Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірді сүйген өлкетанушы

Өңірді сүйген өлкетанушы
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Ешкіөлмес жотасындағы, Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқандық сайларындағы дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі саналған таңбалы тастарды (петроглифтерді) қорғауға алу үшін тиісті шаралар қабылдауды, сондай-ақ жалпы тарихи-мәдени мұрамызды сақтау үшін археологиялық қызметті жүйелеуді тапсырды.

Ұлан-ғайыр даламыздағы тарихи маңызы жоғары жәдігерлер мен нысандар – ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Сондықтан құндылықтарымызды сақтауға, насихаттауға үлес қосу – әрбір азаматтың қастерлі борышы.Тасын түртсең тарих сөйлеп сала беретін киелі Әулиеата өңірінде тарихшылар да, өлкетанушылар да аз емес. Дегенмен өлке тарихына қатысты өндіріп жазып, тынбай еңбектеніп жүрген өлкетанушы, Ақпарат саласының үздігі Сәулембай Әбсадықұлының еңбегін ерекше атап өтуге болады. С. Әбсадықұлы әсіресе Талас ауданының тарихы, танымал тұлғалары, өңірдегі тарихи-мәдени мұралар жайлы көп зерттеп, оқырмандар іздеп жүріп оқитын көптеген туындыны жарыққа шығарды. «Сапақ датқа», «Әбідда би», «Аққұм – алтын бесігім», «Самал тау», «Би жазбалары және айтылмаған әңгімелер», «Талас ауданының шежірешісі», «Жарияланбаған соғыс», «Көк бөрінің оралуы» және басқа да 40-тан аса кітабы бар-жоғымызды түгендеп, тарихи тұлғаларды тірілткен рухани байлығымызға айналды десек, артық айтқанымыз емес. 

Бірде Қаратау қаласына сапарлап барып, ойламаған жерден өлкетанушымен кездесіп қалдық. Амандық-саулықтан соң әңгімеміз тарих тақырыбына ойысты. Ауданның тарихына келгенде қамшы салдырмайтын ағамыз Көсегенің көк жонына шығар тұстағы Бесағаштың маңынан осыдан 50 жыл бұрын табылған адамның бойымен бірдей Адамтас жайлы әңгімелеп берді.«Тастың түбінен бұрқырап бұлақ суы ағатын көрінеді. Жергілікті халықтың оны әулиетас санап, сыйынатын кездері де болған. Сол кезде Бесағаш орманшаруашылығында Ресейден көшіп келген орыс орманшылары қызмет істепті. Олар әлгі әңгімені естіп, «Қандай әулиетас? Сендер надансыңдар, әйтпесе тасқа табынасыңдар ма?» деп мазақтайды. Сөйтіп, кейін әлгі орыстар Қаратау тау-кен химия комбинатынан жарылғыш заттар әкеліп, тасты жарады. Тастың күл-талқаны шығады. Содан көп ұзамай тасты жарған екі орыс жынданып кетіпті», – деп, Адамтасқа байланысты көпшілікке бәймәлім деректерді айтып бергені есте. 

Қасиет деген бекер емес қой. Өлкетанушының Қотырбұлақ, Жарғантас әулиелер жайлы зерттеулері де көңілге қонады. Сәулембай Әбсадықұлы: «Қотырбұлақ әулие бұлағының шырақшысының айтуынша, Жарғантас әулие бұлағы бастауын етегіндегі Көсбастау сайынан алады екен. Қотырбұлақ әулие демекші, ол Шолақтау тауының етегінде жатыр. Оған Арбатас өзенінің бір жылғасы барып құятын секілді. Арбатас өзенінің бойын Орта жүз уақ руының бір атасы мекендейді. Осыдан үш ғасыр бұрын Ұлы жүз үйсіннен шыққан, дулаттың ішінде шымыр Қойгелді батыр Орта жүздің уағының батыры Хангелді батыр екеуі қалмақтардан атамекенін азат еткенде бауырласып, екеуі төс қағыстырып дос болған. Достығының белгісі ретінде Хангелді ұрпағына Арбатастың бойын сыйға тартқан. Шолақтау тауының етегінде «Кебекқашқан» деген адыр бар. Мұндағы Кебек – қалмақтың батыры. Сірә, Қойгелді мен Хангелді бірігіп, Кебектің қолын тас-талқан еткен. Сол шайқаста менменсіген Кебек кері қарай қашса керек. Міне, содан бастап сол адырдың бойы «Кебекқашқан» деп аталады. Сол маңайдағы Бүйрекбастау қорымы жылдар бойы зерттелмей жатқан еді. Таяуда ғана ғалымдар ол жерде қазба жұмыстарын жүргізіп, палеолит дәуіріне жататын тас құралдарды тапты. Аталмыш өңірдің әрбір тасы, жотасы, сайы шежіреге толы»,  – деп толғанады.

Біздің бұл айтқанымыз өлкетанушы Сәулембай Әбсадықұлының еңбектерінің бір парасы ғана.Сәулембай Әбсадықұлы – халықаралық «Ұлт мақтанышы», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері, Талас ауданының Құрметті азаматы. Аудандық «Талас тынысы» газетінде ұзақ жыл бас редактордың орынбасары, 12 жыл бас редакторы болған кезінде де аудан тарихын терең зерттеді. Өзінің қолдауымен шығып жатқан «Асыл мұра» журналы да оқырман көңілінен шығып келеді.Өлкетанушы, қаламгер жетпіс бесінші күзін қарсы алып отыр. Сан қырлы азамат Сәулембай Әбсадықұлы тағылымды туындыларымен оқырманын қуанта береді деп сенеміз. 

Есет ДОСАЛЫ, 
журналист,
Талас ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар