Біздің округіміз ауылшаруашылығы саласына бейім аймақ, әсіресе малшаруашылығын дамытуға өте қолайлы. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту, елді мекендерді абаттандыру, ұлттық рухани құндылықтарды қайта жаңғырту – қашанда назарымызда.Жайылма ауылдық округі 1992 жылы 20 ақпанда құрылған. Жалпы аумағы – 348,8 мың шаршы шақырымды құрайды. Округ құрамына Жайылма, Қызылдиқан, Маятас, Ақтам ауылдары кіреді. Осы елді мекендерде барлығы 3 920 адам тұрады.Әкім аппараты жанынан арнайы құрылған комиссия үнемі халықтың тұрмыс жағдайын зерделеп отырады. Соған сәйкес биыл орта есеппен 23 отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіліп, 11 900,0 мың теңге қаражат берілді.Жыл басынан қоғамдық жұмысқа 24 адам тартылып, 16 059 750 теңге төленді.Жалпы округте 3 орта мектеп, 3 клуб, 3 кітапхана, 1 балалар өнер мектебі, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, 2 фельдшерлік пункт, ветеринарлық пункт, Бөрібек Тоғызақбаев атындағы спорт мектебі, күрес мектебі, «Балауса» бөбекжай- балабақшасы, «Қызғалдақ» және «Жұлдызай» шағын орталықтары, «Қазпошта» акционерлік қоғамының бөлімшесі, учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетуде. Сонымен қатар 3 мешіт тіркелген.Дана қазақта «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген ұлағатты сөз бар.
Біз болашағымыздың баянды болғанын қаласақ, балалардың тәрбиесіне бүгіннен жіті көңіл бөлуіміз керек. Ауылдық округтерде орналасқан мектептерде 796 бала білім алады. Барлық мектеп 3 заманауи модификациялық кабинетпен жабдықталған. Маятас ауылында орналасқан Донда Сенбин атындағы орта мектептің құрылыс жұмыстары 2023 жылдың 15 желтоқсанында басталып, биылғы Білім күні пайдалануға берілді. Бұл мақсатқа жалпы 380 миллион теңге бөлінген болатын.Сонымен қатар 1 мектептен тыс мекемеде оқушылар қосымша білім берумен қамтылған. Ал мектепке дейінгі тәрбие мәселесіне келсек,1 балабақша мен шағын орталықтарда барлығы 125 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ спорт саласында да жетістіктер жетерлік. Ауылдың жеткіншектері әртүрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарып, мерейімізді үстем етіп жүр. Биыл жыл басынан бері округте 31 спорттық іс-шара ұйымдастырылды.
Жоғарыда аймақтың ауылшаруашылығына қолайлы екендігін атап өттім. Расында да округ тұрғындары қызы-жазы бір тынбай, еңбек көркін қыздыруға бейімделген.Бүгінде ауылшаруашылық бағытында 97 шаруа қожалығы тіркелген болса, оның 83-і тұрақты жұмыс істеп тұр. 50 шаруа қожалығы егіншаруашылығымен, 33 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысады. Соның нәтижесінде төрт түлік саны да жылдан-жылға артып келеді. Қазіргі таңда жеке тұрғындар және шаруа қожалықтарда барлығы 4 403 мүйізді ірі қара, 18 708 қой-ешкі, 1 203 жылқы, 1 486 түйе бар. Ауылшаруашылық жануарларына сырға салынып, қозғалысы статистикалық есепке алынған. Тұрақты қадағаланып отырады.Шаруа қожалықтары мен жеке ауладағы малдардың барлығы белгіленген тәртіп бойынша эпизоотияға қарсы емделуде.Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қорғау, кене шағудың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жоспарлы жүргізіліп, Жайылма, Қызылдиқан, Маятас, Ақтам ауылдары мен малшы ауылдарды дәрілеу жұмыстарының бірінші, екінші, үшінші кезеңдері толығымен аяқталды.Биыл жоңышқа 719, жүгері 169, бақша 40, картоп 10, көкөніс 21, бидай 450, арпа 700, мақсары 1 700 гектарға егіліп, лайықты өнім алынды.
Дегенмен егіс егу науқанында судың тапшылығы кедергі келтіріп жатқанын айтуымыз керек. Сонымен қатар «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Жамбыл облыстық филиалының аудандық өкілдігі тарапынан келісімшарт жасау кезінде зерделеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі туындауда.Әлеуметтің әлеуетін арттыруда мемлекеттік бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан көмегі көп. Мысалы, «Ауыл аманаты» жобасы аясында атқарылған жұмыс ауқымды. Жоба бойынша жалпы 925,9 миллион теңгеге 164 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Оның ішінде бірінші бағыт – үй іргесіндегі егістік жерлерді игеруге 4,2 миллион теңге және 2 отбасылық жылыжай салуға 15 миллион теңге бөлінді. Екінші бағыт – ауладағы малшаруашылығын дамыту үшін 155 жоба мақұлданып, 2 127 бас мал басын сатып алуға 730,2 миллион теңге қаралды. Үшінші бағыт – ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру үшін кооперативтің өз қаражаты есебінен 23,8 миллион теңге бағытталды. Төртінші бағыт – құрылған кооперативті жабдықтауға 21 дана ауылшаруашылық техникасын сатып алу көзделіп, 135,9 миллион теңге игерілді. Ал бесінші бағыт – шағын кәсіпкерлікті дамытуға ниетті 7 жоба іріктеліп, 40,6 миллион теңге игерілді.
Енді нақты нәтижелерге тоқталсақ, «Ауыл аманаты» жобасының бірінші бағыты «Үй іргесіндегі егістік жерлерді игеру» деп аталады. Жобаға дейін 328 аулада егістік жер игерілсе, жобадан кейін олардың саны 56,7 пайызға артқан. Яғни 514 аула егістік жерді игеруге кірісті. Игерілетін егістік алқап 20,2 гектардан 24 гектарға жетті. Нәтижесінде жалпы алынған өнім 524,6 тоннаны құрап, 2,5 есеге артты.Құрылған кооператив арқылы ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі егістік жерлерін игеруге 3,6 миллион теңге несие алынып, 121 аулада 1000 түп алма ағашы отырғызылды. «Ауладағы малшаруашылығын дамыту» деп аталатын екінші бағыт бойынша да ауыз толтырып айтуға болады. Жобаға дейін 492 аула малшаруашылығымен айналысса, қазіргі уақытта 514 аула төрт түлік өсірумен айналысуда. Яғни көрсеткіш 4,5 пайызға ұлғайған. Бүгінгі күнге жалпы ауладағы мал басының саны 10 101-ден 12 228 басқа жетті. 135 кәсіпкер басқа өңірлерден 2 073 бас мал сатып әкелді. Оның ішінде 558 мүйізді ірі қара, 994 уақ мал, 421 жылқы, 153 түйе бар.
Сонымен қатар Жайылма ауылдық округінде атаулы әлеуметтік көмек алатын 12 отбасы бар. Сол он екі отбасының ішінде 3 отбасы несие алып, өз істерін дөңгелетуде. Қалған 9 отбасы несие алудан түрлі себептермен бас тартқан.Үшінші бағыт – «Ауыл сыртындағы егістік жерлерді игеру». Жоба бойынша құрылған кооперативте 558,0 гектар егістік, 10468,0 гектар жайылым, 100,0 гектар шабындық жер бар.Бұл бағытта кооператив 23,8 миллион теңгеге өз қаражаты есебінен 45 тонна тұқым, 20 тонна тыңайтқыш, 35 тонна жанар-жағармай алды. Ауылдағы 12 ұсақ шаруа қожалығы кооперативпен бірлесіп жұмыс атқаруда.Төртінші бағыт бойынша «Құрылған кооперативті жабдықтау» көзделгені белгілі. Осы орайда 21 дана ауылшаруашылық техникасын алу жоспарланды. Бүгінде «МҚҰ-Тараз» ұйымы арқылы 140,8 миллион теңгеге 20 дана ауылшаруашылық техникасы алынды. Олардың қатарында 3 трактор, түрлі агрегаттар, тіркеме, дән сепкіш, лазерлік жоспарлаушы сияқты түрлі техникалар бар.
Тұрғындардың кәсіпкерлік жобаларын қолдауға негізделген бесінші бағыт та өз жемісін беріп отыр. Өз кәсібін бастауға құны 18,9 миллион теңге болатын 4 өтінім «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өткізілген болатын. Қазіргі уақытта жеке кәсіпкер Нұртілеу Оспанов 6,3 миллион теңге несиеге наубайханаға қажетті құрылғыларын (пеш, нан пісіру қалыптары, генератор) алып, кәсібін жүргізуде.Ал Саят Ерденбеков 3,2 миллион теңге несие алып, тығыздалған кірпіш станогын іске қосты.Жеке кәсіпкер Бағдат Сазанов Жайылма ауылынан «Тамшы» дистилдірілген ауызсу шығаруда. Сонымен қатар ол көлік және кілем жуу орнын ашты. Ендігі кезекте қоғамдық монша, полиэтилен құтыларын шығару бойынша жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алу үшін құжаттарын «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына өткеруде.Ауылдық округте қосымша 5 азамат жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге құжаттарын жинақтауда.
Жарқын жобаның нәтижесінде ауылдық округтегі жеке кәсіпкерлер саны 63-тен 266-ға, яғни 4,2 есе көбейді. Тиісінше жұмыссыздар саны 31 азаматтан 12 азаматқа (2,6 есе) азайып, қосымша өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны артты. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны да қысқарды.«Ауыл болсаң, қауым бар» деген екен бұрынғылар. Әртүрлі жағдайларда болатын төтенше жағдайларға байланысты ауылдық округте 3 топтан тұратын ерікті жасақшылар тобы жасақталған. Сонымен қатар 3 трактор және 2 «Газ-53» маркалы автокөлік иелерімен келісімшарттар жасалған. Өрттің және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында кезекшілік кестесі жасалынып, жасақшылар тобы дабылға сәйкес жұмысқа дайын.Ауылдың жеке кәсіпкерлері тарапынан «Жайылма – Саудакент – Жаңатас» бағытында «Газел» автокөлігі, «Жайылма – Саудакент – Тараз» бағытында 1 автобус халыққа тұрақты қызмет көрсетуде.
Жүйелі жұмыстар мұнымен шектелмейді. Биыл аудандық бюджет есебінен бірқатар жоба қаржыландырылып, ел-жұрттың еңсесі көтеріліп қалды. Мысалы, жарықтандыру қызметіне 4194,0 мың, Жайылма ауылының көше жарықтарын ағымдағы жөндеуге 4681,0 мың, Жайылма ауылындағы Б.Серікбаев көшесін жарықтандыруға 3391,0 мың, Ақтам ауылына көше жарығын орнатуға 2396,0 мың, Жайылма ауылына балалар ойын алаңын қоюға 16521,0 мың теңге қаралып, игерілді. Сонымен қатар Маятас және Қызылдихан ауылдарына «Street Workоut» жаттығу құралдары орнатылды. Сондай-ақ Жайылма ауылдық округіне төлқұжат, Түркістан облысымен шекаралас аумаққа арка орнатуға қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылды. Бұдан бөлек округке қарасты төрт ауылда да мал емдейтін орындардың (раскол для животных) құрылысы жүргізілді.
«Асарлатып үй салу» жобасына да жайылмалықтар ұйымшылдықпен атсалысуда. 2020 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, толық емес отбасы Айгүл Абажановаға 7 бөлмелі үй салынып, пайдалануға берілді. 2021 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Мая Баймағамбетоваға 5 бөлмелі үй бұйырды.2022 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, көпбалалы және аз қамтылған отбасы санатына жататын Күләш Кетпенбаеваның жаңадан салып бастаған 7 бөлмелі үйінің құрылысын аяқтауға жерлестері бір кісідей жұмылды.Ал 2023 жылы Жайылма ауылының тұрғыны, аз қамтылған отбасы санатына жататын Дархан Елшібаев үшін Қ.Байзақов көшесіндегі №28 үйдің құрылысы қазіргі үлгіге сай жүргізіліп, толығымен аяқталды.Тағы бір айта кетерлігі, ауылдық округте түлектердің тарту жасауы игі үрдіске айналған. Бұл тұрғыда «Жомарт түлек» жобасының да идеясы керемет үйлесім тапқандай. Әйтеке би мектебін бітіргеніне 40 жыл толған түлектердің демеушілігімен Жайылма ауылдық мәдениет үйінің алдынан су бұрқақ салынды. Маятас ауылы Донда Сенбин мектебін бітіргеніне 40 жыл толған түлектердің ұйымдастыруымен Маятас ауылының кіреберісіне еңселі арка орнатылды. Әйтеке би мектебін бітіргеніне 30 жыл толған түлектердің демеушілігімен ауылға кіреберістегі киіз үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай мысалдарды келтіре берсек, бір мақалаға сыймайтыны ақиқат. Ең бастысы азаматтардың ауылды көркейтсек деген ниеті қуантады.
Жандарбек Смағұлов,
Жайылма ауылдық округінің әкімі,
Сарысу ауданы
Эпизоотиялық ахуал тұрақты
Ұқсас жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024