Бүгінде отауын орда қылмаққа ниеттеніп отырған Нұрсұлтан Қуанышұлы 1992 жылы 10 қаңтарда Сарысу ауданы, Байқадам ауылында дүниеге келген. 2014 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Мәдени тынығу» мамандығы бойынша бітіріп, сол жылдан бастап облыстық қазақ драма театрында қызмет атқарып келеді. Нұрсұлтан бүгінге дейін театр сахнасында көптеген рөлді сомдап, актерлік шеберлігі толысқан талантты өнер иесі екендігін дәлелдей білген. Атап айтар болсақ, Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» мелодрамасында – Жасболат, Б.Айдарбековтің «Тағдыр тәлкегі» трагедиясында – Мұрат, Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» символикалық драмасында Бәйдібектің ұлдары Шахрух сұлтан, Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері-Ақтоқты» трагедиясында Жігіт, Уильям Шекспирдің «Гамлет» трагедиясында – Бернардо, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясында Жігіттің рөлін сомдайды. Бұдан басқа да сәтті сомдаған рөлдері көп. Актер кез келген рөлі арқылы өзін шыңдап, өзінің сомдаған адамдарының барлық артықшылықтары мен жақсы мінез-құлқын өз өміріне үлгі еткенін айтады.
– Әрбір сахнадағы рөл бір адамның немесе бір тарихи кейіпкердің тағдыры мен өміріне кірісу деген сөз. Өзіңді актер ретінде емес, тура сол адам ретінде сезіну керексің. Сонда ғана сенің сахнадағы образың халықтың көңілінен шығады. Әрине осы уақытқа дейін сәтті және сәтсіз шыққан рөлдерім болды. Әсіресе тарихи рөлдерді ойнаған кезде жандүниеңмен сол кездегі қоғамды, ондағы адамдардың мінез-құлқын толықтай түсіну, оны бойыңа сіңіру керексің. Сондай сәттерде өзімнің қазақ екендігіме марқайып тұратын сәттерім көп болады. Өйткені кейбір рөлдерді сомдап жатып, сахнада толқып кететін сәттер аз болмайды. Міне сондай кезде ұстамдылық таныту да маңызды. Бірақ бәрібір ар жағыңда бір толқыныс туса, оны эмоцияңмен, сахнадағы кейбір дауыс ырғақтарыңмен шығарып қоюың мүмкін. Алайда сахнаның да, өнердің де жаныңа ләззат сыйлайтын тұсы да, актердің ең бақытты шағы да сол сезімді бастан кешіріп тұрған сәті, – дейді Нұрсұлтан Қуанышұлы. Иә, «У жасаған удан өледі» демекші, өнер адамдарының да тағдыры сол өнермен байланысты болатыны ақиқат.
Ал Нұрсұлтанның өмірлік жары Зарина Нұрлыгүлқызы өзінің актерлік жолға түсуі, өнер адамына тұрмысқа шығып, шаңырақ көтеруінің себепшісі де киелі сахна екенін айтады. – Менің анам ұзақ жылдар бойы Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында труппа меңгерушісі болып қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Анама еріп, кішкентайымнан театрға жиі келетінмін. Сондықтан анамның әріптестерінің баласы секілді болып кеттім. Соның әсерінен болса керек, 5 жасымнан бастап сахнаға шығып, түрлі ертегілерде рөлдерді сомдай бастадым. Әлі есімде, ең алғаш рет драматург Дулат Исабековтің «Пері мен періште» пьесасы бойынша дайындалған қойылымда Әнел қыздың рөлін сомдап шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген болатынмын. Осылайша 5 жасымда сахнада басталған жолым 2011 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін бірден сахна өнеріне алып келді. Ал балалық шағым мен жастық шағымның куәсі болған сахна ана атанып, бақытты отбасын құрған сәттеріме де куә болды.
Олай дейтінім, өнерге келгеннен бері көбіне қазақтың ғашықтық дастандарындағы арулардың рөлін сомдап келемін. Мысалы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясындағы Еңлік сұлуды, Бақтияр Әбілдаұлының «Айша бибі» драмасында Қараханның ғашығы Айша сұлудың бейнесін сомдадым. Сондай-ақ қазақ-қырғызға ортақ жазушы, қоғам қайраткері Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына орай сахналанған «Жәмилә» лирикалық драмасында Жәмилә рөлін бейнеледім. Міне мұның бәрі де тағдырыма, өміріме әсер еткен шығармалар. Әрі ойнаған рөлдерім арқылы өз-өзімді тани алдым. Сөйтіп жүріп театрдың кезекті бір қойылымында Тоғжан рөлін сомдау бұйырды. Ал ол кезде бізбен бірге ұжымда жүрген бозбала Нұрсұлтанға Абай атамыздың рөлін сомдау бұйырмасы бар ма?! Сөйтіп сол сахнада мен Абайымды, ал жұбайым Тоғжанын тапты. Әрине одан бұрын да бір-бірімізді танитынбыз. Бірақ сол күнгі сахнадан кейін бір-бірімізге деген махаббат оты тұтанғандай болды, яғни біздің алғашқы шаңырағымыз да, отауымыз да сахна, – дейді З.Асан. Міне осындай сана биігінде кездескен екі жанның бақытының баянды болуын тілейміз. Абай мен Тоғжанның рөлін сомдап жүріп, жүректері тоғысқан екі жастың алар асуы әлі алда екендігіне сенімдіміз.
Шапағат ӘБДІР
Мен көрген Дубай
Ұқсас жаңалықтар
Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз
- авторAR-AY
- 5 желтоқсан, 2024