Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"МАҚСАТЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРУ"

"МАҚСАТЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРУ"
ашық дереккөз
"МАҚСАТЫМ – ОЛИМП ШЫҢЫН БАҒЫНДЫРУ"
Шілде айының 20-22 күндері аралығында Тайланд астанасы Бангкок қаласында дзюдодан жасөспірімдер және жастар арасында Азия чемпионаты өтті. Он алты мемлекеттен іріктеліп келген екі жүзге жуық бозкілем шебері қатысқан құрлықтық біріншілікте Қазақстан жасөспірімдер құрамасы 4 алтын, 3 күміс, 6 қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болды. Байрақты бәсекеде ел құрамасы сапында 60 келіде бақ сынаған жерлесіміз Нұрқанат Серікбаев Азия чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алып, мерейімізді үстем етті. Жуырда Тайланд төрінде жасындай жарқылдап, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген татами шеберін жарқын жеңісімен құттықтай барып, аз-кем сұхбаттасқан едік.  – Нұрқанат, Азия чемпионатында қол жеткізген жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймыз! Спорттық мансабыңыз, Тайландта өткен құрлықтық дода жайлы сөз қозғамас бұрын алдымен оқырмандарға өзіңізді таныстырып өтсеңіз? – 2002 жылы Тараз қаласында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келдім. 2007 жылы отбасымызбен Атырау қаласына көшіп, №24 орта мектепте білім алдым. Негізі кез келген қазақ баласы күреске бейім деп ойлаймын. Өйткені барлығымыз да бала күнімізде дос-құрбы, қатарластарымызбен күресіп, өзара күш сынасып өсеміз. Бірақ спортшы боламын деп ойлаған емеспін. 2010 жылы телеарналардың бірінен балуандардың бәсекесін көріп қалдым. Сонда бозкілемдегі екі балуанның жан алысып, жан беріскен сәті, жаттықтырушылардың шәкірттері үшін шыр-пыр болып тұрғаны, жанкүйерлердің қолдауы ерекше әсерге бөлеп, қызығушылығым оянды. Сөйтіп әкеме күреске қатысқым келетінін айтып, қолқа салдым. Әкем де қарсы болмады. Сонымен 2010 жылдан бастап дзюдомен айналыса бастадым. – Жасөспірімдер және жастар арасында дзюдодан үш дүркін Азия чемпионысыз. Сондай-ақ Әлем чемпионы атағыңыз және бар. Ұстаздарыңыз да мықты болған секілді. Осы орайда дзюдоның қыр-сырына баулыған бапкерлеріңіз жайында айта кетсеңіз... – Әрине, қанша жерден дарынды, алымды, қарымды болсаң да, жалғыз өзің мақсатыңа қол жеткізе алмайтының анық. Ал егер қолдайтын, тәлім-тәрбие беретін, дұрыс жолды көрсетіп, бағыт сілтейтін ұстазың, жанашырларың болса, үлкен мұратқа жету жолы да жеңілдей түседі. Сондықтан Атыраудағы ең алғашқы бапкерім Данияр Жақсиевке, қазіргі бапкерім Қуат Қанаев пен Ғалымжан Қырықбаев ағаларыма айтар алғысым шексіз. – Туған жерге қай жылы оралдыңыздар? – 2015 жылы Тараз қаласына көшіп келіп, облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатына оқуға түстім. Білікті бапкерлердің тәлімін алып, шар болаттай шыңдалдым. Қазіргі таңда М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студентімін. Биыл екінші курсты тәмамдадым. Интернатта 11-сыныпта оқып жүргенімде Алматы қаласында дзюдодан өткен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында 50 келі салмақ дәрежесінде қатысып, алтыннан алқа тағындым. 2021 жылғы Азия чемпионаты да табысты болды. Бабым мен бағым келісіп, алтын жүлдені иелендім. – Тайландтағы Азия чемпионаты қалай өтті? – Балуандардың барлығы жақсы дайындықпен келген. Осал қарсылас жоқ. Кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей сайдың тасындай іріктеліп келген спортшылар. Алғашқы белдесуде малайзиялық балуаннан айламды асырдым. Одан кейін моңғолиялық татами шеберімен кездесіп, «вазари» әдісімен тізе бүктірдім. Жартылай финалда Тәжікстанның балуанын «иппон» ұпайымен таза жеңдім. Ақтық бәсекеде отандасымыз Мерей Махамбетовпен белдесіп, басым түстім. Осылайша үш дүркін Азия чемпионы атандым. – Жалпы, елімізде сіздің салмағыңызда бәсекелестік жоғары ма, төмен бе? – Бәсекелестік өте жоғары десек болады. Спортшылардың қай-қайсысын алмайық, үлкен нәтижелерге қол жеткізіп жүрген балуандар. Мәселен, ақтаулық Мерей Махамбетовті айрықша атап өтер едім. Жастар арасында 60 келі салмақ дәрежесіндегі мықты балуандардың бірі. Соңғы бес жарыста екеуміз финалда белдестік. Төртеуінде ұтып, бір кездесуде Мерейге есе жібердім. – 2010 жылдан бері дзюдомен айналысып келесіз. Әділетсіздікке ұшыраған кездеріңіз болды ма? – Жасыратыны жоқ, кейде аяқтан шалатын кездер болады. Басымнан талай мәрте өтті. Дегенмен қандай жағдай болмасын сабырлылық, шыдамдылық танытуға тырысамын. Қолды бір сілтеп кетіп қалсаң, қанша жылдан бері еңбегің еш кетпей ме?! – Жиырма жасыңызда ауыз толтырып айтатындай жетістіктерге жетіп үлгердіңіз. Басқа облыстардан шақырту түсіп жатқан жоқ па? – Ұсыныстар түседі. Бірақ туған жерімнен жырақтау ойда жоқ. Облысымыздың намысын қорғап, абыройын асқақтатып, мәртебесін биіктеткім келеді. – Алда қандай жоспарларыңыз бар? – Тамыз айының 10-14 аралығында дзюдодан Әлем чемпионаты өтеді. Төрткүл дүниенің мықты спортшылары бақ сынайтын жарыста да жеңімпаз атанып, Әнұранымызды шырқатқым келеді. Ал алдағы үлкен арманым, мақсатым – қазақ халқының, бапкерлерімнің үмітін ақтап, Олимп шыңын бағындыру. – Әңгімеңізге рақмет. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар