Қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялау – өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолдарының бірі. Тұрғындарға, қоршаған ортаға зиянды әсер ету мүмкіндігі бар қауіпті өндірістік объектілер міндетті декларациялауға жатады.Қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсiптiк қауiпсiздiк декларациясы жобаланатын және жұмыс істеп тұрған қауіпті өндірістік объектілер үшін әзірленеді.
Декларация әзiрлеудi қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйым дербес жүзеге асыра отырып, декларацияны қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы бекiтедi. Қауiптi өндiрiстiк объектiнi пайдаланатын ұйымның басшысы декларацияның уақытылы ұсынылуына, онда қамтылған мәлiметтердiң толықтығына және анықтығына жауапты болады.
Декларацияға тіркеу шифрын беруге арналған құжаттарды қарауды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган ұсынылған құжаттарды қарап шығып, декларацияны тіркеу туралы шешім қабылдайды не уәжді бас тартуды ұсынады.Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тіркеген декларация өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органда электрондық құжат нысанында сақталады.
Қауiптi өндірістік объектiнi өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті орган тіркеген декларациясыз пайдалануға тыйым салынады. Қауіпті өндірістік объектіні жаңғырту немесе қайта бейіндеу жағдайларын қоса алғанда, өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер ететін шарттар өзгерген жағдайда декларация өзгертілуге жатады. Декларацияға өзгерістер енгізілген кезде ол өзгерістер енгізілгеннен кейін үш айдан кешіктірілмейтін мерзімде қайта тіркелуі тиіс.
Аружан Ережепбай,
Өнеркәсіптік қауіпсіздік
комитетінің облыс бойынша
департаментінің бас маманы