Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бюджет қаражатын тиімді игеру қажет

Бюджет қаражатын тиімді игеру қажет
ашық дереккөз
Бюджет қаражатын тиімді игеру қажет
Өткен жылдың қорытындысымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші 102,4 пайызды құрады. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте айтылды.  Облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева өткен жылдың қорытындысы туралы баяндады. Оның айтуынша, өңірімізде ауылшаруашылығынан өзге салаларда оң динамика қалыптасқан. Мәселен, өнеркәсіп саласындағы өсім – 100,1, құрылыс – 118,7, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 4,7, инвестиция 17,3 пайызды құраған. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Алайда бірқатар ауданда кейбір жоспарлы көрсеткіштердің тиісті деңгейде орындалмағаны анықталған. Аймақ басшысы көрсеткіші төмен бірқатар басшыдан жауаптар алып, жұмысты ширатуды тапсырды. Мұнан соң облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Батырхан Әкек бюджет қаражатының игерілу барысын хабарлады. Ол 2023 жылға арналған облыс бюджетінің кірістері жыл қорытындысымен 647,6 миллиард теңгеге (103,3 пайыз) және меншікті кірістер жоспары 115,7 пайызға орындалғанын жеткізді. Бірақ Жамбыл және Мойынқұм аудандарында кірістер былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір кеміген. Облыс әкімі жауаптылардан тиісті жұмыстардың уақытылы атқарылмау себебін сұрап, бюджет қаражатын игеру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Жиын барысында Меркі және Қордай аудандары әкімдерінің есебі тыңдалды. Ал облыстың агросаласындағы жұмыстар жөнінде баяндаған ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітековтің айтуынша, 2023 жылы облысымызда агросаланы дамытуға 77,5 миллиард теңге бөлініп, 11 мыңнан астам шаруаға қолдау көрсетілген. Нәтижесінде жыл қорытындысымен 567,2 миллиард теңгені құрайтын ауылшаруашылық өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 97 пайызға айналған. Басқарма басшысы биыл ауылшаруашылық дақылдарын 770 мың гектарға орналастыру жоспарланып отырғандығын айтты. Облыс әкімі ауылшаруашылық саласындағы бірқатар жайтқа назар аударып, аталған басқарма басшысынан өткен жылмен салыстырғанда өңірімізде қызылша алқабының азаю және жұмыртқа өндірісінің төмендеу себебін сұрады. Аймақ басшысы өңірде өсімдік және малшаруашылығы өнімдерін арттыру қажеттігін баса айтып, жауаптылар инвестиция тартуға мүдделілік таныту керектігін ескертті. – Әрбір кәсіпорын халықтың әл-ауқатын арттыруға, тұрмыс деңгейін көтеруге ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан ел игілігі үшін билік пен бизнестің тығыз жұмыс істеуі маңызды. Негізгі міндет – халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу. Жаңа инвестициялық жобаларды қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы орта қалыптастыру керек. Бұл жұмысты әлі нақты түсінбейтіндер бар. Қолда бар бюджет қаражатын тиімді игере алмай отырған басшылар да жоқ емес. Бірқатар басқарма мен аудандарда экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер толық орындалмаған, – деген Ербол Қарашөкеев Меркі және Қордай аудандарының әкімдері мен ауылшаруашылығы басқармасының басшысына қатаң сөгіс жариялады. Басқосу соңында аймақ басшысы мемлекеттік сатып алудағы бірқатар жайтты айрықша атап өтіп, «бір көзден» сатып алу тәсіліне жол берілмеу керектігін еске салды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар