Жасанды интеллект алгоритмдері сурет салу процесін едәуір жеңілдетеді. Олар үлкен деректерді өңдеп, әртүрлі стильдер мен техникада сурет салуға қабілетті. Жасанды интеллекттің сурет салу қабілеті арқылы суретшілер жаңа идеяларды тез жүзеге асырып, өз шығармашылықтарын кеңейте алады.Мысалы, DeepArt және DALL-E сияқты жасанды интеллект жүйелері белгілі бір суреттерді талдап, оларды әртүрлі стильдерде қайта өңдейді.Мәселен, Ай-Да есімді робот-суретші ұсынған автопортреттер топтамасын көптеген сыншылар көркемдік құндылығы жоғары деп бағалады. Бұл роботты құрастырушылар адамгершілік пен технология арасындағы шекара жайында адамдарға ой салуды өз мақсаттары деп танитындарын айтты. Ал Ай-Да өзінің суретін салып шығады.Одан не себепті өзінің суретін салуға құмартқаны туралы сұраққа «маған қарағанда адамдар нені көретінін түсінгім келеді» деп жауап берген екен.
Жасанды интеллектісі бар андроид-суретші Ай-Да бірнеше компанияның бірлескен еңбегі мен жасанды интеллект саласындағы ең заманауи технологияларды пайдалануы арқасында құрылған.Оны құрастыру аясында бағдарламашылар, робототехника мамандары, өнер психологтары жұмыс істеді.Лондонда Ай-Да картиналарының көрмесі ұйымдастырылып қана қоймай, сондай-ақ әлемдегі ультра шынайы робот-суретшіні құрастыру туралы мағлұмат беретін стендтер де көрермен назарына ұсынылған.Ай-Даның айтуынша, ол автопортрет салуға 45-75 минут уақыт жұмсайды. Ай-Да бұл суреттерді роботтандырылған қолдарымен салады. Ол үшін жасанды интеллекттің арнайы алгоритмдері әзірленді.Нью-Йоркте өткен Christie's бәссаудасында жасанды интеллект салған сурет 432 мың долларға сатылды. Картина «Эдмонд де Белами портреті» (2018) деп аталады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл туынды ойдан шығарылған Белами отбасы туралы серияға жатады.
Суретті салған жасанды интеллектті париждік Хьюго Каселлес-Дюпре, Пьер Фотрель мен Готье Верньер есімді жігіттерден құралған Obvious тобы жасаған. Картина салуға кіріспей тұрып, XIV-XX ғасырларға тиесілі 15 000 туынды зерттелген екен. Портрет салу үдерісіне негізгі екі нейрожелі қатысқан. Бірі – генератор (суретті салушы), екіншісі – дискриминатор (оның көшірме еместігін қадағалаушы). Яғни, жасанды интеллект портретті осыған дейін өзі зерттеген суреттерге сүйене отырып салған.Жасанды интеллект музыка шығару саласында да үлкен жетістіктерге жетті. Ол музыкалық композициялар жасап, жаңа әндер шығара алатынын дәлелдеп отыр.
Жасанды интеллект алгоритмдері музыкалық стильдерді, ритмдерді және мелодияларды талдап, оларды жаңа композицияларда қолдана алады.Мысалы, OpenAI-дің Jukedeck және AIVA сияқты ЖИ жүйелері музыкалық шығармаларды автоматты түрде жасайды. Бұл жүйелерді қолдану арқылы музыканттар жаңа әндер жазып, шығармашылық процесін тездетеді.Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын шығармашылық салаларда қолдану әлі де даму үстінде. Дегенмен, бұл салада көптеген мүмкіндік бар. Мамандар жасанды интеллект арқылы суретшілер мен музыканттар жаңа шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, өз жұмыстарын жаһандық деңгейде таныстыра алатынын айтады.
Жасанды интеллектпен айналысатын OpenAI компаниясы осыдан бірнеше жыл бұрын JukeBox атты нейрожүйе шығарған еді. Ол дайын әндер негізінде жаңа музыка жасайды.Нейрожүйеге белгілі бір ән мақамын, сөзін, стилін енгізу керек. Соның негізінде жаңа музыкаға генерация жасалады.Авторлардың айтуынша, нейрожүйе классикалық музыкадан бастап альтернатив рок орындаушыларының музыкасынан өңделіп шыққан. Олардың арасында көпке танымал Sting, AC/DC, Bob Dylan, John Legend, Ed Sheeran, Sia, Shakira сынды әншілер бар.Бүгінгі күні еліміздегі жоғары оқу орындары мен зерттеу орталықтары жасанды интеллект технологияларын дамытуға айрықша көңіл бөлуде. Олар жасанды интеллекттің мүмкіндіктерін зерттеп, оларды шығармашылық салаларда қолдану жолдарын қарастыруда. Осы нейрожүйе біздің елімізде де қарқынды дамуда. Оған әннің мәтінін ұсынсаңыз лезде әдемі ән шығарып береді. Ғаламторды игерген қазақ жастары жасанды интеллектіні пайлана отырып, әндерге тапсырыс қабылдауда. «ТікТок» әлеуметтік желісінде қазіргі уақытта осыған байланысты көптеген жарнама да қаптап кеткен.
– Нейрожеліге кез келген мәтінді салсаң да әдемі әнді шығарып беретінін жаңалықтардан көріп қызыққан едік. Ол жаңашылдық бізге де келіпті. Танысым менің атыма байланысты сондай ән шыққанын жібергенде қатты қуандым. Қазір мүмкін емес нәрсе жоқ сияқты болып кетті ғой, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Айгерім Кеңесбаева.
Жасанды интеллект сурет салып, ән шығару мүмкіндіктері арқылы шығармашылық салаға жаңа тыныс береді. Қазақстанда бұл технологияларды қолдану арқылы өнер саласында жаңа жетістіктерге жетуге мүмкіндік бар. Жасанды интеллекттің дамуы Қазақстанның мәдени және шығармашылық өмірін байыта түседі деп сенеміз.
Айжан Өзбекова