Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әке жолын қуған Арманжан

Әке жолын қуған  Арманжан
Ашық дереккөз
Бүгінде қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмысты ашуда, яғни қауіпсіздікті сақтауда полиция қызметкерлерінің де еңбегі ерен. Бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төнген сәтте басын қатерге тігіп, ерлікпен қаза тапқан Халық қаһарманы Ғазиз Байтасовтың ұлы Арманжан Әбдібек те мамандығы ретінде құқық қорғау саласын таңдаған. «Орнында бар оңалар» деген осы болар, сірә.

Арманжан Ғазизұлы 2000 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Орта білімді облыс орталығындағы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияда алып, арман қуып Алматы қаласына аттанады.– Отбасымызда екі ағайындымыз. Қазіргі таңда өзім отбасылымын, бір балам бар. Шыны керек, 11-сыныпты аяқтағаннан кейін мамандық жайлы көп ойланған жоқпын. Өйткені бала кезден келе жатқан арманым – құқық қорғау саласында жұмыс істеу болатын. Кішкентай кезімде әкемнің формасына қарап, ұзақ тамсанатын едім. Біздің қызығушылығымызды байқағандықтан ба, әкем  інім екеумізге өзінің формасын беріп, суретке түсіріп алатын. Әкем мамандығын ерекше жақсы көрді. Отан алдындағы борышымыз бар екенін, әрдайым елді қорғауымыз керектігін айтып, жадымызға түйіп отыратын. Сәйкесінше Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне құжаттарымды тапсырып, заң факультетінде білім алдым, – дейді Арманжан Әбдібек. 


2021 жылы жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін ол Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқық қорғау академиясына оқуға түседі. Екі жылдан кейін прокуратура органдарына қабылданып, Жамбыл ауданы прокуратурасының аға прокуроры қызметіне кіріседі.Осы тұста еліміздің нағыз патриоты Ғазиз Байтасовтың ерен еңбегі мен батырлық жолын баяндап кеткеніміз жөн болар.
2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында орын алған қайғылы оқиғаны көпшілік әлі ұмыта қойған жоқ. Сол күні облыстық полиция департаменті жол-патрульдік полициясының жеке батальоны 1-взводының командирі Ғазиз Байтасов басқарған топ қала тұрғындарының үрейін алған қылмыскер Мақсат Кариевтің ізіне түседі. Лаңкес  Қазыбек би көшесіндегі сауда үйінің жанына тоқтап, оқ жаудырады. Ғ.Байтасов та сол уақытта көліктен жүгіріп шығып, қылмыскерге қарсы қару кезенеді. Алайда Мақсат Қариев келесі бір көліктің артынан шығып, Ғ.Байтасовты жарақаттайды.

Ауыр жарақаттанғанына қарамастан Ғазиз Әбдібекұлы да қылмыскерге оқ атып үлгереді.Лаңкестің қолынан гранатаны байқаған ол бірден қарсы ұмтылады. Бірақ өкінішке қарай, қасындағылардың өмірі, халқының тыныштығы үшін аянбай күресіп, қылмыскерді жерге құлатқан сәтте лаңкестің қолындағы граната жарылады. Оқиға осылайша орны толмас өкінішпен аяқталады. Полиция капитаны Ғазиз Байтасовқа қаза тапқаннан кейін ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық қаһарманы» атағы берілген еді.Бұл туралы Арманжан Әбдібеков те өз ойын білдірді.– Кез келген адам полиция қызметкері бола алмайды. Бейбіт өмірдің тыныштығын бұзатын лаңкестермен, қылмыскерлермен жұмыс барысында кез келген жағдай орын алуы мүмкін. Отан алдындағы борышты өтеу үшін өзіңді құрбан ететін  кездер де болады. Сол себепті құқық қорғау саласында жұмыс істейтін азаматтарды барынша сыйлаймын, басымды иемін. Өзім де бұл саладан алысқа кеткен жоқпын. Әкемнің жасаған ерлігі де мамандығымды игеруге, лайықты азамат, адал қызметкер болуыма себепші болды десем, артық айтқаным емес. Ел арасында «Өмірде екі нәрседен қателеспе. Бірінші – мамандық таңдаудан, екінші – жар таңдаудан» деген сөз бар ғой.  Сол тұжырыммен  толық келісемін. Мамандығымды жақсы көремін, өзімнің Отаным алдындағы жауапкершілікті барынша сезінемін. Үнемі адал қызмет етуді естен шығарған емеспін, – дейді Арманжан Ғазизұлы. 


Бүгінгі таңда ол әкесінің атына кір келтірмеуге тырысып, өз ісіне, әрекетіне, қызметіне, халық алдындағы борышына үлкен жауапкершілікпен қарап келеді. – Қазақстандық патриотизм – бұл мемлекеттiлiктi, отансүйгiштiктi ұғыну. Ол – адамның туып-өскен жерiне деген құштарлығы, ана тiлiне деген құрметi, Отанының мүдделерiн қорғауы, азаматтық сезiмдерiн бiлдiруі. Жоғарыда айтқанымдай, Отан бізден көп дүниені талап етпейді. Тек біз шынайы жақсы көріп, жұмысымызды тыңғылықты атқарып, барынша адал болсақ жеткілікті. Біз осылайша еліміздің гүлденуіне атсалыса аламыз. Ал «Жастардың патриоттық сезімін қалай оятамыз?» деген сауалға былай жауап берер едім. «Отан отбасыдан басталады», яғни бірінші кезекте отбасыға қорған болу керек. Үй ішінде, дастарқан басында  еліміздің жарқын болашағы туралы әңгімелеу керек. Ең бастысы, қадамымыз нық болуы қажет, – дей келе,  Арманжан Ғазизұлы патриот болу үшін Отанды барынша жақсы көріп, адал жұмыс істеу керек екендігін алға тартты.

Айта кетейік, Ғазиз Байтасов – «Халық қаһарманы» атағын иеленген тұңғыш полицей.  Сонымен қатар әріптестері мен ел-жұрты батырдың ерлігін дәріптеу мақсатында Тараз қаласындағы Қазыбек би көшесінің бойынан ескерткіш тақта орнатты. Тектұрмас жақтағы бейітінің басына қызыл граниттен 5 метрлік ескерткіш қойды. Сонымен қатар өзі оқыған Түймекент ауылындағы жалпы орта білім беретін мектепке халық батырының есімі берілді. 2019 жылы мамыр айында облыс орталығында мемориалдық тақта орнатылып, сол жылдың 3 қыркүйегінен бастап Герцен көшесі Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов көшесі болып өзгертілді. Ал қазан айында облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының ғимаратында және облыстың барлық қалалық, аудандық полиция бөлімдерінде Халық қаһарманы, полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың «Ерлік бұрыштары» ашылды. 2012 жылдың желтоқсан айында  қала сыртында Ғазиз Байтасов атындағы облыстық полиция департаменті оқу-жаттығу полигоны жұмыс істей бастады. Бұл жерде де батырға ескерткіш орнатылды.Иә, күнделікті жұмысында басын қауіп-қатерге тігіп, төзімді тірегі, тыныштықты тілегі еткен, халқына қызмет қылуды  мансап емес, парызым деп санайтын құқық қорғаушылар қашанда үлкен құрметке лайық. 

Аяулым Жаманқара
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Жат ағым - Жаһандық індет
Алдыңғы мақала
Жат ағым - Жаһандық індет

Ұқсас жаңалықтар