Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Маңызды келісімнен күтеріміз көп

Маңызды келісімнен күтеріміз көп
Ашық дереккөз
Әлемдік нарықта бәсекеге төтеп беру оңай шаруа емес. Тығырықтан шығу үшін салмақты стратегия қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында осы мәселеге айрықша назар аударып, алдағы міндеттерді айқындап берді. Түптеп келгенде, мемлекетіміз алыс-жақын шетелмен тығыз қарым-қатынас орнатып, отандық компаниялардың орнықты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауы қажет.

Мәселен, қазіргі уақытта Сингапурдың экономикалық держава ретінде маңайдағы елдермен иық түйістірісуде күші басым. Негізінде бұл ел әу баста әлем нарығын электроника саласында өндірген өнімімен жауласа, одан бөлек ақпараттық технология, фармацевтика, медицина, қаржылық қызмет саласын өзге мемлекеттер арқылы дамытуға да баса мән берді. Осы тектес маңызды салалардағы өндіріске ірі инвестиция тартуға және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржылық және жоғары технологиялық хаб ретінде дами түсуіне күш салды. Ең маңызды атап өтер бір жайт, осы ел экономикасы үшін әсіресе сингапурлық трансұлттық корпорациялар маңызды рөл атқарады.

Жақында ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында төменгі палатаның  қарауына ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын ұсынған болатын. Министр Арман Шаққалиевтің айтуынша, Қазақстан үшін Сингапурмен жасалған келісім көрсетілетін қызметтердің еркін саудасы туралы алғашқы мәміле болып отыр екен.

– Сингапур көрсетілетін қызметтерде дамудың озық тәжірибесіне ие, бұған оның экономикалық көрсеткіштері мен инновациялық жетістіктері дәлел бола алады. Бұл Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы және жалпы әлемдік экономикадағы флагман, сондай-ақ ірі IT және қаржы хабы болып саналады. Қазақстан мен Сингапур арасындағы тауар айналымы 2023 жылы 1,8 миллиард АҚШ долларын құрады, оның ішінде қазақстандық экспорт 94 пайызға ие.Қазақстан мен Сингапур арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы 2023 жылы 9,6 миллион АҚШ долларын құрап, қазақстандық көрсетілетін қызметтер экспортының үлесі 37 пайызға жетті. Мәселен, Қазақстаннан Сингапурға 2023 жылы 3,5 миллион АҚШ доллары сомасында қызметтер көрсетілді.Келісім шеңберінде қазақстандық бизнес үшін Сингапурдың көрсетілетін қызметтер нарығына қолжетімділікті кеңейтіп, жақсарттық. Осылайша Сингапур Дүниежүзілік сауда ұйымындағы міндеттемелер шеңберінде атап көрсетілген ұсынылатын қызмет секторларынан басқа, Қазақстан үшін дистрибьютерлік қызметтер, білім беру саласындағы қызметтер, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметтер нарығына да қосымша жол ашты.Одан бөлек келісім инвестицияларды жүзеге асыру үшін неғұрлым қолайлы және болжамды жағдайларды көздейді. Сондай-ақ халықаралық практикаға сәйкес инвесторларды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді, – деді Арман Абайұлы.


Министрдің сөзіне сүйенсек, мемлекетімізге Сингапурдан инвестициялық қаржы әкелу, инвестор тарту барысында ұлт мүддесіне қайшы келмейтін заңдылықтар ескерілген. Мысалы, инвестициялар шеңберінде Қазақстан үшін көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде отандық өнім үлесі талаптарын, экономиканың аса елеулі салаларында, яғни жер қойнауын пайдалану, жаңартылған энергия көздеріне қатысты шектеу шараларын қолдану құқығы сақталған.Қазақстанға Сингапурдың салған тікелей инвестицияларының көлемі соңғы 10 жылда 1,7 миллиард АҚШ долларын құраған. 2023 жылы Сингапурдан Қазақстанға тікелей инвестициялардың жалпы ағыны 457 миллион АҚШ доллары көлемінде қалыптасқан. 

– Жалпы көрсетілетін кызметтер саласы әлемдік экономиканың аса ірі және перспективалы секторы болып есептелетінін атап өткен жөн. Әлемдік жалпы ішкі өнімдегі көрсетілетін қызметтер үлесі дамыған елдерде шамамен 75 пайызды және дамушы елдерде 50 пайызды құрайды. Қазақстанның жалпы ішкі өнім құрылымында көрсетілетін қызметтердің үлесі 50 пайыздан асады. Осыған байланысты әлемдік тәжірибеде көрсетілетіндей қызметтер саласын ілгерілету және дамыту үшін маңызды мәселелер ескерілген. Атап айтқанда, көрсетілетін қызметтер саласын дамытуға жағдай жасау мақсатында еркін сауда мен инвестициялар туралы келісімдер қолданылады. Жоғарыда сөз етілгендей, Қазақстан үшін бұл көрсетілетін қызметтер еркін сауда туралы алғашқы келісім. «Азия елдері арасындағы төрт мықты мемлекет, яғни Азия жолбарысының бірі – Сингапур» біздің алғашқы серіктес болып отыр, – деді А.Шаққалиев.


Сондай-ақ министр: «Сингапур – қызметтер саудасы мен инновациялар саласында баға жетпес тәжірибесі бар серіктес. Мұндай серіктеспен жасалған келісім – үлкен жетістік. Бұл құжат тәжірибе алмасуда, алыс-беріс жасап жүрген елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуда айтарлықтай серпін береді, ісіміз табысты болады деп санаймыз», – деді.
 

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар