Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бейбіт өмір бағдары

Бейбіт өмір бағдары
Ашық дереккөз
Әлемдегі кез келген тәуелсіз мемлекеттің ғасырлар бойы өз құнын жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа мұра болып келе жатқан заңдар жинағы болады. Осындай Ата Заң біздің елімізде де, яғни Қазақстан Республикасында да ел тәуелсіздігін нығайту барысында қабылданды. Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 29 жыл толып отыр.

Негізі тәуелсіз Қазақстан тарихында 2 рет Конституция қабылданған болатын. Егемен еліміздің тұңғыш Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданды. 1993 жылғы Конституцияның негізінде еліміз парламенттік республика моделінде болса, 1995 жылы қабылданған Конституция негізінде президенттік билікке көшті. 1995 жылы қабылданған Конституцияға әр жылдары бірқатар өзгеріс енгізілді.Мемлекетіміздің тым қысқа мерзімде өз Конституциясын қабылдағаны талайды таңқалдырғаны рас. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бастан кешкен қиын-қыстау уақытта да, қазіргі даму кезеңінде де Конституцияның ел өмірінің барлық саласында тура жол сілтеп, кемелденудің алтын арқауына айналғанын өмірдің өзі айқын дәлелдеп отыр. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы өзінің демократиялы, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет екенін Ата Заңы арқылы да бүкіл әлемге танытты.

Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет кұру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана-сезімдерін қалыптастыруы керек. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз – өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы – адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаты – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды дұрыс өмір сүру салтына тәрбиелеу.Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу – біздің міндетіміз әрі парызымыз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек.

Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және мемлекетіміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені біздің Ата Заңымыз Қазақстан халқының саналы таңдауы, өркенді дамуымыздың кепілі екені анық. Конституцияның тағы бір кемелді сипаты құқықтық мемлекет идеясын, ел бірлігін, бейбіт өмірді, жан-жақты өркендеген жасампаз дәстүрді орнықтырып, өркениеттің көшіне кедергісіз қосылу мақсатын жүзеге асыруға тікелей ықпал еткеніне, Қазақстанның мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік жасағанына байланысты. Сондықтан да Конституциямызды – ел кемелділігінің негізгі арқауы десек қателеспейміз.

Арайлым ӘСКЕРБЕК,
облыстық тарихи-өлкетану

музейінің экскурсиялық және

көпшілікке қызмет көрсету

бөлімінің экскурсоводы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар