
18 наурыз – қазақ халқының мәдени мұрасын дәріптейтін ерекше күндердің бірі – Ұлттық киім күні. Бұл күн ата-бабаларымыздан мирас болған дәстүрлі киімдерді насихаттау, ұлттық құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу мақсатында белгіленген.
Ұлттық киім – халықтың тарихы мен болмысын айшықтайтын ерекше құндылық. Қазақтың шапаны, кимешегі, сәукелесі, тақиясы мен тымағы – әрқайсысы өзіндік мағынаға ие әрі сәнімен ғана емес, ыңғайлылығымен де ерекшеленеді. Әр өрнегі, әр түсті үйлестіруі терең мағынаны білдіріп, халқымыздың эстетикалық талғамын көрсетеді.
Бұл күннің негізгі мақсаты – жастарды ұлттық киімді киюге ынталандыру, оған деген қызығушылықты арттыру. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы заманауи киімдер де сәнге айналып келеді. Дизайнерлер дәстүр мен заманауи стильді үйлестіре отырып, ұлттық киімдерді күнделікті тұрмысқа енгізуге күш салуда.
18 наурызда мектептерде, жоғары оқу орындарында, мәдени орталықтарда ұлттық киімге арналған түрлі шаралар, байқаулар, көрмелер өткізіледі. Бұл өз кезегінде халқымыздың мол мәдени мұрасын насихаттауға зор үлес қосады.
Ұлттық киімімізді дәріптеу – тарихымызға, дәстүрімізге деген құрмет. Сондықтан бұл күнде әрбір азамат қазақы киім киіп, ата-бабамыздың аманатын жаңғыртуға атсалысқаны абзал. Ұлттық киіміміз ұлықталып, мәңгі жасай берсін!