Елімізде 2024 жыл басталғалы Парламент Мәжілісінде трансплантация мәселесі қайта көтерілді. Тірі күнімізде «Қайтыс болған соң донор болуға рұқсат етемін» деп келісім береміз бе, әлде жоқ па?» деген мәселе көпшілікті ойландырып тастады. Халықтың бір тобы өзгеге өмір сыйлау үшін мәйіттік донор болуға келісу керек десе, енді келесілері хақ дінімізге байланысты он екі мүшеміздің аман-сау Жаратушыға қайтқанын қалайды. Адамдар тірі кезінде донор болудан қалай бас тартуға немесе қайтыс болғаннан кейін донор болуға қалай келісуге болады? Осы – қоғамдағы басты сауалдың бірі. Қайтыс болғаннан кейінгі ерікті ағза донорлығының тақырыбы әлі де көптеген сұрақ пен күмән тудыруда.
«Егер адам басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін өзі қайтыс болғаннан кейін донор болуға шешім қабылдаса, онда ол кез келген уақытта «Электрондық үкімет» порталында немесе медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға жүгініп, келісім білдіре алады. Бұл тіркелген жері бойынша емхана да болуы мүмкін, – делінген Денсаулық министрлігінің хабарламасында. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, «e-Densaulyq» бөлімінде «e-GovMobile» мобильдік қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ келісіміңізді тіркей аласыз. Өтініш бергеннен кейін сіз оны өңдеу және келісімді растау туралы бірден жауап аласыз. Қосымшада қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру тіркеу туралы анықтама ала отырып, мемлекеттік қызмет нәтижелерімен бірден таныса аласыз. Айта кетейік, донорлыққа келісім беру немесе бас тартуды шектеусіз таңдау мүмкіндігі бар. Осылайша адам кез келген уақытта өз шешімін өзгерте алады. Елімізде жыл сайын 50 адам донорлық ағзаға қолы жетпей көз жұмады екен. Бүгінгі күні 4 мыңнан астам науқас донор ағзасына зәру.
Оның 3 мыңы бүйрек, 1 100-дейі жүрек, мыңнан астамы бауыр, ал өзгесі өт, өкпесін ауыстыруға мұқтаж. Десек те отандық трансплантология саласында жеткен жетістік аз емес. 2012 жылдың күзінде еліміздің дәрігерлері медицинаның биік белесін бағындырды. Қазақстанда тұңғыш рет адам жүрегі трансплантацияланды. Қостанайлық Жәнібек Оспановқа инсульттен көз жұмған 46 жасар донор Галина Воротникова есімді әйелдің жүрегі салынды. «Мәйіттердің ағзасын рұқсатсыз алу керек» деп есептейтіндердің бірі – білікті хирург, транспантолог Жақсылық Досқалиев. – Трансплантация саласында біз халықаралық деңгейде жұмыс істедік. Алайда 2017 жылы «мәйіт донорларының ағзасы өзгелерге сатылады екен» деген жалған дақпырт шығып, екі хирургтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Екеуі де ақталып шықты.
Осы мәселеден соң 2019 жылы жаңа Кодекс қабылданды. Онда адам тірі кезінде мәйіт болғаннан кейін өз ағзасын беруге келісім берсе, ағзасы алынатындығы айтылған. Кодекс қабылданған соң елімізде трансплантация саласы баяулап, адамдардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігі аз болып қалды. Бүгінде 4 000-нан астам қазақстандық өзгенің ағзасына зәру. Бұлар отаға жарамдылар. Ал жарамсызы қаншама. Құрметті қазақстандықтар, адам қайтыс болған соң оның денесі жер қойнына тапсырылады. Жаны Аллаға қайтады. Ал денесі топыраққа сіңіп, шіриді. Сондықтан жарамды ағзаны бекерге шіріткенше, өзге адамға өмір сыйлаңыздаршы! «Мәйіттің ағзасын рұқсатсыз алу керек» деген ұстаныммен қос қолдап келісемін. Егер заңға осылай өзгеріс енсе, бір мәйіт бес адамның өмірін ұзартар еді. Мәйіттің екі бүйрегі, жүрегі, бауыры, өкпесі, тіпті екі көзінің қарашығы да ағза ретінде салынар еді. Біз бүгінде ұйқы безі, ішегін алмастыруды да зерттеп жатырмыз. Бір күні бұған да жетерміз. Белоруссияда мәйіттік ағза донорлығына рұқсат етілген. Онда бір бүйрек 70 мың долларға жасалады. «Мәйіттің ағзасы сатылып кете ме?» деп қорқудың қажеті жоқ. Бір адамға трансплантация жасауға 40 шақты маман қатысады. Хирург, анестезиолог, онколог, медбике деген секілді. Сондықтан мұнша адам тұрғанда ағза сатылып кетуі мүмкін емес, – дейді ол.
Біз осы мақаланы жазу барысында «Instagram» әлеуметтік желісінде қарапайым халыққа сауалнама жолдадық. Сауалнамаға 300 адам қатысты. Қатысқандардың 75 пайызы өз ағзасын өзгеге беруге келіспеді. Көбі Алла аманаттап берген он екі мүшесінің аман-сау арғы дүниеге аттанғанын қалайды. Және ағзаның сатылып кету қаупі бар деп қорқады. Ал 25 пайыз халық, оның ішінде көбіне дәрігерлер қауымы донор болуға талпынып отыр. Олардың пікірінше, бізде медициналық мәдениет дамымаған. Одан бөлек ауру адамның өмірін ұзарту сауапты іс. Тараздық эколог Әлия Баймолдаева таяқтың екі ұшы бар деп есептейді. Барлығы ақшаға тіреліп тұрған заманда ауыр жарақатпен түскен адамға немесе сау ағза қажеттілігі бар адамға «өлген адамның ағзасы жарамайды» деп өзге біреуге сатып жібере ме деп ойлайтынын ашық айтты. Ол: «Бұрынырақта сауапты іс жасармын, бәлкім, келісермін деп ойлайтынмын. Алайда мен бұл ойымнан айныдым», – дейді. Аяулы ана, өз үйінен кәсіп ашып, өзгеге жұмыс беріп отырған Жазира Абилова: «Мұсылман болған соң әрбір мүшемнің кесілмей өзіммен бірге көрге барғанын қалаймын. Арғы өміріміз қалай болатыны тек Аллаға ғана аян. Өзгені емес, бірінші өзімді ойлағаным абзал», – дейді.
Ал асыл дініміз – исламда бұл тұрғыда не айтылғаны да қоғам үшін құнды. Ислам діні емдеу жолдарын іздеуді қолдайды. Демек, әрбір дерттің өз шипасы бар. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) «Адамдардың іс-әрекеттері олардың ниеттеріне қарай бағаланады» деген. Әрине, адам ағзалары тауар емес. Сондықтан оларды донорлау ақысыз, қайтарымсыз негізде жақындарына деген махаббат пен бауырмашылық сезімінің көрінісі ретінде болуы керек. Осы ретте біз «Кеңесхан қажы» мешітінің ұстазы Зейнеп Үсенованың пікірін тыңдадық. – Құранда Алла Тағала адам баласын ардақты етіп жаратқан. Бір адамды тірілту – жер бетіндегі барлық адамзатты тірілтумен бірдей. Ислам дінінде адамды құтқару, мейлі оның жанының, мейлі тәнінің болсын амандығы – ең басты мәселе. Сол себепті донор мәселесі адам өмірін сақтауға мүмкіндік туғызуға арқау болатын болса, ондай жағдайда ислам діні рұқсат етеді.
Соңғы ғасырлардағы көптеген ислам ғалымдары рұқсат-пәтуа берген. Бірақ Ислам ғұламалары бұл жайында пәтуа бергенде, әрине, зәрулік жағдайды назарға ала отырып берсе де ешбірі шариғат шеңберінен аттамаған. Ең басты мәселе – адам өмірінің маңыздылығына қараса, екінші мәселе – сол донорлық ағзалардың қасиеттілігіне назар аударған. Жеке пікірімді білдірсем, өзі өмірден өтетіндігі анық айқындалған донор өз қолымен қолхат беріп, келісімшарт жасағаны жөн.
Ал өлген адам болса, онда оның мұрагерлері, ол болмаса рұқсатты мұсылмандардың өкілетті басшыларының беруіне болады. Міне, осы тәріздес басқа да көптеген шарт бар. Осы шарттар орындалып, ең бастысы донордың өзіне қауіп төндірмей, екіншіден, сатылмаған жағдайда шариғат шеңберінен шықпай жасауға болатынын көптеген ғалым мақұлдаған. Әйтсе де жоғарыда айтылған шарттарға келіспеген, «мүлде болмайды» деген ғалымдар да жоқ емес. Бұл туралы ғалымдар арасында әртүрлі көзқарастар бар. Нақтыланбаған тұстары да жетерлік, – деп жауап берді ол. Осылайша Қазақстанда ағза донорлығы мәселесі қызу талқылануда. Әлем елдерінде қалыпты саналатын мәйіттік донор бізде әлі күнге халық қорқа қарайтын, жіті түсінбейтін түйткіл күйінде қалып отыр. Бұл – бұлыңғыр, белгісіздігі басым, беймәлім тақырып. Трансплантологтар да әрі-сәрі күй кешуде.
Оларды бір үміт пен сенімсіздік мазалайды. Үміт ететіні – «науқасқа донор болар мәйіт табылар, халық келісімге келер» деп ойлайды. Сенімсіздігі – «халық не дейді, бұл шариғатқа сай келе ме?» деп күйзеледі. Енді өзіміздің Әулиеата өңіріндегі жағдайға тоқталсақ. Трансплантациялық координатор Аякөз Баймұратованың берген мәліметінше, бауыр жетіспеушілігімен 11, бүйрек жетіспеушілігімен 123 адам ауырады. Оның ішінде 8-і – балалар, 115-і – үлкендер. Жүрек жетіспеушілігімен 4 адам тіркеуде тұр. Олар «үмітсіз – шайтан» дегендей, әлі күнге күдер үзбей донорлардан үміт күтіп, күнін өткізуде. Ашығын айтсақ, Қазақстанда мәйіттік донор тапшы. Осы ретте үлкен ерлікке барған ерлі-зайыптылар Қанат Тымбай мен Раушан Тымбаеваның ісі көпке өнеге. Бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп, қиналған Қанатқа жұбайы Раушан өз бүйрегін берген. Олар әлі перзент сүймеді.
Алайда жары Раушан жолдасының өмір сүргенін қалады. Тәуекелге барған олар Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургиялық орталықта ота жасатқан. Бүгінде екеуі де мүгедектік рәсімдеген. Олар Талас ауданының Амангелді ауылында тұрып жатыр. Раушан – ұстаз, жұбайы Қанат үйде. Екеуі де қалыпты саламатты өмір салтын ұстанады, күтінеді. Өмір Қанатқа екінші рет мүмкіндік берді. – Мен бүйрек жетіспеушілігімен ауруханаға түскенімде «Кім маған донор болады дейсің?» деп ойладым.
Жан жарымнан мұндай батылдық күтпедім. Сөйтсем, ол әлдеқайда батыр екен, мені шын сүйетінін дәлелдеді. Әйтпесе бауырларымның, анамның да бүйрегі маған жарамды болды. Бірінші ұсынысты әйелім берді, – дейді ол. Қайтыс болған адамның ағзасы мәйіттік донорлыққа бас миының өлімі расталған жағдайда және туыстарының келісімімен ғана алынады. Ал қайтыс болған соң ағзасын алуға келісім беру немесе бермеуді кез келген қазақстандық электрондық порталда таңдау жасап, өзі шешеді.
Эльмира Байназарова