Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Төл тағамның түр - түрін тараздан ғана табасың

Төл тағамның түр - түрін тараздан ғана табасың
Ашық дереккөз
Қазақта «Тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең, не қалар?» деген тауып айтылған сөз бар. Бұрын бір өзі бір табақ етті тауысқан батыр бабаларымыз секілді немесе торсық толы қымызды еш қиналмай сіміріп салатын кішкентай «көлтаусарлар» қазір ортамызда бар ма? Бар болса, оларға саптаяқпен сусынын ұсынып, табақ тартуда кәдеден жаңылмайтын ұлттық мәзірлі мейрамханалар Тараз қаласынан табыла ма?

 Қасиетті Рамазан айымен тұспа-тұс келген биылғы әз Наурыз мерекесі қарсаңында дәл осы сұраққа жауап іздеп, қала тұрғындары арасында сауалнама жүргіздік. Ә дегеннен орталық алаңдағы «Жастар» саябағында бас қосқан бір топ студент кезіге кетті. Өзін Салтанат Еркінбекқызы деп таныстырған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 2-курс студенті қаладағы біз іздеген ұлттық мәзірге бай бірқатар дәмхананы жіпке тізіп берді. Біздің қалада ұлттық тағамдарды жақсы әзірлейтін, сондай-ақ ішкі безендіруі ұлттық эстетикалық атмосфера сыйлайтын мейрамхана мен дәмхана аз. Бірақ тіптен жоққа шығаруға болмайды.

Мәселен «Bauyrdaq», «Sherbet», «Gibrat», «Sybaga» сынды дәмхана, мейрамханалардың қатары жыл санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Бағасы да қалта көтерімді. «Кедейдің бір тойғаны, шала байығаны» демекші, шәкіртақымыз түскенде топтағы қыз-жігіттер ұлттық дәмханаларда бас қосып, тамақтануды әдетке айналдырдық, – дейді ашық-жарқын студент Салтанат.

Жақсыны көрмекке деген. Ең әуелі, студенттер жол сілтеген «Жастар» саябағының бойында орналасқан «Bauyrdaq qazaq fastfood» асханалар желісіне бардық. Шынтуайтында, бұл көздің жауын алатын қазақи дизайнерлік шешімдердің тоғысқан жері екен. Әсіресе «Ауылдың дәмі – қаланың төрінде» деп жазылған кіреберіс маңдайшадағы жарнамалық жазуы оқыған ойлы қазақтың санасына патриоттық сілкініс тудырары хақ.

Ғимараттың есігінен енгеніміз сол еді, сәнді қамзол киген даяшы қыз жылы жүзбен қарсы алып, төрге оздырды. Сенесіз бе, қолыма ұстатқан мәзірде тек қазақтың ұлттық тағамдары бар екен. Жай күннің өзінде екі қазақ бас қосып, ет тағамынан басқа неге тапсырыс берерімізді білмей дал болып отыратынбыз. Ал мұнда түрлі таңдау еркі бар. Мәзір үш тілде жазылыпты. Жай ғана жазып қоя салмаған, ұсынылған тағамның құрамы мен дайындалу барысын қарапайым тілде тәптіштеп түсіндірген.

Міне, мен күткен персоналдық қызмет осы болатын. Қарап отырмай көрші үстелде отырған егде жастағы қонақтардан да ұлттық асхана төңірегінде әңгіме өрбітпек болдық. Әрдайым диалогке ашық ата-әжелер мұндай ұлттық мейрамханалардың көптеп ашылғанын құба-құп көреді екен. – Бұл жерге біз алғаш рет келіп отырмыз. Қаламызда мұндай ұлттық мейрамхананың барына қуандық. Әйтпесе шаһардың қай жеріне тамақтануға барсаң да ұсынатын ас мәзірінен ұлттық тағамдарды кездестіре бермейсің. Міне, мәселен қазір ортаға үлкен ас пен қойдың басын алдырдық. Даяшы бастың бір құлағын кесіп алып келді. Бұл қазақта қонаққа деген сыйластықты білдіреді. Табақты тартудың өзі – өнер. Сондай-ақ сусындардың ішінде шұбатқа тапсырыс бердік.

Бізге ұсынылған барлық ыдыс сапалы ағаштан жасалған екен. Енді жиі келіп тұрамыз, – деп ағынан жарылды Күләш Қайырбекқызы. Айтпақшы, мұнда жай ғана жеңіл ас ішіп, ішке ел қондырамын десеңіз, тары және ірімшіктен жасалған десерт те ұсынылады. Тіпті қымыздан жасалған ерекше коктейльді де табасыз. Одан әрі Комратов көшесі, №69 мекенжайында орналасқан «Sherbet» шайханасына бас сұқтық.

Мұнда да персоналдық қызмет көрсетуден бастап, ас мәзірі, әуезді ән, даяшылардың бірыңғай формасы, жалпы атмосфера – барлығы қазақы нақышта үйлесім тапқан. Бізді шайхананың басқарушысы Мадина Сауранова жылы жүзбен қарсы алып, 100 адамға шақталған отбасылық тамақтану орнының толық жұмыс жүйесімен таныстырды. – Біз о баста қарапайым халыққа қолайлы әрі бағасы қолжетімді, тиісінше жайлы орта қалыптастыру мақсатында осы дәмхананы аштық. Алғашында бірқатар инвестор бірігіп, «Kausar» деген атпен танылған едік. Кейін кәсіпкерлік көзқараспен ребрендинг жасап, атауын «Sherbet» деп ауыстырдық.

Біздің басқа бәсекелестерімізден айырмашылығымыз көп. Ең әуелі, біз ешқандай алкогольді ішімдік сатпаймыз. Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасы мақұлдаған «Халал» сертификатымыз бар. Сондай-ақ қонақтарға қызмет көрсету құны 0 пайыз және тұрақты келушілерге 5 пайыздық арнайы бонустық жүйе қарастырылған. Туған күн, той, оның ішінде беташар, тұсаукесер, даталы мерейтой иелеріне 10 пайыз жеңілдік қарастырылған, – дейді ресторатор Мадина ханым.

Тақырыптың маңызын барынша ашу мақсатында Қазыбек би көшесінің бойында орналасқан «Sybaga» мейрамханасына барып, қайырымдылық шарасының басы-қасынан табылдық. Мейрамхананың иесі, кәсіпкер Сымбат Қалыбекқызы басқа да бірнеше демеушімен бірігіп, қалалық №2 қарттар мен мүгедектер үйіндегі азаматтарға ауызашар беріп жатыр екен. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген осы.

Негізі бірі білсе, бірі білмес, облыс орталығынан «Gibrat» мейрамханасын ашу арқылы ұлттық дәстүрді ұлықтап, қазақ тағамын дүниежүзілік бренд етуді алғаш мақсат тұтқан белгілі кәсіпкер, «Еңбек Ері» Сайрамбай Дөненбаев еді. Осы ретте Қ.Рысқұлбеков саябағында орналасқан «Gibrat» мейрамханасының қазіргі иесі Сайрамбай мырзаның туысы Меруерт Мейрамбекқызымен де тілдесудің реті келді. Білікті кәсіпкердің айтуынша, санғасырлық көне шаһар тарихи нысандармен және ұлттық нақыштағы архитектурамен ғана дүйім жұртқа танылмауы керек.

Ұлттық тағамдарымызды да ел-жұртқа дәріптеуді мемлекеттік тұрғыда қолға алу қажет деп санайды. Алты Алашты алты құрлыққа танытқан Димаш Құдайбергеннің қарындасы Раушан Құдайберген де Астана қаласынан дәл осындай ұлттық асханамызды дәріптейтін «Daididau» ұлттық мейрамханасын ашқан болатын. Нысанның локациясы қаланың бас символы саналатын «Бәйтерек» монументінің маңында орналасқан. Алыс-жақын шетелден келген туристерге ұлттық менталитетімізді, сакральді байлығымызды көзбен көріп қана қоймай, оның дәмін сезініп көруге мүмкіндік беретін мейрамхана желісі жуық арада Тараз қаласынан да ашылып қалуы мүмкін екен. Осындайда «Ұлы Жібек жолы жүріп өткен Тараз қаласының табиғаты да, дәмі тіл үйірген тағамы да әлдеқашан мәдениеттің озық үлгісін көрсетіп  қойған-ау» деген ойға қаласың.

Нұрсұлтан Рахымбай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар