Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сот саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді

Сот саласында қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейіп келеді
Автор
Тіл – халықтың баға жетпес байлығы, елдіктің басты нышаны. Сондықтан да Қазақстан Республикасының бас құжаты – Конституцияда «қазақ тілі – мемлекеттің барлық аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс жүргізу тілі» – деп нақты көрсетілген.

Республика соттарында қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту бойынша аз шаруа атқарылып жатқан жоқ. Мәселен  Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы «Сот ісін жүргізу тілін» нақтылап, соған сәйкес «Азаматтық істер бойынша сот ісі мемлекеттік тілде жүргізіледі, ал қажет болған жағдайда сот ісін жүргізуде мемлекеттік тілмен қатар орыс тілі немесе басқа тілдер бірдей қолданылады» деп дәйектелген. Яғни, заң тілінің, сот тілінің қазақша сөйлеуіне заңдық тұрғыда кедергі жоқ.

Алайда, сотқа жүгінген азаматтардың көпшілігі әлі күнге дейін арыз-шағымдарын ресми тілде жолдап жатады. Мұның себебі неде? Мемлекеттік тілдің айналасында мұндай ахуалдың қалыптасуына бірнеше мәселе түрткі болып отыр. Біріншіден, азаматтар арызды орысша жазсақ іс тез әрі нәтижелі қаралады деп санайды. Бұл түбегейлі қате пікір. Олай дейтініміз, істердің сапалы қаралуы арыздың қай тілде жазылуына байланысты емес. Заңдарда қазақ тілінен басқа ешбір тілге ерекше басымдық берілмеген. Әрі арыз-шағымды қабылдау, қараудың бірыңғай тәртібі құқықтық тұрғыда жасалған. Сондықтан мұндай үстірт ойлайтындарға түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп тұру артықтық етпейді. Біздің сот тарапынан да түрлі жиындар тұрақты ұйымдастырылып, онда қазақ тілінің өркен жаюына кедергі келтіріп отырған мәселелер талқыға салынып тұрады. Сол арқылы азаматтарға, құзырлы орындарға ой тастауға, жол көрсетуге тырысамыз. Мұндай шаралар бірден нәтиже бермегенмен, тілге деген құрметті біртіндеп қалыптастыруға ықпалы тиеді деген ойдамын.

 Екіншіден, мемлекеттік тілде қаралатын істердің аздығына құзырлы орын өкілдері мен адвокаттар да себепкер. Біздегі қорғаушылардың көпшілігі өз ойын ресми тілде жеткізуге шебер. Содан келіп олар өздері жетік білетін тілде арыз жазып, құжаттарды толтырады. Өз қорғауындағы азаматтың орыс тілін шорқақ білетінін ойламайды. Шынын айтқанда сот тәжірибесінде дәл осындай жағдаймен бетпе-бет келмеген судьялар некен-саяқ. Тараптардың қойылған сауалдарға жауап бермек түгілі, сөзді толық түсінбей тұрғанын көрген судьяға іс жүргізу өте қиын.  Себебі Азаматтық  процестік кодекстің 14-бабының 2-бөлігінде «Сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы (арыз) берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді» деп көрсетілген. Алайда дәл осы кодексте судьяның «Істі сот талқылауына дайындау кезінде екі тараптың да жазбаша өтінішхаты бойынша сот ұйғарымымен сот ісін жүргізу тілін өзгертуге құқылы» екені көрсетілген. Былай қарасаңыз соттың қазақша сөйлеуіне, істердің мемлекеттік тілде қаралуына заңдық еш кедергі жоқ секілді. Соған қарамастан, бұл жерде туындайтын бірнеше түйтілді тағы тізбелемей өте алмаймыз.

Ең алдымен бұл адвокат, заңгерлердің арыз-шағымды тараптар пікірімен санаспай ресми тілде жазуынан туындайды. Заңнамаға сай сот тілін өзгертуге мүмкіндік болғанымен, ол үшін қаншама уақыт кететінін, қаншама құжаттар жасалатынын пайымдау қиын емес. Тіпті, сот тілі өзгермегеннің өзінде істі аудармашы арқылы жүргізуге мемлекеттен қаншама қаржы кетеді. Құжаттарды түсінбеген тарапқа аударып ұсынудың өзі ауқымды жұмыс.  Бұл да уақыт пен қаржы шығынын керек етеді. Соған орай, арыз-шағымды сотқа жолдар алдында азаматтар да, құзырлы орган өкілдері де ойланса дейміз.

 

 Айнұр КЕНЖЕБЕКОВА,

Тараз қалалық сотының судьясы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар