“Адам баласының жануарға еліктеп, сол дәрежеге түсуі, төрт аяқтап жүруі, өзін ардақтау емес, қорлау болып саналады. Тіпті адам баласының жануарға еліктеуі түгілі әйел кісінің ер адамға, ер кісінің әйелге еліктеуінің өзі шариғатымызда тыйым салынған. Сондықтан жануарларға тән сипаттарға (ит сияқты үру, есек сияқты ақыру т.с.с.) әдейі еліктеу, төрт аяқтап жүріп, олардың тамағын жеу, іс-қимылдарын істеу Алла Тағаланың жаратқан жаратылысын өзгерту болып табылады. Квадроберге, яғни жануарлардың деңгейіне түсіп, оларға еліктеп дауыс шығаруға, іс-қимылдарын жасауға шариғат бойынша қатаң тыйым салынады”, – делінген ҚМДБ хабарламасында.
Муфтият кейбір жағдайларда, әсіресе балаларға арналған ойындар мен театрлық қойылымдарда, жануарлар мен адамдар арасындағы ұқсастықтардың қолданылуына қатысты түсініктеме берді. Бұл жағдайларда, жануарларға еліктеу немесе олардың мінез-құлқын қайталау квадробер құбылысына жатпайды.
Мысалы, батырды арыстанға, айлакерді түлкіге теңеу немесе сабырлы адамды түйеге ұқсату секілді теңеулер шариғатта тыйым салынған әрекеттерге жатпайды. Бұл салыстырулар символикалық мәнде қолданылып, нақты жануарға еліктеу емес, адамның қасиеттерін сипаттау мақсатында жасалады. Мұндай теңеулердің балаларға арналған ойындарда немесе театрлық қойылымдарда қолданылуы да шариғатқа қайшы келмейді, өйткені олар белгілі бір шығармашылық пен метафоралық тілдің бөлігі болып табылады.
Осылайша, адам баласы жануарлардың іс-қимылдарын қайталап, олардың дауыстарын шығару сияқты әрекеттерден сақтануы керек. Алайда, символдық мәндегі теңеулер мен шығармашылық жұмыстар шариғатқа сай болып табылады.