Ақмола облысы еліміздегі басты туристік бағыттардың бірі ретінде ерекше орын алады. Аймақ тек астықты өңір ретінде ғана емес, табиғи көркем жерлерімен де танымал. Оның ішінде Бурабай мен Зеренді курорттық аймақтары және Қорғалжын қорығы туристерді қызықтыратын басты нысандар қатарында. Бурабай курорты Қазақстандағы туризмді дамытудың негізгі үш орталығының бірі болып белгіленген.
Облыс әкімі Марат Ахметжановтың мәлімдеуінше, 2025-2029 жылдарға арналған Бурабай курортының жаңа даму концепциясы әзірленуде. Бұл жоба Президенттің тапсырмасы аясында Үкіметтің қолдауымен іске асырылмақ. Аталған концепция аймақтағы туризмнің қарқынды дамуына серпін беруді көздейді.
Сонымен қатар Бурабайда бірқатар жаңа нысандар іске қосылғаны жайлы да айтылды. Атап айтқанда, «Атырау Авеню» демалыс аймағы және ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін «Тары Бурабай» этно-рестораны ашылды.Ал, шағын авиацияны дамыту шеңберінде 2024 жылдан бастап курорттық аймақта тікұшақпен шолу саяхаттары ұйымдастырылады деп жоспарлануда.
Бұл бастамалар Ақмола облысының туристік тартымдылығын арттырып, Қазақстанның ішкі және халықаралық туристік әлеуетін нығайтуға бағытталған.