Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Неге? (Психологиялық сұрақтар мен жауаптар)

Неге? (Психологиялық сұрақтар мен жауаптар)
Ашық дереккөз
Сіз бақуатты да бақытты болуға тиіссіз!

 Өмірге неге келдім? Неге табысым жетпейді? Неге тірлігім берекесіз? Неге көп нәрсеге көңілім толмайды? Неге қателестім? Неге қол жеткіздім немесе не бітірдім? Біреу жылап, біреу неге көңілді? Неге ақылды ақымақтан жеңілді? Неге адамдар бір-біріне сенбейді? Неге олар бірін-бірі алдайды? Неге тұрмысқа шығуым керек? (қыз) Неге сонша баланы және неге сеніп тууым керек? Мен неге үйленуім және үйленген соң не істеуім керек? (ұл) Неге өз мамандығым бойынша жұмыс таппай жүрмін? Неге мен мамандық таңдаудан жаңылдым? Неге сол оқу орнына түстім? Неге мен ерте қартайып бара жатырмын немесе неге мен жасарып, жадырап, жайнап жүрмеймін? Неге денсаулығым ерте сыр беріп жүр? Неге мен мұңайып жүрмін? Неге бүгін жолым болмады? Неге мен айтатын жерде үнсіз қалдым? Неге мен төзе беруім керек немесе неге шыдамсызбын? Неге тағдырыма өкпелеймін? Неге өкініш өзегімді өртей береді? Неге мен көп толғантатын проблемаларымнан арыла алмай келемін? Неге мен жасықпын, жасқаншақпын? Неге мен қатігез болуым керек? Неге адамдарда мейірім азайып барады? Неге біреу бай, неге біреу жарлы? Неге ұл-қыздарымызда арсыздық пен намыссыздық, әдепсіздік, алаяқтық пен өзімшілдік басым боп барады? Неге, неге?.. Өмір сүріп жатқан әрбір адам дәл осылай әр затқа, көрініске, жақсы және жаман іске, қоғамда орын алып жатқан түрлі оқиғаларға, айтылған сөздерге байланысты өзіне тағы басқа «неге?» деген сұрақты қою керек.

Сонда сол сұрақты қою арқылы өмірге не үшін келгеніңізді түсінесіз. Ал түсінген соң жүрегіңізге мейірім ұялап, жаныңызда жалын, жанарыңызда үміт нұры пайда болып, адамның өмірдегі мақсаты мен орнын тереңірек ұғасыз. Олай болса, бүгінде өзіңізді толғантып жүрген «неге?» деген сұраққа жауап іздей отырып, бұралаңға толы өмірдің сан тараулы жолдарынан өз жолыңызды анықтап, бағытымызды дұрыстау арқылы көпшілікпен қарым-қатынасымызды, тірлігіміз бен іс-әрекетімізді, денсаулығымызды, материалдық қажеттілігімізді және отбасымыздың кірісі мен ырысын, берекесі мен тыныштығын арттыра түсеміз. «Адамдар, сыры терең бұл өмірге, Қараңдар әрқашанда ойлы көзбен», деп шығыстың шайыры Ж.Рудаки айтпақшы, әр кезде әр нәрсеге ойлы көзбен қарап, «неге?» деген сұрақ қоя білсеңіз не істейін деп жатқаныңыздың, не істеп жүргеніңіздің дұрыс-бұрысын аңғарасыз.

Әйтпесе қателікке бой алдыруыңыз мүмкін. Өмір шіркін, кідірместен зымырап өте береді. Бірақ әйтеуір бір кезде өткен және келер күндерге көз жүгіртіп «неге?» деген сұрақтың астында қаларыңыз анық. Сол сұрақтардан кейін өміріңіздің өткені мен жеткеніне есеп беруіңіз бен талдау жасауыңызға тура келеді. Сол кезде «жасадым, жасаймын, жасауым керек, жеттім, бүйтуім керек, сөйтуім керек, міндеттімін, енді қайтпекпін?» деген мазасыз ойлар мен түгесілмес күйбең тірліктің астында небір асыл армандарыңыздың көміліп қалғанын сезесіз. «Кейін, кейінмен...» дер кезінде дұрыстап көңіл бөлмей, ұмтылып қол созбаған соң армандарыңыз сізге де бұрылып қарамай, ұмытылып әрі алыстап бара жатқанын да байқайсыз. Байқаған соң сол сәтте өкініш пен өкпе-назға оранасыз. Бірақ сіз мұңаймаңыз, үміт үзбеңіз. Әлі де кеш емес. Өйткені «неге?» деген сұрақтан кейін бойыңызды толқу мен толғаныс билеп, намысыңыз қамшыланып, кеудеңізде жігер мен құлшыныс, құштарлық жаңаша бүр жарады. Осыдан кейін мына бес күндік жалғанға адам болып келіп, қолдан келгенше адамға тән мәнді де сәнді өмір сүре білу керектігін тағы да түсінесіз.

Бүгіннен бастап ойыңыз бен бойыңызды уақыттың шаңынан, әртүрлі ортаның сан түрлі пікірі мен талқысынан, өзге де кірбіңдерден тазартып, өзіңіз бен отбасыңыздың жарқын болашағы үшін алдыңызға жақсы әрі пайдалы жоспар құрып, соған ұмтылуыңыз керек. «Отан отбасынан басталады» демекші, еліміздегі әрбір отбасының мерейі үстем болып, нұрлы ғұмыр кешіп жатса, ол да бір мемлекетіміздің дамуына қосқан үлкен үлес. Сондықтан қазіргідей ақыл-ойымыз, білім мен ғылымымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, техникамыз бен медицинамыз дамып, рухымыз бен руханиятымыз биіктеп келе жатқан заманда жүрегіңіздің түкпіріндегі асқақ мұраттарыңыз бен асыл ойларыңыздың орындалатын уақыты жетті. Әрине, ол үшін барға да, жоққа да шүкіршілік етіп, өткен күнге салауат, келер күнге аманат деп, алдымен Аллаға, екінші өзіңізге сеніп, тура жол, ақ ниетпен жүріп, ерінбей еңбектеніп, талмай ізденсеңіз қомақты табысқа жетіп, шынайы қуанышқа бөленесіз. «Бұл өмірде несіне боласың дал, Тартынбай тіршіліктен аласыңды ал.

Бақытты қолдан жаса еңбек етіп, Меккеде қайбір сенің нағашың бар?» деп даңқты ғалым, ойшыл ақын Омар Хайям жырлағандай, бір сөзбен айтқанда, бәріміз бақыт пен жақсы тұрмысты қолдан жасауымыз керек. Және жұмыр жерді мекендеген әрбір адам бақытты болуға лайық. Лайым солай болғай! өзіңізден бастаңыз – Менің өзгергім келеді. Соңғы кездері онша жолым болмай жүр. Істеп жүрген жұмысым да, өзге шаруаларым да оңды нәтижесін бере бермейді. Алға қойған мақсаттарым да, құрған жоспарларым да көбіне орындалмай жатады. Айлығым да мардымсыз. Азғантай табысым күнкөріске ғана жетеді. Оның үстіне алар затыңның нарықтағы бағасы шарықтап, қымбатшылық жайлап бара жатқаны тағы бар. Сондай келеңсіз жайттар кімді болса да қынжылтатыны рас. Содан да шығар, кейде отбасымызда келіспеушілік пен реніш, берекесіздік орын алып тұрады. Кейде қонақ шақырудан да, қонаққа барудан да қалып барамыз. Шынымды айтсам, көңіл күйім де аса мәз емес. Өтіп жатқан күндерім егіз қозыдай бір-бірінен айнымайды. Бір күнім бір күніме қатты ұқсас. Көз алдымда күнделікті бір сурет. Кейде ондайдан адам жалығады екен. Кей кезде өз-өзіме «неге бұлай?, «неге?» деген сұрақты қойып, дұрыс жауап таппай қаламын. Сонда да бәріне шүкіршілік етумен үмітті шырақ қылып алға ұмтылып келемін, ертеңіме сенім артамын. Айтыңыздаршы, не істеуім керек? – деген сөз бен сұрақты бүгін тағы бір кісіден естідім.

Жауап

Ол үшін сізге расында да өзгеру керек және бәрін өзгерту керек. Бірақ өзгеру және өзгерту керек дегенге бас салып ананы-мынаны өзгерту емес. Сіз қанша жерден жұмысыңызды, кәсібіңізді, жұбайыңызды, бала-шағаңызды, үйдегі, жұмыстағы заттарыңыздың орындарын, түстерін, тіпті мекенжайыңызды өзгертсеңіз де алдымен өзіңіз өзгермейінше көп нәрсе өзгермейді. Сол бұрынғы оқиғалар мен жағдайлар алдыңыздан бой көрсетіп отыратын болады. Ол үшін өзгеруді бірінші өзіңізден бастаңыз. Әркімнің өмірі өз қолында дейміз, бірақ оны дұрыс түсіне бермейміз. Негізі қалай ойлайсыз, не айтасыз, қалай жоспарлайсыз, қалай бастайсыз, міне, соның бәрі сіздің күніңіз бен іс-әрекетіңіздің дұрыс, не бұрыс нәтижесінің мәйегі. Сондықтан өкпе, реніш, қызғану, қарғану, көреалмаушылық, пейілдің дұрыс еместігі, менмендік, өзімшілдік, өркөкіректік, сабырсыздық, болмас нәрсеге өкініп, уайымдай беру өміріңізге, тағдырыңызға, денсаулығыңызға, көңіл күйіңізге, тіпті аураңызға да кері әсерін тигізеді. Яғни ондайда тірлігіңіз оңға баса бермейді. Сондықтан бойыңыздағы осындай жаман әдеттерден, пиғылдардан арылсаңыз ойыңыз, тірлігіңіз, табысыңыз, бағытыңыз, сөзіңіз де дұрыс жағына өзгере бастайды. Бәріне тәубе етіп, әрбір жаңа күніңізді жақсы көңілмен, өмірге деген құштарлықпен, «арман-мақсатыма жетем» деген құлшыныспен бастасаңыз кірісіңіз бен ырысыңыз молая түсері анық. «Жақсы сөз – жарым ырыс» және «Бағалай білмегенге бақ қонбайды, қуана білмегенге құт қонбайды» деп дана халқымыз айтпақшы, барды бағалап, аз болса да әрбір нәрсеге қуана білген абзал. «Өзгенің мінін көргенше, Өзіңмен алыс өлгенше» деген қанатты сөз де бар. Сондықтан алдымен өзіңізбен күресіп, өзгеруді өзіңізден бастаңыз.

Өзгеруге тағы бір септігін тигізетін себептер

Олар: «Мен әлі тірімін, бармын, жасаймын, қолымнан келеді, бәрі жақсы болады, жетістіктерге жетемін, мен қалаймын, ұнаймын, ұнатамын, қабілеттімін, әдемімін, ақылдымын» деген шуақты оймен, ықыласпен өмір сүруді әдет пен қағидаға айналдырсаңыз, әлбетте, сіз де кетігін тауып қаланған кірпіштей өмірден өз орныңызды табасыз. Сол кезде құрбы-достарыңыздың, ағайын-туыстарыңыздың, әріптестеріңіздің де сізге деген көзқарасы өзгереді.

Таңғалмаңыз

Қазіргі цифрланған заманда үлкендер ғана емес, жастар мен жасөспірімдердің басым көпшілігі түрлі электрондық құрылғыларды (гаджеттерді) пайдаланады. Яғни көп уақыттарын ғаламторда өткізеді. Оның бір пайдасы – керекті ақпараттарды оңай әрі тез табуға болатындығы. Ал зиянының көптігі айтпаса да түсінікті. Сан қырлы өмірдің басқа да көркем жақтары бар екенін ұмытып, күні виртуальді өмірге еніп, ғаламторда отыру бірте-бірте тәуелділікке әкеледі. Ол деген наркотикке тәуелді болған нашақор жандай болып қалғанын сезбейді. Көптеген шет мемлекеттердегі арнайы білім беру мектептерінде Wi-Fi-ды екі ақ сағат қолданады. Ал қалған уақытын теория мен практикаға арнайды. Өйткені кітап оқу, теледидар көру, классикалық музыкалар тыңдау, яғни күрделі де танымы мол дүниелермен айналысқан сайын көбірек еңбектену, талпыну, іздену сияқты түсініктер пайда болады. Соның бәрі адам ағзасындағы нейрондық клеткалардың жұмысын жақсартады. Өмірдегі түрлі түстер мен бояулар да адамның миына әртүрлі әсерін тигізеді.

Сонымен қатар қолөнер секілді жұмыстар да қолдағы нейрондар арқылы моторикалық дағдыны дамытады. Қысқасы, әрбір бала болашақта «кім боламын»? деп алдына мақсат қоя білсе, әр уақытын тиімді әрі жоспарлы түрде өткізеді. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда ата-аналардың «маған кедергі жасамасын, өзімен-өзі болсын» деп түрлі себептермен балаларының қолына әрі ойыншық ретінде, әрі ермек үшін ұялы телефондарын ұстата салады. Бірақ қатты қызығушылықпен вертуальді әлемге қалай кіріп кетіп, қанша уақыты мен денсаулығын құртып жатқандығын баланың өзі де, ата-анасы да байқамай қалады. Сосын оның нәтижесіне таңғалмаңыз. «Тәрбие – талбесіктен», «Тазалық табалдырықтан басталады» деген сөзді ата-бабаларымыз тегін айтқан жоқ. Сондықтан тәрбиемізді бесігімізден, тазалығымыз бен шарапатты ісімізді табалдырығымыздан бастасақ, өзге елдермен тереземіз тең түспесе, кем түспесі анық. Жалпы не істесек те пайдасы мен зиянын біліп барып істесек, бағытымызды анықтап барып қадам жасасақ және өзіміз үшін ғана емес, болашағымыздың жарқын болуына да үлес қоса білсек – ұтпасақ, ұтылмаймыз, биіктемесек, төмендемейміз және адаспаймыз.

Бақытжан Әліқұлова,

ақын, журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар