Робот сот орындаушысы сыбайластықтың алдын алады
- author AR-AY
- 25 қыркүйек, 2024
- 89
Робот сот орындаушысы – сот және уәкілетті органдардың қаулыларын, сондай-ақ салық бұйрықтарын орындау процесін автоматтандыруға арналған цифрлық платформа. Жүйе жасанды интеллект пен деректерді өңдеудің заманауи әдістерін қолдана отырып, адамның қатысуынсыз атқарушылық құжаттырдың орындалуын жүзеге асырады. Әдетте сот орындаушылары борышкерлердің мүліктерін анықтау, қарызды өндіру және басқа да заңды міндеттерді орындау үшін көп уақыт пен ресурстарды қажет етеді. Ал робот сот орындаушысы бұл міндеттерді әлдеқайда жылдам және тиімді орындайды.
Сонымен қатар бұл жаңашылдық сот орындаушыларының жұмысын автоматтандыру арқылы халыққа қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Робот сот орындаушысы деректерді жинау, есепшотқа тыйым салу, белгілі бір іс-әрекеттерді жасауға шектеу қою, инкассолық өкімдер қою және басқа да күрделі процестерді жүргізеді. Оның жұмысы толықтай электронды форматта жүзеге асырылып, барлық процесс ашық әрі әділ түрде жүргізіледі.
– 20 тамыз бен 18 қыркүйек аралығында облыс бойынша робот жеке сот орындаушысымен 5 356 оңайлатылған атқарушылық іс жүргізілді. Оның ішінде 501-ін халық өзі төлеген.
Борышкерге жеңілдетілген өндірісті қозғау туралы SMS-хабарлама ұялы телефонына немесе басқа байланыс құралдарына жіберіледі. Ал SMS-хабарлама 1414 нөмірінен немесе «eGov mobile» мобильдік қосымшасынан келеді. Хабарламада танысу және жүктеу үшін қаулыға сілтеме болады.Атқарушылық құжат бойынша берешекті оңайлатылған іс жүргізуде төлеу жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлемей жүзеге асырылатынын атап өту қажет.
Борышкер оңайлатылған іс жүргізумен келіспейтін болса, қаулымен танысқаннан кейін алынған сілтеме бойынша өтіп, көрсетілген «терезеде» «келіспеймін» батырмасын басу арқылы атқарушылық құжаттың талаптарын оңайлатылған іс жүргізуде орындаудан бас тартуға құқылы.
Бұл жағдайда аумақтық орган атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік ақпараттық жүйесінде атқарушылық құжаттарды бөлу қағидаларында көзделген тәртіппен атқарушылық құжатты жеке сот орындаушысына мәжбүрлеп орындауға беру туралы қаулы қалыптастырады.
Берешекті өтеу үшін азаматтар «Kaspi.kz» қосымшасына кіруі қажет. Бұдан әрі «төлемдер» – «барлығы» – «айыппұлдар мен салықтар» – «сот берешектерін төлеу» бөліміне өтіп, содан кейін жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) теріп, төлем жасаңыз. Содан кейін оңайлатылған іс жүргізу автоматты түрде тоқтатылады және қойылған тыйымдар автоматты түрде шешіледі, – деді облыстық әділет департаменті сот орындаушыларының қызметін реттеу және бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Шамгунов.
Робот сот орындаушысы адамға қарағанда әлдеқайда жылдам жұмыс істейді. Автоматтандырылған жүйе барлық қажетті ақпаратты тез жинап, атқарушылық құжаттың талабын орындау уақытын айтарлықтай қысқартады. Мысалы, дәстүрлі сот орындаушысы бірнеше күн немесе тіпті апта бойы жүргізетін процестерді робот бірнеше минутта жүзеге асыра алады.
Цифрлық сот орындаушысының жұмысы толық автоматтандырылғандықтан адам факторының әсері азаяды. Яғни атқарушылық құжаттың талабын орындауда ешқандай субъективтілік немесе заңбұзушылық болмайды. Әсіресе сыбайлас жемқорлықты болдырмау маңызды артықшылықтардың бірі.
Робот сот орындаушысының тағы бір ерекшелігі – оның қызметтері үшін ақы алынбайды. Дәстүрлі сот орындаушылары өз қызметтері үшін белгілі бір пайыздық төлем талап етеді, ал цифрлық жүйеде аталған шығындар жойылады. Бұл халықтың атқарушылық құжаттарды орындау процесін қаржылық тұрғыдан қолжетімді етеді.
Робот сот орындаушысы борышкерлер мен несиегерлердің жеке мәліметтерін қорғау үшін заманауи қауіпсіздік жүйелерін пайдаланады. Барлық ақпарат шифрланып, қауіпсіз сақталады. Осылайша азаматтардың құқығын қорғап қана қоймай, олардың мәліметтерінің құпиялылығын да қамтамасыз етеді.
Робот сот орындаушысының жұмыс істеу механизмі деректерді жинау мен талдауға негізделген. Ол сот шешімдері бойынша борышкерлердің мүлкін, есепшоттарын, табыстарын анықтап, сол арқылы қарыздарды өндіріп алады. Жүйе мемлекеттік және жеке секторлардағы мәліметтер базасымен интеграцияланған, сондықтан сот шешімдерін орындау үшін қажетті ақпаратты жылдам жинайды.
Цифрлық сот орындаушы борышкердің қарыздарын автоматты түрде анықтап, қажетті шараларды қабылдайды. Мысалы, егер борышкердің банктік есепшотында жеткілікті қаражат болса, робот сот орындаушысы сол қаражатты оңайлатылған атқарушылық іс жүргізу қозғалған күннен бастап бес күнтізбелік күн өткен соң автоматты түрде бұғаттап, қарызды жабуға пайдаланады, ал есепшоттағы қарыздан бөлек артық ақшаны әрі қарай қолдана алады.
Робот сот орындаушысы шетелдерде де кеңінен қолданылып келеді. Мысалы, Эстония мен Финляндия сияқты елдерде сот процестерін автоматтандыру және цифрлық сот қызметтерін енгізу сот жүйесінің тиімділігін айтарлықтай арттырды. Аталған елдерде азаматтар мен кәсіпорындар сот шешімдерін орындау процесіне жұмсалатын уақыт пен шығындарды едәуір азайтты. Қазақстан да осы тәжірибені қолданып, өз сот жүйесін цифрландыруда айтарлықтай жетістіктерге жетуде.
Қазақстанда цифрлық трансформацияның басты мақсаты – мемлекеттік қызметтердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру. Соңғы жылдары елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қызметтердің көпшілігі электронды форматқа көшірілді. Робот сот орындаушысы осы бағдарламаның бір бөлігі болып, құқықтық әділдікті қамтамасыз етудің тиімді құралына айналуда.
Цифрлық сот орындаушысының әлеуметтік маңыздылығы да өте жоғары. Біріншіден, ол сот процестеріне қатысушылардың барлығына бірдей әділдік пен теңдікті қамтамасыз етеді.Екіншіден, борышкерлердің құқықтары қорғалып, атқарушылық құжаттардың талабы уақытылы және уәкілетті органдардың қаулыларын, сондай-ақ салық бұйрықтарын орындау процесін жеңілдетеді.
Тараз қаласындағы алғашқы робот сот орындаушысының іске қосылуы – еліміздің сот орындаушыларының жүйесіндегі үлкен жаңалық. Цифрлық сот орындаушысы жылдам, тиімді, ашық және ақысыз қызмет көрсету арқылы халыққа үлкен пайда әкеледі. Қазақстанның цифрландыру саясаты аясында мұндай жаңашылдықтар сот орындаушыларының жүйесінің әрі қарай дамуына және заманауи технологиялардың мемлекеттік қызметтерге кеңінен енуіне септігін тигізеді.
А.ОРЫНБАСАРҚЫЗЫ