Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әлемі бөлек Әйгерім

Әлемі бөлек Әйгерім
Ашық Дереккөз
Өзі гүлдей нәзік болса да жаны тастай берік екенін дәлелдеген жамбылдық былғарлы қолғап шебері Әйгерім Сәттібаева – бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы және 2010 жылғы Азия біріншілігінің қола жүлдегері. Шынашақтай келіншек шаршы алаңға шиыршық атып шыға келгенде адамның күші білекте емес, жүректе екеніне иланасың.

Ол ұзақ үзілістен соң 2023 жылы боксқа қайта оралған еді. Әйгерімнің жұбайы – бокстан Рио Олимпиадасына қатысушысы, Азия чемпионы Олжас Сәттібаев. Ерлі-зайыптылар бүгінде 5 бала тәрбиелеп отыр. Биыл Тайланд Корольдігінің Чиангмай қаласында өткен Азия чемпионатында жерлесіміз Әйгерім Сәттібаева бокстан жартылай финалға жолдама алып, Филиппиннің жас спортшысы Магно Офелиядан басым түсті. Жерлесіміз 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өзбекстандық Фарзона Фозиловамен де кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша, төрешілердің шешімімен жеңіс Фарзона Фозиловаға бұйырды, ал Әйгерім Саттібаева Азия чемпионатын қола жүлдемен аяқтады.

– Бесінші сыныпта Тараз қаласына көшіп келдік. 2004 жылы боксқа түбегейлі бет бұрдым. Әкем Ерік Алғабек атты жаттықтырушыға табыстады. Сол залда жүргенімде болашақ жарым Олжаспен таныстым. Ол кадеттер арасында әлем чемпионы атанып, болашағының зор екенін көрсетіп келген кезі еді. Ең алғаш мені көргенде «Әй, сен қызсың ғой! Бокста не істеп жүрсің?» деп айтқаны есімде. Әйелдер боксынан Қазақстанның тұңғыш чемпионатына жасым жетпегендіктен қатыса алмадым. 14 жасымда Көкшетауда өткен жасөспірімдер чемпионатында жеңіске жетіп, бір айдан соң Вадим Присяжнюг мені ересектер арасындағы жаттығу жиынына шақырды. Сөйтіп, жиында бапкерлердің көзіне түсіп, ұлттық құрамаға қабылдандым. Көп ұзамай ересектер арасында да жеңіске жетіп, өзгелерден оқ бойы озық екенімді көрсеттім. Кейін халықаралық жарыстарға қатыстым. Азия чемпионатында қола жүлдегер атандым. Осындай додаларда жеңіп алған жүлделерім ел мерейін үстем етуге септігін тигізетініне сенімім мол. Биіктерді бағындыру үшін барымды салып бағып, бар қуатымды жұмсаймын. Спорт саласында жеткен жетістіктерімді барша қазақ ұлтына арнаймын, – дейді Әйгерім.

Бір қолымен бесікті тербете жүріп, былғары қолғабын да ұмытпаған ол ыдыс жуып жүріп те рингті ойынан бір сәтке де шығарған емес. Аналық һәм келіндік өмірдің қиындығына бойұсынбай, әрі спорттан жеңіске жетіп жүрген жұбайының да жағдайын жасап, арасында жаттығып та үлгеретін боксшы әйел әлі талай биікке жетуді мақсат тұтады. Ол үшін қола жүлде жаңа қадамның бастамасы болып тұр. Алдағы уақытта ол талай асуды бағындырып, шаңырағына алтынмен оралу үшін тер төкпек.

Түрлі кезеңдерді басынан кешірген Әйгерім өмірлік серігі спорттан жетістікке жетіп, биік белестерді алаңсыз бағындыруы үшін өзі кейін шегініп, жолдасына жол бергенін жасырмады. Бірақ бокс десе ішкен асын жерге қоятын жас келіншекке жүрегіндегі асқақ арман маза бермей, бокс алаңына қайта алып келеді. Енді оны күйеуі Олжастың өзі жаттықтыра бастады. Осылайша бокстағы жолы қайта жалғасып, ел спартакиадасында және Испаниядағы халықаралық турнирде күміс жүлдені иеленеді. Бала кезінде кездескен қос спортшының достық сезімі есейе келе махаббатқа ұласып, шаңырағын шаттыққа толтырып, дүниеге бес перзент алып келеді.

– 19 жасымда өзім спорттағы жетістіктеріне қызыға қараған Олжасқа тұрмысқа шықтым. Кейін дүниеге тұңғышым келді. Сөйтіп, бокстан қол үзіп қалдым. Дегенмен араға уақыт салып, рингке қайта оралдым. Үй тірлігіне, яғни тамақ пісіріп, қамыр жаюға дейін енем үйретті. Салт-дәстүрді берік ұстанған отбасыға сіңіп кеттім. Мен спорт пен асүйдің, ата мен ененің, бала мен өз жаттығуымның ортасында шыр айналып жүргенімді сеземін. Және маған бұл үлкен шабыт алып келеді. Бокс дегенде жүрегім алабөтен елжірейді. Күйеуім менің рингті аңсап жүргенімді түсініп, қолдау білдіріп, жаттықтырудан жалыққан емес. Асу-асу белдер мен биік белестерді бағындырар күн әлі алда. Ақ жаулықты аналар мен асқар тау әкелер елжірей маңдайымнан сүйіп, көздеріне жас алып, жетістігіме алғыс айтқанда мен өзімнің спортта бекер жүрмегеніме көзім жетті, – дейді Әйгерім Сәттібаева.

Жұдырығы қатты, қайсарлығы мен рухы асқақ келіншекке «Спортта жаққан шамшырағың сөнбесін!» дегіміз келеді.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар