Жақында Сенаттың кеңейтілген отырысы өтіп, онда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мен ілеспе құжат екі оқылымда қаралып, мақұлданды.Жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелерін талқылау кезінде Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мопед тізгіндегендердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары туралы баяндап, мопедтерді мемлекеттік тіркеуден өткізу жұмыстарын тездетіп қолға алу қажеттігін айтты. Себебі бүгінгі күні «Сергек» камералары да, басқа да тәсілдер мопед жүргізушілерінің жол қозғалысын реттей алмай отыр. Айтуынша, елде 80 мың мопед бар. Барлығының мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ. Мопед айдайтындар күн санап көбейіп келеді. Ал бұл көлік құралдарының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары санының артуына әкеліп соғуда.
– 2023 жылдың 12 айында мопедтердің қатысуымен 750 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 730 адам жарақаттанып, 39 адам қаза тапты. Ал 2024 жылдың 8 айында мұндай көлік құралдарының қатысуымен 962 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл апаттардың салдарынан 48 адам қаза тауып, 1 024 адам жарақат алды, – деді Игорь Лепеха.
ҚР Парламентінің депутаттары бастамашылық жасаған заңның мақсаты – жолдағы көлік қозғалысын ұйымдастыру мәселелері бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру. Заңның міндеттері – жекелеген көлік құралдары түрлерінің, оның ішінде мопедтердің жүруін ұйымдастыру саласында туындайтын мәселелерді құқықтық реттеуді және Қазақстан Республикасының аумағында жол қауіпсіздігін цифрландыруды қамтамасыз ету. Заң 3 заңнамалық актіге, соның арасында ҚР Қылмыстық кодексіне және «Жол жүрісі туралы» және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді.Сенаттың Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мәліметіне қарағанда, Қылмыстық кодекске мопедтерді «басқа механикалық көлік құралдары» ұғымына жатқызуға қатысты түзету ұсынылды.Атап айтқанда, «Жол жүрісі туралы» Заңға «орташа жүру жылдамдығы» ұғымы енгізіледі және оны есептеу тәртібі ескерілген (көлік жүріп өткен халықаралық, республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдар учаскесінің ұзындығын осы қашықтықты жүріп өткен уақыт аралығына бөлу арқылы айқындалады).
Осы ұғымды енгізу сертификатталған арнаулы бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен жабдықтары орнатылған жолдың барлық учаскесінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге, сондай-ақ жылдамдық режимін асыру салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл ретте «орташа жүру жылдамдығы» көрсетілген құралдар автоматты түрде айналма жолдар жоқ жолдардың қала сыртындағы және түзу сызықты учаскелерінде ғана есептейтін болады. «Орташа жүру жылдамдығын» өлшеу кезінде ереже бұзу дерегін тіркеу уақыты мен орны қолданыстағы құқық қолдану практикасына ұқсас камералар арқылы (уақыт аралығы мен жол учаскесінің бөлігі ретінде) анықталады.
Сонымен қатар мопедтерді міндетті мемлекеттік тіркеу енгізіледі. Қолданыстағы норма бойынша ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден асатын мопедтер тіркеуге жатады. Ал қаралып отырған заң бойынша, барлық мопедтер тіркеуге жатады (қозғалтқышының көлемі елу текше сантиметрден аспайтын не электр қозғалтқышпен жабдықталған және ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына елу километрден аспайтын). Мопедті басқару құқығы «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігімен расталады, ал «А» және «В» санаттарының болуы да мопедті басқару құқығын растайды деген норма қамтылды.
Бұдан бөлек ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 608 (жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік масаң күйде басқаруы) және 613-баптары (куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамдарға қатысты тиісінше жеті немесе сегіз жыл бойы көлік құралдарын басқару құқығын алуға емтихандар тапсыруға жіберуге тыйым салу енгізіледі. Ілеспе заңда көлік жүргізушілері тәуліктің жарық уақытында жарықшамдарды пайдалану қағидаларын бұзуды алғаш рет жасаған кезде ескерту түрінде ғана жаза белгіленеді.
Ал қолданыстағы нормадан балама жаза ретіндегі айыппұл алынып тасталды.Мұнымен қоса көлік құралдарына техникалық байқауды жүргізетін ұйымдарға қойылатын талаптар қайта қаралды. Механикалық көлік құралдарын техникалық байқауды ұйымдастыру қағидаларын бұзғаны үшін, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне техникалық байқауды формальді жүргізгені үшін айыппұл мөлшері 10-нан 50 айлық есептік көрсеткішке дейін, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 20-дан 70 айлық есептік көрсеткішке дейін, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылады. Техникалық байқау қағидаларын өрескел бұзғаны үшін оператордың қызметіне арналған рұқсаттан айыру түрінде қосымша санкция белгіленеді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ