– Мәселен, өткен жылы техника мен жабдықтарды сатып алуға республикалық және жергілікті бюджеттерден 15,9 миллиард теңге бөлініп, 526 өртке қарсы және патрульдік техника сатып алынды. Биыл еліміздің орманшаруашылығы тарихында алғаш рет 1 384 өртке қарсы техника мен 921 тіркеме және аспа жабдықтарын сатып алуға 52 миллиард теңге, оның ішінде лизинг есебінен 40 миллиард теңге бөлінді. Бұл шаралар еліміздің өртке бейім өңірлеріндегі орман қорғау мекемелерінің жарақтандырылуын 100 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндік береді, – деді Ерлан Нысанбаев.
Министрдің айтуынша, еліміздегі 900 мың гектар мемлекеттік орман қоры орман өрттерін ерте анықтау жүйелерімен қамтылған. Келесі жылы 3,1 миллиард теңге сомасына осындай жүйе «Семей орманы» резерватында енгізіледі деп жоспарланып отыр. Министрліктер мен әкімдіктердің 12 мекемесі анықталған жүйені 24 миллиард теңге мөлшерінде лизингтік қаржыландыру есебінен орнатады.
Жалпы тілсіз жаудан келетін қауіптің алдын алу үшін арнайы көліктер мен құрал-жабдықтардың сақадай сай болуы аса маңызды. Алайда материалдық-техникалық базаның әбден ескіруі төтенше жағдайлар кезінде түрлі мәселелер туындатуда. Мәселен, өткен жылы Абай облысында орын алған өртті сөндіру кезінде орманшаруашылығының 14 жұмысшысы ажал құшты. Семей орман резерватынан басталған өртті алғашында аймақтағы төтенше жағдайлар қызметкерлері мен орманшылар өз күшімен сөндіруге әрекет еткен. Бірақ біраз уақыттан бері жауын көрмей, ыстықта құрғап тұрған ағаштар аз адамға күш бермеген. Ұйтқыған жел өрттің тез жайылып, жан-жаққа таралуына түрткі болған. Апат салдарынан бірнеше үй мен техника жанып кетті.
Қарағанды және Павлодар облыстарындағы дала өрті де бірнеше күннен кейін бір-ақ ауыздықталды. Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы дала өртін сөндіру барысында өртсөндірушінің қаза тапқаны қалың елдің қабырғасын қайыстырды.
2024 жылы елімізде 10 облысты су басып, төтенше жағдай жарияланған болатын. Су тасқыны кезінде де қаншама адам ажал құшып, тұрғындар тұрғылықты баспаналарынан айырылды. Яғни техникалардың тапшылығы, керекті жабдықтардың жоқтығы, мамандарға жағдайдың жасалмауы құтқарушыларды қиындыққа тірейтіні анық.
Осы орайда өңіріміздегі ахуалды білмек мақсатта облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қайырылып, материалдық-техникалық базаның жай-күйімен танысқан едік.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбековтің айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде жалпы 147 өрт сөндіру автокөлігі бар. Нормаға сәйкес 197 техника болуы керек, яғни техникамен жабдықталу деңгейі 74 пайызды құрайды.
Бүгінгі таңда өрт сөндіру қызметі – 125, жедел құтқару жасағы – 17, апаттар медицинасы орталығы 8 реанимациялық автокөлікпен қамтылған.
Руслан Орынбеков департаменттің өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерін техникамен жабдықтау республикалық және жергілікті бюджет есебінен қаржыландыру арқылы жүргізілетінін айтады.
– Республикалық бюджеттен қаржыландыру Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетімен сатып алу арқылы және облыстарға бөлу тәртібімен кезең-кезеңімен бөлінеді. Жергілікті бюджеттен арнайы техникаларды сатып алу үшін 2024 жылы 274 миллион 600 мың теңге қаражат бөлінді. Ал 2025 жылы арнайы техникаларды сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен 1 миллиард 662 миллион 730 мың теңге қаражат бөлу жоспарланып отыр. Департаменттің құрылымдық бөлімшелеріне 2020-2023 жылдар аралығында республикалық бюджеттен 28 және жергілікті бюджет есебінен 21, барлығы 49 техника сатып алынды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментін техникалық жарақтандыру кезінде өңірдің географиялық, климаттық жағдайы және өзге де ерекшеліктері ескеріледі. Мысалы, облыс орталығы Тараз қаласында көпқабатты ғимараттардың (10 қабаттан жоғары) құрылысы қарқынды жүргізілуі «АЛ-55» өрт сөндіру автосатысын немесе «АКП-50» автоиінді көтергішті сатып алу қажеттілігін туындатуда. Бүгінгі таңда Тараз қаласының аумағында 7 биік ғимарат бар. Осыған байланысты қазіргі таңда облыстың өртке қарсы қызметі гарнизонының жарағына «АЛ-55» өрт сөндіру автосатысын немесе республикалық бюджет қаражаты есебінен «АКП-50» автоиінді көтергішін сатып алу мәселесі қарастырылуда, – дейді Руслан Орынбеков.
Әрине, ел қауіпсіздігін ойлау бірінші орында болуы тиіс. Тілсіз жауға тоқтау болмаса да сақтық шараларын күшейтуіміз керек. Техниканың жетіспеушілігі төтенше жағдай кезінде қол байлап жатқанын көзіміз көріп жүр. Сол себепті төтенше жағдайлар кезінде жедел жұмыс жүргізу тәртібін жетілдіріп, материалдық-техникалық базаны нығайтып, қауіпсіздікке баса назар аударуымыз қажет.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ