Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыспен қамтудың ұтымды жолы

Жұмыспен қамтудың ұтымды жолы
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында көптеген бағытта жобалар кешені дайындалды. Әсіресе кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасының жөні бөлек.

Ұлттық жоба аясында іске асырылған бағдарламалар жұмыс тәжірибесі жоқ жастардың тәлімгердің жетекшілігімен өз мамандығы бойынша тәжірибе жинақтап, нағыз маман ретінде қалыптасуына мүмкіндік береді. Мәселен, «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы 2021 жылдан бері жастардың жұмыспен қамтылуына сеп болуда. 

БАҒДАРЛАМАҒА КІМДЕР ҚАТЫСА АЛАДЫ?

Жұмыс берушілердің арасында жас мамандардан жұмыс өтілін сұрайтындар аз емес. Тіпті кейбір жұмыссыз жастарды сөзге тартсаң: «Түйіндемемді апардым, оқуды жаңа бітіргенімді, тек өндірістік тәжірибеден өткенімді айттым. Бірақ менен жұмыс өтілін сұрады. Дипломды жаңадан алған маманда жұмыс өтілі қайдан болсын?» деп қынжылысын білдіріп жатады.Десе де қазіргі таңда елімізде жұмыс тәжірибесі жоқ мамандарды жұмыспен қамтуды назарға алған «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы соңғы үш жылда диплом алған және жасы 35-тен аспағандарға жоба қатысушысы болуға мүмкіндік береді.Жоба ұзақтығы алты ай болғанымен еңбек келісімшарты он сегіз айға жасалады.

Алғашқы 6 айда қатысушыны мемлекет субсидиялайды. Бағдарламада ұсынылатын жалақы салықтар мен әлеуметтік аударымдарды қоса есептегенде 30 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Яғни әрбір қатысушыға 110 мың 760 теңге төленеді.Облыстық «Еңбек-мобильдігі орталығы» мекемесі жиынтық-талдау бөлімінің маманы Гүлнара Байбосынованың айтуынша, бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан соң әрбір қызметкерді жетінші айдан бастап жұмыс беруші тұрақты жұмыспен қамтуға міндеттеледі екен. 

«Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға ниет білдірген үміткер өтінішке міндетті түрде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімінің бар екенін растайтын құжатты қоса береді. Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқан адамға «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін 6 айдан аз уақыт қалған тәлімгер бекітіледі.

– Бұл жоба биылдан бастап 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат – жас мамандарға жұмыс ұсыну әрі зейнеткерлікке шығатын мамандардың орнын ауыстыру процесіне дайындық. Диплом алған жастардың бірден жұмыс тауып кете алмайтыны бәрімізге белгілі.

Ал кейде керісінше зейнет жасына жетіп қалған маманның орнына адам табу да оңай емес. «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша биыл облыс бойынша 32 жасты жұмысқа орналастыру жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 27 жас жұмысқа жолданды. 5 адам жыл соңына дейін орналастырылып, жоспар толық орындалатын болады, – дейді Гүлнара Байбосынова. 


Айта кету керек, бағдарламаға жолдама алу үшін тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіну керек. Тіркелген жұмыссыздар сондай-ақ «Enbek.kz» қосымшасы арқылы бос жұмыс орнын таңдай алады.

ЖАСТАР НЕ ДЕЙДІ?

Жыл санап бағдарлама шарапатын көрген жастардың қатары артып келеді. Бағдарламаның артықшылығы туралы жоба қатысушысы атанған Тараз қаласының тұрғыны Жадыра Мұхановадан анық-қанығын сұрап білдік.

– Осыдан екі жыл бұрын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Психология» мамандығы бойынша аяқтап, дипломымды қолға алдым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтау мақсатында мансап орталығына хабарласып, маманнан кеңес алдым. Осылайша мамандық бойынша жұмыс істеуге көмектесетін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына қатысуға шешім қабылдадым, – дейді Жадыра. 


Сөйтіп Жадыра Мұханова өткен жылдың қаңтарында жоба бойынша Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне жіберіледі. Оқу орнында жас маман өзін жан-жақты білікті маман ретінде көрсете біледі. Бүгінде Жадыра аталған колледжде жұмысын жалғастыруда.Тараз қаласының тұрғыны Балгерім Өтеген де жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін мамандығы бойынша жұмыс істеуге бекінген. Бастапқы кезеңде кез келген университет түлегі сияқты ол да жұмыс таба алмай қиналған.Кейіннен жақын туыстарынан жұмыссыз жастарға арналған бағдарлама туралы естіп, қалалық мансап орталығына барыпты. 

– Оқуды аяқтағаннан кейін мамандығым бойынша жұмыс іздеп көрдім. Түрлі компаниялар мен фирмаларға бардым. Бірақ барлығының сұрағы бір еді. «Еңбек өтілің, тәжірибең бар ма?» деген сұрақтарды әрбір кездесуде еститін болдым. Кейін мәселемді жақын туысыма айтып едім, бірден маған қалалық мансап орталығына баруға кеңес берді. Ертесіне құжаттарымды жинақтап, жасым мен оқуым сәйкес келетін бағдарламалармен таныстым. Соңында ойлана келе «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша жұмысқа орналасуға бекіндім, – дейді Балгерім Төлегенқызы. 


Балгерім мемлекеттік бағдарламаны жастарға берілген үлкен мүмкіндік деп санайды. Және бұл мүмкіндікке ие болғанына қуанышты екендігін жасырмады. Жұмысқа тұрғанына 6 ай болмағандықтан қазіргі уақытта 110 мың теңге көлемінде жалақы алады. 

– Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Жетекшім де жұмыс барысында қалай жұмыс істеу керек екендігін толықтай айтып береді, түсіндіреді. Үлкен тәжірибе жинақтап жатырмын деп ойлаймын. Бағдарламаның арқасында жаныма жақын орта да таптым. Қазір жанымдағы таныстарыма да осы бағдарлама туралы айтып жүрмін, – дейді Балгерім.

Иә, қазіргі таңда жұмыс істеймін деген жастар үшін мүмкіндік жетерлік. Тіпті жұмыс өтілің болмаса да, мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмысқа орналасуға болады. Бастысы жұмыс істеуге құлқың болса болғаны.

Аяулым Жаманқара 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар