылы жолды шектеусіз пайдалану мүмкіндігі беріледі. Абонементтер ай сайынғы және жылдық негізде сатылымға шығарылады. Мәселен айлық абонемент құны 1-ден 5 АЕК-ке дейін, жылдық абонемент құны 12-ден 60 АЕК-ке дейін көлік түрлеріне байланысты беріледі.

Ақылы жол жүйесінің енгізілу мерзімі 20 жылды қамтиды. Аталған уақыт аралығында жиналатын қаражаттар жол инфрақұрылымының сапасын тұрақты түрде сақтау, жол бойындағы сервистік қызметтерді жаңғырту, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын іске асыру бағытында жұмсалады.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар