ЗАҢҒАР ТҰЛҒА ЖАЙЛЫ СЫР ШЕРТТІ
Қаратай Тұрысов – ғұмырын туған елінің өсіп-өркендеу, одан тәуелсіз ел ретінде қалыптасу, іргесін бекіту жолында сарп еткен бірегей тұлға.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері 1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл облысының Жасөркен ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын 1950 жылы (қазіргі Жамбыл атындағы №5 мектеп гимназия) Шерхан Мұртаза мен Шота Уәлихановпен бірге бітірген. Биыл заңғар тұлға көзі тірі болса 90 жылдық мерейтойын атап өтер еді. Әйтсе де ел азаматының өмір жолын, еңбегін өскелең ұрпаққа дәріптеу, кеңінен насихаттау ұлт парызы болып қала бермек. Жуырда Тараз қаласындағы Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназияда «Сөнбес жұлдыз – Қаратай» атты «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Танымдық кездесуде сөз алған білім ордасының директоры Салтанат Төлеу мемлекет қайраткерінің атымен аталатын білім ошағының жеткен жетістіктері туралы баяндап, қонақтармен таныстырды. Мәні мен маңызы зор басқосуға «Айырылмас» қорының президенті, Қаратай Тұрысовтың інісі Нұрғали Бекмұратов, Әлімқұл Тұрысов, сыныптасы Әбдуәлі Данаев, замандасы Кайрат Шотпақов, ҚР Журналистер одағының мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов, №125 мектептің директоры, тарих пәнінің мұғалімі Нұрғиса Жақыпбеков, Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыру секторының маманы Дархан Байпақ және мектеп оқушылары қатысты.
«Дөңгелек үстелде» сөз алған сыныптасы Әбдуәлі Данаев заңғар тұлға жайлы естеліктерімен бөлісті. – Біздің кезімізде Мәскеуге оқуға түсу орындалмас армандай болып көрінетін. Ал Қаратай досым соғыстан кейінгі қиыншылықтарды, жоқшылықты көзге ілмей, бұрын ауылдан шығып көрмесе де Мәскеу төрінен бір-ақ шықты. Сол жылдары «Мәскеуді бағындырғандар» арасында қазақтың белгілі ақыны Кәкімбек Салықов та болып, Түсті металл және алтын институтына оқуға түсіпті. Қаратай Тұрысов болса, Серго Орджоникидзе атындағы геологиялық-барлау институтына қабылданады. Институт қабырғасында Қаратай Тұрысовтың болашақ өміріне көзқарасы бекем қалыптасты. Ол өз мамандығын сүйіп қана қойған жоқ, таңдаған саласының білікті мамандарының бірі болды. Өзін оқытқан Алексей Богданов, Петр Захаров, Михаил Муратов сынды профессор-ұстаздарын өмір бойы ұмытпай, есімдерін ілтипатпен еске алып жүрді.
Соғыстан кейінгі ұрпақтың геологияға бет алуы – әлемдік масштабтағы академик Қаныш Сәтбаевтың Қазақстандағы жерасты қазба байлықтарын дүниежүзілік аренаға шығарған еңбегіне тікелей байланысты, – дейді өз сөзінде. Іс-шарада оқушылар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, қазақтың маңдайына біткен нар тұлғаның балалық шағын, оқудағы қызықты сәттерін, мінезін, ауылға деген сағынышы туралы көзкөрген жандардан сұрап білді. Сондай-ақ көпшілік назарына Қаратай Тұрысовтың өмір жолынан бейнебаян көрсетілді. Қаратай Тұрыс ов Орталық Қазақстанның кенді аймақтарының геологиялық картасын жасау ісіне сегіз жыл бойы үлес қосқан. Көктасжал кен орнын алғашқы ашушылардың бірі болды. Одан Қаражол, Қарағайлы, Жәйрем, Бетпақдаланың тау-тасын кезіп, жаңа кен орындарын іздеді. Осы еңбегі ескеріліп, «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын алады. Геофизикалық экспедицияның партия бастығы болған ол осы жылдары басқару жұмысына икемді, халықпен тіл табыса алатын қабілеті де зор екенін көрсетті. Кейін Қаратай Тұрысов бірнеше лауазымды қызметті атқарды. 1984- 1986 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы, 1986-1991 жылдар аралығында Бүкілодақтық Кәсіподақтары Орталық комитетінің хатшысы, 1991 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары, ҚР Туризм, денешынықтыру және спорт министрі, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды.
Болашаққа бағдарлама жасау мақсатында оқушыларға өз ұлтының мақтанышы Қ.Тұрысовтың өмірбаяны мен ғылым жолындағы еңбектері кеңінен насихатталған жиында Салтанат Ерсағатқызы тау тұлғаның туған күніне орай өтетін бірқатар іс-шара легін атап өтті. Кездесуден оқушылар жақсы әсер алып, арнау оқыды. Өз кезегінде қонақтар ел перзентінің есімі ешқашан ұмытылмайтынына көз жеткізіп, танымдық іс-шараға ұйытқы болған мектеп әкімшілігіне алғысын білдірді. Айта кететін жайт, үздік оқушыларға жыл сайын «Айырылмас» қорынан шәкіртақы беріліп отырады. Мұның өзі тірісінде еліне маңдай тері тамған абзал жанның бақилық болса да өскелең ұрпаққа шапағаты тиіп жатқанын аңғартады.
Келесі мақала