Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Махаббат, қызық мол жылдар...»

«Махаббат, қызық мол жылдар...»
А.Қартабай
Студенттік өмір туралы сөз қозғалғанда толғанбайтын жан жоқ шығар, сірә? Өйткені мектеп қабырғасынан кейін басталатын кезең адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Ата-ананың қасынан жырақ кетіп, жаңа ортаға тап болған жастың алдында беймәлім болашақ күтіп тұрады. Дейтұрғанмен таңдау әркімнің танымы мен пайымына байланысты.

Үздік үлгерім көрсетіп, үлгілі тәртіппен көзге түссең көшбасшылардың көшіне ілесесің. Таланттардың да танылатын тұсы осы. Өйткені өз бетінше өмір сүруді бастаған өрендер кей-кейде сезімге ерік беріп, қиялын қияға қалықтатады. Ғашықтықты бастан кешіріп, ғаламат ғазалдарын қағаз бетіне түсіреді. Бірде аш, бірде тоқ жүрген күндердің де, жүрексіне тапсырған емтихандардың да естен кетпейтіні тағы бар. Одан бөлек жатақхана мен көше қызықтары да жетерлік. Студенттік өмір сонысымен құнды, сонысымен ыстық.

Жастық шақтың осы бір аяулы жылдары туралы ақын-жазушылар да аз жазған жоқ. Осы орайда белгілі ақын Шөмішбай Сариевтің «Студенттік өмір» атты өлеңі де көп жайтты аңғартып тұрғандай:

Оралмас студенттік бал шақтарым,

Отырам-ау мен ертең аңсап бәрін.

Көрсем де қуаныштың шұғыласын.

Білмедім көзімнен жас қанша аққанын.

Бес рет бүршік жарды мына шыбық,

Көктеммен арманымның гүлі ашылып.

Бара жатты жастық шақ айдыны ұшан,

Білімнің теңізіне құлаш ұрып.

Уақыт бір-бір ұшып көздерімде,

Сан рет самғап ұштым өз көгімде.

Қоштасып қалып жатты қайран менің,

Қыздарға ғашық болған кездерім де.

Сезімнің тамшысы боп дір-дір еткен,

Албырт кез балбұлақтай жылжып өткен.

Ғалым, ұстаз білімін қастерледім,

Қызды да сүйе білдім бұл жүрекпен.

Тағдырыңды өмірлік қоспасаң да,

Ыстық боп көрінеді дос қашан да.

Достарыммен табысқан жатақханам,

Шынымен мен сенімен қоштасам ба?

Студенттік өмірім – шырын бе едің?

Тәттіліктен сен бәлкім білінбедің.

Менен де бақыттырақ көрінеді,

Оқуға биыл түскен інім менің!

Иә, қызығы мен шыжығы қатар жүретін студенттік өмірдің орны бөлек. Ең бастысы, ілім алу жолында іздене түсіп, ілгері ұмтыла берген абзал. Сонда ғана биік белестерді бағындыра беретіндігіміз сөзсіз. Облыстық жастар ресурстық орталығының мәліметіне сүйенсек, аймақта 40 мыңнан аса студент бар екен. Мысалы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде 13 867 студент оқып жүрсе, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында 7 392 студент білім алуда. Ал 22 арнаулы орта оқу орнында жалпы 18 999 студент тіркелген. Күні ертең-ақ осы студенттердің бір-бір саланың тізгінін ұстап, егемен еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосатындығына кәміл сенеміз.

Жалынды жастық шақтың жарқын сәттері Халықаралық студенттер күнімен де тығыз байланысты. Бұл мерекені әрбір студенттің асыға күтетіндігі белгілі. Осынау айтулы датаға орай жастар басылымының ұжымы қызықты да мазмұнды мақалалар топтамасын ұсынып отыр. Әсіресе Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның студенттік күнделігіндегі жазбалар кім-кімді де бейжай қалдырмайтындығы даусыз. Сондай-ақ «Біз де студент болғанбыз» айдары аясында сағынышқа толы сәттердің естелігін жариялауды жөн көрдік. Сонымен қатар студенттер шығармашылығымен де, жастардың жан жадыратар жетістіктерімен де таныса аласыздар.

Ендеше, студенттер, мереке құтты болсын! Өркениет биігіне құлаш сермеп, өрлей беріңіздер!

РЕДАКЦИЯ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар