Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Харбиннен қанжығамыз бос қайтпады

Харбиннен қанжығамыз бос қайтпады
Ашық Дереккөз
Қытайдың Харбин қаласында ұйымдастырылған IX қысқы Азия ойындары мәресіне жетті. Биылғы ақ Азиадада Қазақстан құрамасы 4 алтын, 9 күміс, 7 қола жүлде олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Азия ойындарының ашылу салтанатындағы «Мемлекеттер шеруінде» Қазақстанның көк байрағын шайбалы хоккейден ұлттық құрама мүшесі Әділ Бекетаев пен шорт-трекші Ольга Тихонова ұстап шықты. Ресми ашылу салтанаты 48 мың жанкүйер сыятын Харбиндегі «Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium» стадионында ерекше форматта ұйымдастырылды. Ақ Азиада тарихында алғаш рет ашылу салтанатында жасанды интеллект пайдаланылды.

Ресми іс-шараға Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, қысқы Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларға толағай табыс тіледі.

Жалпы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының 137 атлеті 6 спорт түрінен 10 дисциплинада жарыс жолына шықты. Ал ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені шорт-трекшілер Әділ Ғалияхметов, Айбек Нәсен, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Абзал Әжғалиев, Глеб Ивченко салып, абыройымызды асқақтатты.

Екінші алтын медальді де жанкүйерлер көп күтпеді. Фристайл-акробатикадан ерлер құрамасы қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Команда санында Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов өнер көрсетті. Еске сала кетейік, осыған дейін ақ Азиадада фристайл акробатикадан отандастарымыз алтын медаль алмаған. Осыған дейін күміс пен қола жүлде бұйырған.

Биатлоннан 10 шақырымдық спринтте Владислав Киреев те алтын медаль еншіледі. Айта кетерлігі, бұл сайыста қазақстандық екі спортшы – Владислав Киреев пен Вадим Куралес финалдық кезеңде чемпиондыққа таласты. Соңғы айналымда Киреев қарқынын үдетіп, нысаналарды дәл көздеп, мәреге бірінші жетті. Ал Вадим Куралес күміс жүлдегер атанып, Қазақстан құрамасының табысын еселей түсті. Осылайша, еліміздің биатлоншылары қос медаль олжалап, жанкүйерлерін қуантты.

Жарыстың соңғы күнінде шайбалы хоккейден ел құрамасы тамаша ойын өрнегін көрсетіп, өздерінің Азиядағы абсолютті көшбасшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Финалда Жапония құрамасымен кездескен біздің хоккейшілер қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, 5:0 есебімен айқын жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан құрамасы 5 дүркін Азия чемпионы атанды.

Күміспен күптеліп, қоланы қанағат тұтқан спортшыларға да тоқталар болсақ, конькимен жүгіруде Евгений Кошкин 100 метрлік жарыста тамаша өнер көрсетті. Қарсыластарының көбінен жылдам болғанымен, сәттілік серігі болмай, екінші орынға тұрақтады.

Ал шаңғы жарысында Константин Борцов ерекше төзімділік танытып, соңғы айналымға дейін алтынға үміткерлер қатарында болды. Алайда, финалдық спринтте қарсыласынан қалып қойып, күміс медальді қанағат тұтты.

Қазақстан құрамасы тек жекелей жарыстарда ғана емес, командалық бәсекелерде де жоғары нәтиже көрсетті. Шаңғы жарысынан әйелдер құрамасы командалық эстафетада үздіктер қатарынан көрініп, тек Қытай спортшыларына ғана есе жіберді.

Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы финалда Жапония спортшыларымен кездесіп, жеңіс үшін жан алысып, жан беріскенімен, қарсыластар басым түсті. Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы күміс жүлдені еншіледі.

Ал Олжас Климин шаңғымен жеке жарыста қола жүлдені жеңіп алды. Қарсыластары мықты болғанымен, Климин тактикалық тұрғыдан дұрыс шешімдер қабылдап, мәреге үшінші болып жетті. Командалық сайыста да Қазақстан ерлер құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, үздік үштіктен көрінді. Біздің шаңғышылар ұзақ қашықтықтағы сайыста жоғары қарқынмен жарысты бастап, соңына дейін жүлде үшін таласты. Нәтижесінде, жапониялықтар мен қытайлықтарды алдыға жіберіп, үшінші орынды иеленді.

Қазақстан әйелдер құрамасы да фристайл-акробатиканың командалық жарысында үздік нәтиже көрсетіп, жүлдегерлер қатарына енді. Конькимен жүгіруде Қазақстанның аралас құрамасы мәреге үшінші болып жетіп, командалық есепте тағы бір жүлде иеленді. Жарыс барысында қазақстандық спортшылар жоғары жылдамдық пен үйлесімділікті сақтай отырып, қарсыластарынан қалыспауға тырысты.

Ал биатлонда Қазақстанның ерлер құрамасы командалық жарыста қола жүлде иеленді. Нысана көздеуде жоғары дәлдік танытып, шаңғы жарысында қарқынын жоғалтпаған біздің биатлоншылар қорытынды есепте үшінші орынға тұрақтады.

Еліміз үшін соңғы қола медальді Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанаудан жеңіп алды. Ол керемет көркемдігімен, секіру техникасының тазалығымен ерекшеленіп, жоғары ұпай жинады. Шайдоровтың өнері төрешілер тарапынан жоғары бағаланып, қазақстандық мәнерлеп сырғанау спорты үшін маңызды жетістіктердің біріне айналды.

Спортшыларымыз әр сайыста жақсы нәтиже көрсетуге тырысып, ел намысын абыроймен қорғады. Бұл табыстар – Қазақстанның қысқы спорттағы әлеуетінің дәлелі және алдағы жарыстарға деген сенімді арттыра түсетін маңызды белесі.

Қытайда өткен байрақты бәсекеде Аспанасты елі жалпыкомандалық есепте топ бастады. Екінші орынға Оңтүстік Корея оғландары жайғасты. Ал үздік үштікті Жапония түйіндеді.

Қысқы Азия ойындарында ел спортшылары жаман нәтиже көрсеткен жоқ. Алайда біз бұдан да жақсы көрсеткіштерге қол жеткізе алар едік. Өкінішке қарай елімізде қысқы спорт түрлерінің дамымауы жоғары жетістіктерге жетуге кедергі келтіруде. Жеріміздің табиғат ерекшеліктері қысқы спорт түрлерін дамытуға қолайлы болғанымен инфрақұрылым мен жүйелі қолдау жеткіліксіз болып тұр.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар