Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Республикада топ жарды

Республикада топ жарды
Ашық Дереккөз
Қазақ тарихында Алаш қайраткерлерінің орны қашанда бөлек. Олар халқымыз үшін тағдыршешті күрделі кезеңде «Оян, қазақ!» деп халқына үндеу тастап, білім-ғылымға шақырды, қазақтың өзге елдермен терезесі тең болғанын қалады, елдіктің іргесін қайта көтермекке Алашорда үкіметін құрды. Оның ғұмыры қысқа болғанымен қазақ тарихында алар орны ерекше. Алаш қайраткерлерінің сол мұрасына әр қырынан зерттеу жүргізіп, насихаттау мақсатында «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы биыл он үшінші мәрте ұйымдастырған «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауының қорытынды кезеңі Қарағанды қаласында өтіп, біздің облыстан барған екі қатысушы жүлделі оралды.

Байқаудың басты мақсаты – Алаш қозғалысының саяси тәжірибесін, экономикалық ұстанымын және рухани мұрасын қазіргі Қазақстан қоғамын жаңғырту контексінде зерделеу мен насихаттау болып табылады. Байқаудың бірінші кезеңінде 4 аталым бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен 250 ғылыми жұмыс қабылданған болса, қазылар алқасы әр бағыт бойынша үздік шыққан 10 жұмысты (барлығы 40 жұмыс) іріктеп алды. Олар 16 қарашада Қызылорда қаласында өткен байқаудың екінші кезеңінде өзара сайысқа түсіп, үздік деп танылған 14 жұмыс ақтық бәсекеге жіберілген болатын. Байқаудың қорытынды кезеңі Алашорда үкіметінің құрылған күні мен Қазақстан Республикасының тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында өтті.

«Ақ жол» партиясының төрағасы А.Перуашев бастаған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, белгілі алаштанушы ғалымдар, саясаткерлер қатысып, қазылық еткен бұл байқауға Қордай ауданынан №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Елнұр Әскенұлы бақ сынап, финалдық кезеңге жолдама алған-ды. Ол «Алаш қайраткерлерінің Алаш республикасының мемлекеттік құрылымы туралы идеясы және оның қазіргі Қазақстан үшін өзектілігі» аталымы бойынша «Алаштықтардың ар-ождан бостандығы туралы идеяларының тәуелсіз Қазақстанның заңдарымен үндестігі» тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жазған еді. Жұмысты әзірлеу барысында Е.Әскенұлы Алаш қайраткерлерінің саяси құқықтық, әдеби-рухани мұраларына, Қазақстан Республикасының заңдарына, халықаралық құқықтық құжаттарға зерттеу жүргізіп, өзінің білімі мен білігін сындарлы сында лайықты көрсете білді. Соның нәтижесінде аталмыш номинация бойынша ол І орынды жеңіп алып, «Ақ жол» партиясы тарапынан арнайы дипломмен, 500 мың теңгелік сыйақымен және медальмен марапатталды.

– Байқау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Оған қатысушылардың Алаш қайраткерлерінің мұрасын әр қырынан талдаған құнды ғылыми жұмыстарымен таныстық, өзара тәжірибе алмастық. Қазылардың айтқан ой-пікірлері де біз үшін мол тағылым болды. Сонымен қатар байқау кезеңдерінде тарихи, танымдық экскурсиялар да ұйымдастырылып, Қызылорда, Қарағанды қалаларының тарихи орындарын тамашаладық, – дейді әсерін бөлісе отырып Елнұр Әскенұлы.

Ал екінші жүлдегер Тараз қаласындағы №8 гимназияның мұғалімі Қанат Бердалиев «Алаш республикасы – алдыңғы қазақ мемлекеттері (Көне Түркі қағанаттары, Ұлық ұлыс, Алтын орда, Қазақ хандығы) мен қазіргі тәуелсіз қазақ елінің заңнамалық сабақтастығын жалғайтын көпір» аталымы бойынша ІІ орын иеленгенін де айта кетейік.

Біз тұғыры биік байқаудан жүлделі оралған жерлестерімізді жеңісімен құттықтай отырып, ғылыми-педагогикалық қызметтеріне мол шығармашылық табыстар тілейміз.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

ардагер журналист,

Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар