Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл
ашық дереккөз
Көктемгі тасқын судың зардабын Атырау, Батыс Қазақстан, Петропавл халқы әлі де көруде. Баспанасынан айырылған мыңдаған адам үй-жайсыз далада қалғанда бүкіл қазақ елі көмек қолын созды. «Суға кеткен тал қармайды» демей ме қазақ? Теледидардан топан судың тыныш ұйқыда бейқам жатқан он төрт облыстың тұрғындарын әбігерге түсіргенін көзімізбен көрдік. Қолында төлқұжатынан басқа түгі қалмаған жұртқа Мемлекет басшысы қаржылай көмек бергізіп, барлық құрылымдарды тасқын су басқан елді мекендерді апаттан құтқаруға жіберіп, халыққа осындай қиын-қыстау сәтте Үндеу тастады.

Содан бері бір айдан астам уақыт өтті. Үйсіз, күйсіз қалғандарға Үкімет үй салып беріп, жылы да жайлы баспанаға көшірудің қам-қарекетін жасауда. Қазір су басқан аймақтардан қарғын су кеткелі көптеген жанұя өздерінің қабырғасы қақырап, дүние-мүлкі  жарамсыз болып қалған баспаналарына  оралып жатыр. Үкімет оларға қаржылай  жеңілдіктер беріп, жөндеу, қайта қалпына келтіру, жаңа үй салып беруді  қолға алды. Ал Оралда Ресейдің Орск аймағындағы суқоймадан келіп жеткен су елді әлі әлекке түсіруде. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген рас-ау. Осы соңғы отыз жылда болып көрмеген апаттан зардап шеккен оралдықтарға Тұрар Рысқұлов ауданының халқы да көмек қолын созды. Бұл бастаманы ең алғаш «Сиқым-Тоғатай» қоғамдық қоры бастаған болатын. Іле оны бүкіл аудан жұртшылығы қолдап ала жөнелді.
 – Ақыртөбе аймағындағы барлық  елді мекендер, Көгершіннен Сөгетіге дейінгі жұрт Ақыртөбеде қаңтарулы тұрған тоғыз тонналық жабық «дайманға» жан-жақтан азық-түліктері мен киім-кешектерін әкеле бастады. Мұхтар Әуезов пен Шоқан Уәлиханов мектептері алғашқылардың бірі болып қайырымдылық шарасын жасады. Олардың артынша аудандық телекоммуникация торабы, орталық аурухана, аудандық білім бөлімі, барлық ауыл-аймақ азаматтары, еріктілер, қоғам белсенділері осынау жақсы бастамамызға өз үлестерін қосуға ниет білдірді, – дейді  «Сиқым – Тоғатай» қоғамдық қоры президентінің орынбасары Ғалымбек Шәріпханов.
Жүк тиеліп болған соң Жарлысу ауылының жасы 96-ға келген қариясы Тұрсымбай ақсақал ақ батасын беріп,  Ғалымбек Шәріпханов бастаған Мәди Құлметов пен Данияр Тілеубердиевтерді екі мың шақырымдық алыс сапарға шығарып салды. Ел аманатын арқалаған азаматтарға аудан әкімі Ернар Есіркепов  пен Ақыртөбе  ауылының  әкімі Бауыржан Ахметов ақ тілектерін  айтып, сәт сапар тіледі. 9 мамыр – Жеңіс күні ауыр жүк тиеген көлік Орал қаласына аман-есен жетті. 
Сөйтіп, Ғалымбектің «керуенін» Оралдан  Ғарифолла Бекбаулиев, Үмбет Жолынбаев, Асан Төрегелдиев, Бауыржан Бақтыгереев сынды әкімдік  өкілдері мен әкім Андрей    Заозеровтар қарсы алды. Ақыртөбеден  жеткен   ел аманатын әкімдік  адамдары «Нұрлы жол», «Колос», «Подстепное», «Автодорожино», 1 және 2-саяжай  елді мекендерінен келген 298  азаматқа  үлестіріп берді. Олардың 32-сі  көпбалалы  отбасы, үшеуі «Алтын алқалы» ана. Орал халқы Жамбыл жерінен барған  азаматтарға,   Тұрар Рысқұлов  ауданының халқына жүрекжарды лебіздерін арнап, алғыстарын жеткізді. 

 Сейсен Қожеке, 
журналист, 
Т.Рысқұлов ауданы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар