Әр демократиялық мемлекеттің басты міндеті – заң үстемдігін орнату және азаматтар құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету. Елімізде кейінгі жылдары құқықтық жүйесін жетілдіру мақсатында бірқатар реформа іске асырылып келеді. Соның бірі – Конституциялық соттың қайта құрылуы. Егемендіктің алғашқы жылдары елімізде мұндай конституциялық бақылау органы жұмыс істеген еді. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң Конституциялық сотты Ата заңымыз сот арқылы қорғаудың жоғары органы ретінде бекітіп, 1992 жылы қабылданған «Конституциялық сот туралы» және «Конституциялық сот ісін жүргізу туралы» ҚР Заңдарынан кейін өз жұмысын бастады.Конституциялық сот егер Конституцияға қайшы келсе, Президенттің күшіне еніп қойған жарлықтары мен заңдарының күшін жоя алатын құзыретке ие.
Бұл органның ел есінде қалған шешімдерінің бірі – Парламент рөлін атқарған Жоғарғы кеңес сайлауын заңсыз деп тануы еді. Осы шешімнен кейін Жоғарғы кеңес таратылды. Сол кездегі «Консти-туциялық сот ісін жүргізу туралы» Заңының 18-бабына сәйкес Конституциялық сотқа талап-арыз беру құқығы Бас прокурорға тиесілі болды, яғни өтініш беру субъектісіне жатты. Ал 1995 жылы 30 тамызда жаңа Конституция қабылданып, Конституциялық кеңес құрылып, соған сәйкес Конституциялық сот жұмысын тоқтатты.
Конституциялық кеңес Президент пен Парламент сайлауының, рефе-рендумның заңға сәйкес өтуін қараған. Сонымен қатар Президент қол қой-маған, бірақ Парламент қабылдаған заңдардың, халықаралық шарттар-дың ратификацияланғанға дейін Конституцияға сәйкестігін тексерген және Конституция нормаларына ресми түсiндiрме берген.Конституциялық кеңестің құқықтық мәртебесін айқындайтын ережелер негізгі заңның «Конституциялық кеңес» деп аталатын VI бөлімінде бекітіліп, кеңестің құзыреті, бұл органға өтініш беру субъектілері және оның салдары, кеңестің құрамын қалыптастыру тәртібі, шешімдерінің заңды күші мен сипаты анықталған.
Конституциялық кеңестің құрылу мен қызмет мәселелері «Конституциялық кеңес туралы» Конституциялық заңмен реттелген. Бұл заң бойынша Бас прокурор Конституциялық кеңеске өтініш беру субъектісіне жатқан жоқ.Жалпы Конституциялық кеңес жұмыс істеген 27 жыл ішінде конс-титуциялық бақылау органы ретінде Конституцияның үстемдігін тиімді қамтамасыз етті. Оның тәуелсіздігі және биліктің бірде-бір тармағына кірмеуі конституциялық құндылықтарды өз бетінше қорғауға мүмкіндік берді.Бұл тұрғыда «Конституциялық сотты қайта құру не үшін қажет болды?» деген сұрақтың туындауы орынды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 16 наурызда-ғы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Көптеген елде Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды», – деп, елімізде қайтадан Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастама – әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам.2022 жылы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдумда Конс-титуцияға өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, Конституциялық соттың құрылуы да сол кездегі түзетулердің бір бөлігі болды.
Кейін 2022 жылы 5 қарашада Президент қол қойған «Конституциялық сот туралы» Конс-титуциялық заң қабылданып, жаңа институттың мәртебесі мен құзыретін толық айқындап берді. Былтырғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастаған соттың басты ерекшелігі – оған барлық азаматтар, қарапайым адамдар өздерінің конституциялық құқықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы өтініш бере алады. Ал Конституциялық кеңеске жеке тұлғалар жүгіне алмайтын.
Конституциялық соттың құзыретіне сайлауды өткізудің дұрыстығы мен Парламент қабылдаған заңдар мен халықаралық шарттардың ратифи-кацияланғанға дейін республика Конституциясына сәйкестігін қарау, сондай-ақ Конституция нормаларына ресми түсіндірме беру құзыреті кіреді. Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша олардың құқықтары мен бостандықта-рына тікелей қатысты нормативтік-құқықтық актілердің Конституцияға сәйкестігін қарайды. Сонымен бірге Конституциялық сотқа жүгіну құқығы Бас прокурор мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді. Бұлар конституциялық іс жүргізуге бастамашылық жасау өкілеттігі берілген жаңа субъектілерге жатқызылды. Конституциялық соттың бұл субъектілердің жолданымдарын қарауы – негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз етудегі тиімді тетігі.
Ең бастысы, Конституцияда мемлекеттің ең жоғары құнды-лықтары деп танылған адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы бұл жүйенің жұмыс істеуіне тікелей байланысты.Енді «Конституциялық сотта прокуратураның рөлі қандай, азамат-тардың шағымдары бойынша іс жүргізуге прокуратура тарапынан өкіл қатыса ма?» деген сұрақтарға жауап берейік. Негізгі заң бойынша Конституциялық сот пен прокуратураға жүктел-ген міндеттер бір-біріне жақын. Конституциялық сот конституциялық заң-дылықты қамтамасыз етеді, прокуратура заңдылықтың сақталуындағы жоғары қадағалауды жүзеге асырады. Прокурорлар қадағалауды жүзеге асыра отырып, күн сайын заңнамалық және өзге де құқықтық актілерді қолданады.Конституцияға, заңдарға, Президенттің жарлықтарына және ратифи-кацияланған халықаралық шарттарға қайшы келетін заңға тәуелді актілер анықталған жағдайда прокуратура оларға наразылық келтіреді.
Айта кету керек, 2017 жылғы конституциялық реформаға дейін прокуратура органдарына заңдарға наразылық келтіру құқығы берілді, бірақ бұл тетік жұмыс істемей келген еді. Өйткені ол кезде прокуратура конституциялық бақылау органына жүгіну субъектілеріне жатқан жоқ және оған конституциялық іс жүргізу бойынша бұрын қабылданған қорытынды шешімді түсіндіру туралы өтінішхатпен ғана жүгінуге құқылы болды.Енді 2022 жылғы конституциялық реформадан кейін заңдардың Конституцияға сәйкестігіне күмән туындаған жағдайда прокуратура негізгі заңның 72-бабы 4-тармағының тәртібімен Конституциялық сотқа жолданыммен жүгінеді.Бас прокурордың өкілі азаматтардың өтініштері бойынша Конституциялық соттағы барлық істерге қатысып, қорытынды дайындау жолымен де қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге Конституциялық соттың шешімдерін орындау үшін уәкілетті органдармен бірлесіп, заң жобаларын әзірлеуге қатысады. Жалпы Конституциялық сот пен Бас прокуратураның өзара іс-қимылы қарқынды дамып келеді.Конституциялық бақылау бүгінде Конституция ережелерінің тікелей қолданылу қағидасын іске асыруды қамтамасыз ете бастады. Бұған Конс-титуциялық соттың қарапайым азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қозғайтын қолданыстағы заңнаманың бірқатар нормасы Негізгі заңға сәйкес келмейді немесе заңдар деңгейінде шұғыл өзгеруге жатады деп танылған қаулылары дәлел бола алады. Конституциялық соттың конституциялық заңдылықтың жай-күйін ба-қылауды ұйымдастыру үдерісіне Бас прокуратураның белсенді қатысуы адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мақсатында құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға елеулі үлес қосады деген сенімдеміз.
Альбина Маутова,
заңгер