Еліміз заманауи компьютерлік технологиялардың қарқынды дамуы нәтижесінде қауіпсіз өндіріске қол жеткізіп, қолжетімді ақпарат алмасу жеделдетіліп, жұмыс жасау жеңілдей түсті. Орта білім мекемелері мен жоғары оқу орындары цифрлы жүйеге толыққанды ауысып келеді. Сонымен қатар цифрлы жүйеге білім ошақтарынан бөлек, кітапханалар да бет бұруда.
Цифрлы дәуірге аяқ басып, әлеуметтік желілер қолданысқа енгелі кітап оқу артта қалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Арзан күлкі, жеңілтек жаңалықтарға толы желілерде мұндай құнды дүниеге қызығушылық қаншалықты жоғары деген ойға қаламыз. Дегенмен кітапхана орталықтары бұл мәселенің шешімін тапқандай. Оқырмандардың қызығушылығын оятып, әлем классиктерінің, қазақ ақын-жазушылары мен біртуар батырлардың өткен өмірін суреттей отырып, жүріп өткен даңғыл жолы мен еткен еңбектерін желі беттерінде жариялап, оқырмандардың кітапқа деген құштарлығын оятуда.
Оқырмандарға көрсетілетін қызметтер қатарын толықтыратын ыңғайлы құралдардың бірі – кітапхана сайты. Енді кітапханаға бармайақ қалаған оқулығыңызды сайт арқылы табуға болады. Жауапты мамандар пайдаланушылармен кері байланыс орнатып, электрондық каталогтар мен дерекқорларды ұсынады. Сонымен қатар кітапхана жаңалықтарымен, қорға түскен әдебиеттермен танысуға мүмкіндік бар.
Осы орайда Тараз қаласы бойынша орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің libr.e-taraz.kz сайты қолданушылар үшін қызмет көрсетуде. Кітапхананың әлеуметтік медиадағы басты мақсаты – оқырмандарға қолжетімді болу. Әрине, бұл мақсатқа түрлі жолмен жетуге болады. Оқырмандар кітапханаға әртүрлі сұраныстармен келеді. Бірі жаңа кітап іздейді, бірі кітапхананың өзі мен оның жұмысына қызығушылық танытады, сайтты анықтамалық ресурс ретінде белсенді пайдаланады.
Сайт бетіне оқырмандардың назарын аудару үшін кітапхана әртүрлі айдарларды үнемі жаңартып отырады.
«Ай кітабы» айдары оқырмандарға отандық классиктердің үздік туындыларын ұсынады. Жаңалықтар лентасын қалыптастырудың негізгі қағидасы – кітапхана мен оның филиалдарында мазмұнды және қызықты іс-шаралар ұйымдастыру. Бұл іс-шаралар аясында қала мен облыстың танымал адамдары шақырылып, кездесулер өткізіледі, сондай-ақ жаңа кітаптардың тұсаукесерлері жасалады. Әрбір іс-шараға арнайы безендірілген кітап көрмесі дайындалып, сайтта көрсетіліп отырады.
Бұл жүйелі әрі бір-бірімен байланысты идеялар кітапхана қызметін қолдауға және оқырмандар арасында әдебиетке қызығушылықты арттыруға бағытталған.
Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі сайтының ең танымал айдары – «Кітапханашыдан сұра» виртуалды анықтама қызметі. Мұнда сізге керек кітаптың бар немесе жоқ екендігі туралы біліп, кітапханашылардан кеңес алуға мүмкіндігіңіз бар.
Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдердің ұялы телефонға тәуелділігінің алдын алу мақсатында пайдалы ақпараттар беріледі. «Қазіргі қоғамды зерттеу, бисер тоқу және әлеуметтану негіздері бойынша кітаптар тізімі» деген тақырыптарда библиографтар әртүрлі сұрақтарға жауап береді. Бұл жерде келіп түскен сұраныстарға тез арада жауап берілуі маңызды.
Мамандар сайтты үнемі қолданатын пайдаланушыларға виртуалды көрмелерді ұсына отырып, «Виртуалды кездесулер» ұйымдастырылады. Биыл Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты виртуалды көрме оқырмандардың назарына ұсынылды. Көрме бетінде жазушының шығармашылығына қызығатын оқырмандарға қаламгердің «Менің атым Қожа», «Аяжан», «Жекпе-жек», «Ергежейлі еліне саяхат» секілді ең жақсы туындылары көрсетілген.
libr.e-taraz.kz сайтында «Өлкетану» айдары да жүйелі жүргізілуде. Мұнда өлкеміздің танымал тұлғалары, еңбек адамдары, спорт және өнер жұлдыздары туралы мағлұматтар қамтылған. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арнап кітапхана сайты «Ғажайып кітап әлемі» айдарын ұсынып, қызықты кітаптарға шолулар жасайды. Жас оқырмандар кітаптарының беттерін қарап отырып, әйгілі шығармалардың қызықты кейіпкерлерімен танысады. Питер Пен, кішкентай Мук, Том Сойер, Алдар көсе сынды кейіпкерлер оқиға көркін қыздырады.
Ақпарат кеңістігінде кітапхана каталогтары қорды пайдаланудың ізденісі мен ақпарат көздерімен қамтамасыз етудің негізгі құралы болып саналады. Кітап оқуды насихаттауда электронды ресурстар үлкен рөл атқарады. Ең негізгілерінің бірі – Тараз қаласы орталықтандырылған көпшілік кітапханашылар жүйесінің электронды каталогы. Бұл ресурс пайдаланушыларға тәулігіне 24 сағат онлайн режимде қолжетімді. Тараз қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Ұлбосын Сәулебаеваның айтуынша, Абай атындағы орталық кітапхана, М. Әуезов атындағы кітапхана, №5, №6 кітапханалар кітап қорындағы мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалаларды электронды форматқа көшіріп сақтауда. Сондай-ақ аталған көшірмелерді оқырмандардың сұранысы бойынша ұсыну мақсатында цифрландырылған ақпараттық орталықтар ашылған.
– «Оңтүстік меридиан» дерекқорын толықтыру жұмысы бойынша мерзімді басылымдар беттерінде жарияланған мақалалардың толық мәтіндері электронды нұсқада жинақталып, кітапхананың дерекқорына 21 132 құжат енгізілген. Электрондық каталогпен іздеу әртүрлі параметрлер бойынша жүзеге асырылады. Электрондық каталогта 500 000-нан астам жазба бар. Олар мерзімді басылымдардан, аудио-визуалды және электрондық материалдардан алынған мақалалар. Кітапхана имиджін көтерудегі кітапхана сайтының рөлі үлкен. Пайдаланушыларға қойылған мәліметтер үнемі қызықты, тартымды болуы керек. Ең басты мақсат – оқырмандардың назарын аударып, эмоционалды серпіліс тудырып, оқуға деген қызығушылықтарын ояту, – дейді Ұлбосын Сәулебаева.
Облыс қаламгерлерінің шығармаларын насихаттау мақсатында «Құнды өлкетану құжаттарын цифрлау » жобасы жоғары деңгейде жұмыс істеуде. Аталған жоба аясында кітапханалардың кітап қорынан 35 жергілікті ақын-жазушының шығармалары келісімшарт арқылы 93 атаумен, оның ішінде мемлекеттік тілде 69 атаумен цифрландырылып, электронды форматқа енгізілді. Сонымен қатар облыстық тарихи-өлкетану музейінің мұрағатынан фотоқұжаттарды цифрлау бойынша «Фотоархив» дерекқорына 10 315 фотоқұжат енгізілген.
Бүгiнгi тaңдaғы қoғaмдық өзгерістер кітапханалардың жаңа бағытта жұмыс істеуін талап етеді. Елдің рухани дамуы мен кемелденуі мәдениеттің қарқынды дамуымен ұштасып жатыр. Кітапхана – дүниeдe eштeңeге тeңeстiрiлмeйтін білім бұлaғының көзi, пaрaсаттылық пeн бiлiмдiліктiң, бiлiктiліктiң киeлі oрдaсы. Жас ұрпаққа кітап оқудың маңыздылығы, үлкен мақсатқа жету жолында кітаптың қосар үлесі мол екендігін дәріптеу –баршамыздың ортақ парызымыз.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ