Жиын барысында бірқатар мәселе талқыланды. Бүгінде Қазақстан құрамасының қоржынында спорттың 8 түрі бойынша 19 жолдама бар (садақ ату – 4, тасжолдағы велоспорт – 3, нысана көздеу – 5, қазіргі бессайыс – 2, бокс – 2, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастика – 1). Айта кетейік, ел спортшыларынан Париждегі дүбірлі додаға ең алғашқы жолдаманың бірін Ислам Сәтбаев жеңіп алған еді. Былтыр Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен нысана көздеуден 53-лицензиялық әлем чемпионатында отандасымыз ерлер арасында 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 206,5 ұпаймен 4-орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болған еді.
Қазіргі уақытта Ислам Сәтбаев жеке жаттықтырушысымен бірге төртжылдықтың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр.«Меніңше, Пьер Кубертеннің «Ең бастысы – жеңіс емес, ойындарға қатысу» деген ұраны ескірді. Олимпиадаға қатысатын кез келген спортшы медаль олжалағысы келеді. Мен де дәл солай ойлаймын. Бірақ Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін спортшы нағыз спорттық бабында болуы керек. Ол үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігін шыңдап отыруға тиіс», дейді Ислам Сәтбаев.
Жалпы жоспарға сәйкес 25 спорт түрі бойынша лицензиялардың санын 90-ға дейін жеткізу міндеті тұр. Ал ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың айтуынша, лицензия санын арттыруға әлі де мүмкіндік бар.«Біздің үмітіміз лицензияларға байланысты. Өкінішке қарай, 19 лицензия өте аз. Мысалы, Токиоға дейін бізде спорттың 15 түрінен 30-дан астам лицензия болған.Алда әлі 70 лицензиялық турнир бар, біз оны қуып жетуге тырысамыз. Біздің команда барлық Олимпиада ойындарына 100-ден 110-ға дейін қатысушымен қатысты. Уақыт бар, оның орнын толтырамыз», деп қосты министр.Сонымен қатар кездесуде жүлдеге үміткер 54 спортшыдан тұратын тізім жасақталды. Құрама көшбасшылары әр спорт түрінің ерекшелігін ескере отырып, жеке жоспар бойынша дайындалады. Бір сөзбен айтқанда, олар ештеңеге мұқтаж болмайды.
Басқосуда Олимпиада алдындағы тестілік жарыстарға қатысу да маңызды екені тілге тиек етілді. Әр спорт түрінің жарыс кестесіне сәйкес командалардың Парижге ұшып бару уақыты бекітіледі. Сонымен қатар ұлттық құрама формасының дизайны да бекітіліп, оны дайындау ерекше назарда болатыны айтылды.Еске сала кетсек, әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады деп жоспарланған Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Жуырда төрт жылда бір келетін әлемдік додаға дайындық барысын Париж мэрі де пысықтады. Анн Идиальго жергілікті BFM телеарнасына берген сұхбатында қала спорттық сайыстарды өткізуге толық дайын емес екенін сынға алып, шұғыл шешілу керек әлеуметтік, материалдық жағдайларға назар аударды.
Парижді басқарып отырған алғашқы әкім қала жазғы Олимпиада ойындарын өткізуге 100 пайыз дайын емес екенін жасырмады. Ол сұхбатында спорттық сайыстарды тамашалауға келген адамдар мен қатысушылардың саяхаттауы мен қаланы тамашалауы үшін транспорт тапшылық тудыратынын алға тартты.
«Бұл мәселенің барын жасырып-жабудың қажеті жоқ. Ашығын айту керек, қазірдің өзінде қоғамдық көлік жетіспеушілігі байқалады. Олимпиада уақытында транспортқа сұраныс едәуір артады. Біз қосымша көлік желілерін іске қосып, трамвай сымын Порт-Дофин станциясына дейін ұзартуды жоспарлап отырмыз», деді Анн Идиальго.Ол сондай-ақ қаладағы әлеуметтік ахуал көңіл көншітпейтінін, ел астанасында үйсіз азаматтардың көбейгенін айтты.«Біз Олимпиада ойындары кезінде қаладағы кедейлік шегін жасырғымыз келеді. Ол өтіп кеткенде қайтадан сол қалпымызға ораламыз. Мен бұл халықаралық іс-шараның Парижде оң із қалдырғанын қалаймын. Мәселеге тік қарау керек», деді Париж мэрі.Анн Идиальго спорттық сайыстар өтетін Сена өзенін тазарту ісі де түйіні тарқамаған түйткіл екенін еске салды.
Талғат НҰРХАНОВ