Ақбота өткен жылы ұстазы, мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйлә Момынқұлованың жетекшілігімен «Абай оқулары» байқауына қатысып, аудандық сында жеңімпаз атанды. Сөйтіп, облыстық байқауға жолдама алған еді. Онда ол «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациясы бойынша бақ сынап, Абай туралы жазылған проза, поэзия, драма, тағы басқа да шығармаларды толық игергендігін танытты. Абай бейнесінің қалай ашылғандығын талдай білді. 2024 жылдың сәуір айының соңғы күндері Тараз қаласында өткен аталған байқауға қала мен облыс аудандарынан ең мықты, білімді жастар жиналған. Солардың арасынан суырылып шыққан ол ешқандай кедергісіз республикалық байқауға қатысу мүмкіндігін иеленді.
– Республикалық байқау Абай облысындағы Жидебай өңірінде 10-13 маусым аралығында өтті. Семейліктер бізді жылы шыраймен қарсы алып, сый-құрмет көрсетті. Бізге басшылық жасап барған Мейірбек Сәменов ағай Абай туған өлкемен жан-жақты таныстырды.Байқаудың бұл кезеңіне республикамыздың түкпір-түкпірінен келген білімді деген 131 оқушы қатысты. Онда облысымыздың намысын 6 оқушы қорғадық.Мен байқауда «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» номинациясы бойынша сынға түсіп, жүлделі II орынды иелендім, – дейді Ақбота Қазыбекқызы қуанышын жасыра алмай.
Cондай-ақ ол аталған байқаудың биыл жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.
Байқауға республиканың түкпір-түкпірінен өз саласының білгірі атанған барлығы 15 профессор, абайтанушы, шәкәрімтанушы, филолог пен әдебиеттанушылар қазылық жасаған. Байқау соңында жеңімпаздарды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Н.Жұмаділдаева құттықтап, жүлдегерлерге арнайы диплом, медаль, сертификат, сыйлық ретінде ұялы телефон тапсырған. Сондай-ақ байқауда барлық қатысушыларға Абайдың келбеті бейнеленген жейде, баскиім, сөмке берілген.
Шалғайдағы шағын ғана ауылдан шығып, республикалық байқаудан II орынды иеленген Ақбота Мәжитті біз де жеңісімен құттықтап, алда биік белестерді бағындырып, аймақ абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз.
Сүндетулла Әбілов,
журналист.
Мойынқұм ауданы