Дүбірлі дода делебесін қоздырды
Аттың жалы, түйенің қомында күн кешкен батыр бабаларымыздан қалған асыл мұраның бірі – көкпар. Ел басына күн туғанда жаудан қорғайтын білекті де жүректі һәм мінезді жігіттердің жұрт арасынан шығуына осындай ұлттық құндылықтарымыз арқау болғаны ақиқат. Қазақтың қанына сіңіп, сүйегіне біткен ұлттық ойынымыз бүгінде ел ішінде кеңінен насихатталуда. Әсіресе, еліміз егемендік алғалы ат спорты алға басты. Соның арқасында ауыл-аймақтардан шыққан небір рухты жігіттердің өнері дүйім жұртты сүйсіндірумен келеді.
Жуырда облыстық ұлттық ат спорты түрлері федерациясының кубогы үшін көкпардан ересектер арасында өткен республикалық турнир Әулиеата өңірін үш күн бойы дүбірге бөледі. Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында орналасқан атшабарда ұйымдастырылған додада Түркістан облысынан келген «Тұран», Жамбыл ауданының негізгі құрама командасы және осы ауданның Өрнек, Жамбыл ауылдарының командасы, Меркі ауданының негізгі құрама командасы мен осы ауданның «Тілеміс батыр» командасы, Т.Рысқұлов ауданының «Бірлес», Сарысу, Байзақ аудандарының негізгі құрама командасы мен «Әулиеата жастары» командасы өнер көрсетті. Топтық кезеңде бақ сынаған көкпаршылар 15 минуттан екі тайм бойы өзара кім мықтыны анықтаса, финалға шыққан командаларға 20 минуттан екі тайм уақыт берілді. Турнирдің өтуіне «BERG» компаниясы демеушілік етсе, Меркі ауданының кәсіпкерлері және жекелеген азаматтар жанкүйер ретінде әр салым салған ойыншыларына 100 АҚШ долларын, кейбірі бір қой атады. Сондай-ақ Жамбыл ауданының жанкүйерлері де кемі бір салымға 30 мың теңге тікті. Қолдау білдіріп келген жанкүйерлер арасында өз командасы жеңіске жетсе бір тай беретінін жария еткендер де кездесті. Қарымта салым салып, жанкүйерінің арқасында қалтасы қалыңдай түскен көкпаршылар ойын көрігін қыздыра түсті.
– Турнир облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Мұндағы басты мақсат – ұлттық спортты дамыту арқылы саламатты өмір салтын насихаттау. Ата-бабамыздың ізгі салт-дәстүрін, баға жетпес қазынасын ел ішінде кеңінен дәріптеу. Осы арқылы жастардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығы артатынына сенімдімін. Бұдан бөлек көкпар ойыны халық арасында сәйгүліктердің қадір-қасиетін арттыруға, баптаушы атбегілердің жаңа есімдерін халыққа кеңінен таныстыруға, үздік спортшыларды анықтауға септігін тигізетіні сөзсіз. Бір айта кетерлігі, жастарды отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелейтін көкпар ойынына кейбір аудан әкімдері селқос қарайтын секілді. Мәселен Қордай, Мойынқұм, Шу, Талас аудандарынан бір де бір команда қатыспады. Естуімізше аталған аудандардың әкімдігі «бұл шығынды көп қажет ететін спорт түрі» деп қаржы бөлмей отырғанға ұқсайды. Таразға тиіп тұрған Жуалы ауданының жігіттері бұрын осындай жарыстардан қалмаушы еді. Осы жолы қоңырау шалып тілдескенімізде турнир өтетінінен хабарсыз болып шықты. Сарысу ауданының көкпарға команда қатыстырмағанына 20 жылдан асып кетті. Бізді бір қуантқаны, осы жолы бұл сең бұзылып, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің және демеушілердің көмегімен бір команда келіп қатысып, тартысты ойын көрсетті. Біз көкпарға ұлттық ойын деп қарағанымызбен, қазір маңайымыздағы елдер бұған таза спорттық ойын ретінде назар аудара бастады. Айырқалпақты ағайындар да, басқасы да көкпарды спорттық ойынға айналдыруға күш салып, этноойындық сипаттағы көзқарастан арылу үстінде. Сондықтан әлгіндей аудан әкімдері көкпарға мейлінше қолдау көрсетсе деген тілегіміз бар, – деді «Әулиеата» ұлттық спорт түрлері клубының директоры Нұрдәулет Момынов.
Дүбірі басым доданың ақтық финалында алтын жүлдені «Әулиеата жастары» мен Меркі ауданының негізгі құрама командасы сарапқа салды. Нәтижесінде «әулиеаталық» құрам 10:1 есебімен жеңіске жетіп, 1 миллион теңгенің жүлдесіне қол жеткізді. Осылайша меркіліктер екінші орынға тұрақтап, 700 мың теңгеге ие болды. Үшінші орынды Т. Рысқұлов ауданының «Бірлес» құрамасынан 6:1 есебімен басым түскен Жамбыл ауданының негізгі құрамасы иеленді. Сонымен қатар «Үздік сәйгүлік» номинациясына Саян атты тұлпар лайық деп танылса («Әулиеата»), сарысулық көкпаршылар «Жеңіске деген құштарлығы үшін» аталымына ие болды. Елдос Асыл (Жамбыл ауданы) – «Үздік қорғаушы», Нұрлан Бейсембаев (Меркі ауданы) – «Үздік ойыншы», Амангелді Қадірбек («Бірлес», Т.Рысқұлов ауданы) «Үздік шабуылшы» атанып, әр номинация иелеріне 30 мың теңгеден үлестірілді. Жеңімпаз командалар ақшалай сыйлықтан бөлек, кубок, медаль, дипломмен марапатталды.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ