Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейбіт атом өндірісі – бейбіт болашақтың кепілі!

Бейбіт атом өндірісі – бейбіт болашақтың кепілі!
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы екінші қыркүйекте Қазақстан халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын жаңа Жолдауын жа­рия­лағаны белгілі.

Бас құжатта негізгі тоғыз бағыт-бағдармен қатар, елдегі атом электр стансасын салу мәселесі жалпы­ха­лық­тық референдум арқылы анық­талатыны мәлімделген болатын. Президент Жарлығымен АЭС-тің салынуы немесе салынбауына байланысты өтетін жалпыхалықтық референдум биыл қазан айының алтыншы жұлдызына белгіленіп отыр. Ел өміріндегі маңызды шешім халықтың таңдауынан кейін ғана қабылдан­бақ.

Соңғы жылдары қоғамның қызу талқысына түскен маңызды тақырыптың бірі – елімізде атом электр стансасын салу мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылы халыққа арнаған Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, елімізде АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін мәлімдегені бәрімізге белгілі.

Президент Жолдауында: «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер. Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом стансасын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық стансалар салу керек деген пікір айтады.

Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», деп атап өтілген.

Атом электр стансасы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмір сүруінің кепілі. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес, бірнеше өңірде атом энергетикасын дамыту мен атом электр стансасын салу жайында қоғамдық кездесулер ұйымдастырылу үстінде. Басты мақсат – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту және олардың көкейкесті сауалдарына дұрыс жауап қайтару.

Президент ерекше атап өткендей, жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан да өз кезегінде сенімді және экологиялық таза энергияның көздеріне мұқтаж. Сондықтан, атом энергетикасын дамытуға жіті назар аударудың маңызы өте зор. Атом энергетикасы болашақтың энергиясы болғандықтан, бұл – елдің бүгіні мен ертеңіне ғана емес, келер ұрпақтың жарқын болашағы үшін қажет деп білемін!

АЭС салуға байланысты жалпыхалықтық референдумның өтуі – демократиялық қадам. Бұл мәселені халықпен бірге талқылап шешудің маңызы өте зор. Осы орайда Мемлекет басшысының: «Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын» дегені қайсыбір мәселеде де мемлекет халықпен кеңесіп, қалың бұқараның ой-пікірімен санасады дегенін ұғу қиын емес.

Біз қай кезеңде де бейбітшілікті қолдап-қуаттайтын елміз. Бейбіт атом өндірісі – бейбіт болашақтың кепілі. Президент атап өткендей, алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ.

Алдағы референдумда халқымыз елдің жарқын болашағы туралы маңызды шешім қабылдайды. Сондықтан, саяси тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау – азаматтық борышымыз! Бірге таңдау жасайық!

 

Жарылқасын ТӘЖІХАНОВ,

Ақтөбе ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Жуалы ауданының Құрметті азаматы.

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар