Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Тарифті инвестицияға айырбастау» жүйелі жүзеге асуда

«Тарифті инвестицияға  айырбастау» жүйелі жүзеге асуда
А.Қартабай
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты бағыттарын анықтаған маңызды құжаттардың бірі. Бұл Жолдау қоғамның барлық саласын қайта жандандыруды көздейді және мемлекеттік саясаттың жаңаша бағытқа бет бұрғанын көрсетеді. Әсіресе табиғи монополиялар мен инфрақұрылымдарды дамыту, олардың қызметін әділ әрі ашық жүргізу мәселелері ерекше назарға алынған.

Мемлекет басшысы Жолдауда: «Монополияның табысын шектеу қажеттігі мен инфрақұрылымға инвестиция салуды қамтамасыз ету арасында тепе-теңдікті сақтау маңызды. Елімізде электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісінің, жылу коммуникациясының 57 пайызының және су құбыры желісінің жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыдан-ақ біраз жайтты аңғаруға болады.Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың ақыры соның бәрін кезекпен өшіруге және түрлі апатты жағдайлар туындауына әкеліп соқтырады. Осының салдарынан азаматтардың денсаулығына және өміріне қатер төнеді.Монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет», – деді.

Президент сөз еткен көрсеткіштер саланың қаншалықты артта қалғанын аңғартатыны анық.Шындығында, тарифтерді күшпен ұстап тұру – желілердің тозуына, қызмет көрсету сапасының төмендеуіне әкелетін негізгі факторлардың бірі. Ал инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі баса айтылған Жолдау жүктеген міндет – ескірген желілер мен құрал-жабдықтарды жаңасына алмастыру арқылы апаттардың алдын алу. «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясатының мәні осында жатыр.Бұл процесс халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына да мүмкіндік береді. Әрбір жаңартылған желі немесе жүйе халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізеді. Дегенмен бұл саясаттың тиімді жүзеге асуы үшін кәсіпорындар өз қызметін ашық түрде жүргізуі шарт. Сондықтан инвестицияларды тиімді пайдалану, ашықтықты сақтау – басты мақсаттардың бірі.Бұл жаңа тарифтік саясат, атап айтқанда, су, электр, газ және жылу жүйелерін жаңғыртуды қаржыландыруға бағытталған. Мемлекет инфрақұрылымды жаңартуды қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялардан түсетін табысты қайта бөлу арқылы инвестиция тартады. Соның есебінен маңызы бар инфрақұрылымды жаңғыртуға немесе жаңартуға мол мүмкіндік туады. Осы арқылы аталған салаларда халыққа қызмет көрсету сапасы жақсарады. Бұл ретте кәсіпорындар салаға инвестиция тарту арқылы экономикаға жаңа леп әкеледі және инфрақұрылымды жаңғырту барысында уақытша болса да жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл сол құрылыс нысанына жұмысқа тұрған адамдардың табысын арттыруға, әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Дегенмен біз сөз етіп отырған халыққа қызмет көрсетуші кәсіпорындар халық алдында жұмысын жариялы түрде жүргізуі керек. Егер олардың атқарып отырған жұмысы, қаражатты пайдалануы тұрақты бақылауда болмайтын болса, инвестициялар тиімсіз жұмсалып, тарифтердің негізсіз өсуі орын алуы мүмкін. Бұл қоғамдағы әлеуметтік наразылықтарды тудыруы ықтимал. Анығын айтқанда, инвестицияны тарифке айырбастау үдерісін тиісті мекемелер тиімді жүзеге асыруы үшін істі мұқият жоспарлап, өздерінен бұрын халықтың мүддесін ойлауы керек.

Негізі «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты мемлекетке де, халыққа да тиімді. Сонымен қатар бұл жүйе тұрғындарды ауызсу, электр энергиясы, газ, жылумен қамтамасыз ететін компанияларға да өте қолайлы екенін айта кетуіміз керек. Өйткені аталған кәсіпорындар жеке компания болғандықтан тозығы жеткен құбырларды ауыстыру секілді шаруаларға қаржының бір бөлігін өз есебінен жұмсайды. Бұл ретте ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің жергілікті жердегі департаменттері табиғи монополиялардың қызметін қадағалап, реттеумен айналысуда. Аталған департамент тарифтерді бақылап, халыққа әділ және қолжетімді бағаны қамтамасыз етуге күш салады. Тарқата айтқанда, департамент табиғи монополиялар ұсынатын қызметтер, яғни су, газ, электр энергиясы және жылу жүйесіне қатысты тарифтерді белгілеуге қатысады. Тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу үшін компаниялардың шығындарын мұқият тексереді. Халық пен бизнеске тариф саясаты туралы ашық ақпарат бере отырып, тарифтерді өзгерту кезінде қоғамдық тыңдаулар өткізіп, БАҚ өкілдері арасында баспасөз турын ұйымдастырып, қоғам тарапынан айтылған сын-пікірлерді қаперге алып, нәтиже шығаруға тырысады.Ең маңыздысы сол, табиғи монополиялар тарифті көтеруге талпынғанда департамент бұл ұсыныстарды мұқият тексеріп, мұның қаншалықты негізді екенін сараптайды. Осылайша департамент кәсіпорындардың ұсынысы негізінде тарифті көтеріп береді. Осы ретте біз өңірде тариф саясатын бақылап, табиғи монополиялардың жұмысын реттеу арқылы тарифтердің әділдігі мен халықтың мүддесін қорғаумен айналысып отырған ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті басшысының орынбасары Қалдыбай Мүсліммен тілдесіп, тарифті инвестицияға айырбастау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұраған едік.

– Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйекте жариялаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында кешенді жұмыстар атқаруда. Жолдаудың басты мақсаты – еліміздің барлық саласын қайта жандандырып, мемлекетті дамыту жолында жаңа реформаларды іске асыру. Оның ішінде табиғи монополиялар саласын реттеудің жаңа қадамы ретінде «Тарифті инвестицияға айырбастау» реформасы ұсынылды.Бұл реформаның негізінде меншік иелері тарапынан салаға қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ табиғи монополиялар және әлеуметтік маңызы бар нарықтарда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысын арттыру көзделген. Сонымен қатар табиғи монополиялар саласына озық инновациялық технологияларды енгізу арқылы бұл секторды одан әрі дамыту жоспарлануда. Бірқатар шаралар арқылы меншік иелерінің шығындарын қайта қарастырып, инвестицияларды ұлғайту, тұтынушылардың әртүрлі топтары арасындағы тариф деңгейін теңестіру қарастырылған. Бұл өз кезегінде тарифтерді кросс-субсидиялаудан біртіндеп бас тартуды қамтамасыз етеді. Осылайша 2030 жылға дейін желілердің тозу деңгейін кем дегенде 15 пайызға төмендету мақсаты қойылып отыр.Облыс деңгейінде қызмет көрсететін негізгі құралдардың тозу көрсеткіштері бойынша талдау жүргізілді. «Қызыл аймаққа» енгізілген кәсіпорындар қатарында «Жамбыл электр жүйесі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Таразтрансэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны бар. Аталған кәсіпорындар бүгінде инвестициялық бағдарламаны жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мәселен, «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-ның 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдайы бойынша негізгі құралдардың тозуы орта есеппен 79,04 пайызды құраған. Бұл кәсіпорынның инвестициялық бағдарламасы біздің департамент пен облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан 2021 жылғы №46-НК бірлескен бұйрығымен 2021-2025 жылдарға бекітілген.Инвестициялық бағдарламаның жалпы құны 5 740 474,0 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылға бөлінген қаражат – 1 176 897 мың теңге.

2024 жылы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында қосымша 1 318 589,2 мың теңге бөлініп, ұзындығы 154,01 шақырым болатын желілерді жаңарту жоспарланды. Бұл іс-шаралар электр желілерінің тозуын 1,3 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Жалпы алсақ, 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның сомасы 2 495 486,2 мың теңгені құрайды. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-ның осы жылға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында кернеуі 35-110 кВ және 6-10 кВ жабдықтарды, сондай-ақ электр энергиясын бақылау және есепке алудың автоматтандырылған жүйесін сатып алу көзделген.«Таразтрансэнерго» мекемесіне келер болсақ, 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі жағдайы бойынша олардың жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайызды құрап отыр. «Таразтрансэнергоның» инвестициялық бағдарламасы 2022-2026 жылдарға арналған. Бұл бағдарламаның жалпы сомасы 860 647,18 мың теңгені құрайды, оның ішінде 2024 жылға 119 103 мың теңге қарастырылған, – деді Қалдыбай Әбдіүмітәліпұлы.

 

Өткен жылы бюджет қаражаты есебінен «Тараз қаласы, Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелеріндегі М-1 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасы аясында 858 905,29 мың теңге көлемінде қосымша іс-шаралар бекітіліпті. Жылыту кезеңінің басталуына орай аталған жұмыстардың мерзімдері 2023 жылдан 2024 жылға ауыстырылған көрінеді. Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде, бұл өз кезегінде тұрғындардың жылумен қамтамасыз етілуін жақсартуға мүмкіндік бермек.2024 жылы М-1 магистралінің 6,76 шақырымын реконструкциялауға бюджет қаражаты есебінен 7 091 930 мың теңге бөлінген екен. Осы жобаның арқасында желілердің тозуы орташа есеппен 5 пайызға төмендейді деп күтілуде.Департамент арқылы осы жылға арналған құны 858 510 мың теңге тұратын инвестициялық бағдарламаға қосымша іс-шаралар бекітіліпті. 2024 жылға бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы сомасы 1 836 519 мың теңгені құрайды. Оның ішінде 858 905,29 мың теңгесі 2023 жылдан 2024 жылға ауыстырылған.«Тарифті инвестицияға айырбастау» тарифтік саясат реформасын іске асыру бағытында департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыстар жүргізу әлі де жалғасуда. Осы реформаның шеңберінде табиғи монополиялар саласындағы қызметтің тиімділігін арттыру, тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту мақсатында кешенді шаралар қабылдануда.

Осы шаруалардың нәтижесі тек инфрақұрылымның жаңартылуына ғана емес, халықтың әл-ауқатының артуына да ықпалын тигізетін болады. Жұмыс орындарының ашылуы мен кәсіпорындардың дамуы өз кезегінде экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз етеді. Тұрғындардың жылу және басқа да коммуналдық қызметтерді уақытында және сапалы алуына кепілдік берілуі елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың жақсаруына мүмкіндік тудыратыны анық.

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар