Өндірістік жарақаттың алдын алу маңызды
«Сақтықта қорлық жоқ» дейді қазақ. Дегенмен өмір болғаннан кейін адамдар жазатайым оқиғаға ұрынып жатады. Мұндай жағдайды қазақ «жазым» дей салады. Ал сондай оқыс оқиға жұмыс барысында орын алса ше? Әсіресе өндіріс орындарында апатқа ұшыраған жұмысшылардың кейбірі мүгедек болып немесе өмірімен қош айтысып жатқанын көзіміз көріп жүр. Бірақ тексеру қорытындысы бойынша көбіне жұмыс беруші емес, жұмысшы кінәлі болып шыға келетіні жасырын емес. Бұған көбіне жұмысшының еңбек шартын жасаспауы себеп болады.
Жұмысшының еңбек ету барысында қауіпсіздік талаптарын сақтамауы, еңбекті қорғау ережелерін естен шығаруы секілді мәселелер де жұмыс берушіні жазадан құтқарып жататыны бар. Негізінде қайсысы кінәлі болса да адам өмірін сақтау – ең өзекті мәселе. Осы тұрғыда еңбек инспекциясының мамандары түрлі өндіріс орындарына барып, еңбек қауіпсіздігін сақтау, жазатайым оқиғаға жол бермеу тұрғысында келелі кеңестерін беріп жатқан болар. Әңгіме мұнда емес, бар мәселе жазатайым оқиғадан кейін қозғалған қылмыстық істің сотқа жетпеуінде. Мәселен, былтыр Тараз қаласында орын алған барлық жазатайым оқиғаның біреуі де сотқа жолданбаған. Бұл туралы Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаевтың төрағалығымен өткен «Өндірістік жарақаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу және осы санаттағы істерді тергеу мәселелері» туралы ведомствоаралық жиналыста айтылды. Аталған жиынға қала әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова, облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов, қалалық полиция басқармасының бастығы Ербол Тайбеков және өзге де жауапты тұлғалар қатысқан болатын.
– Еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Әрбір азаматтың қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына құқығы Конституциямен айқындалған. Өткен жылы қабылданған шаралар мен қадағалау актілері негізінде 215 жұмысшының 392 миллион теңгеден астам жалақы қарыздары өтеліп, 490 азаматтың еңбек жағдайы жақсартылды. Дегенмен профилактикалық жұмыстардың төмен деңгейі салдарынан 2023 жылы еңбек қызметіне байланысты өндірістік жарақаттанудың 30 фактісі тіркеліп, 23 пайызға немесе 7-ге артқаны қай-қайсысымызды болса да ойландыруы тиіс. Осы оқиға салдарынан зардап шеккендер де 27-ден 37-ге өскен, – деді Нұржан Қанайұлы.
Аталған мәселе бойынша толығырақ қалалық прокуратураның бөлім бастығы Асылхан Тілешов баяндады. Ол жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау әлеуметтік тұрақтылықтың алғышарттарының бірі екенін, ҚР Конституциясының 24-бабының 2-тармағына сәйкес әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар екенін атап өтті.
– Аталған салада жергілікті уәкілетті орган ретінде облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы айқындалған. Облыс әкімдігінің 2016 жылғы №316 қаулысымен Еңбек кодексіне негізделген міндеттер бекітілген. Кодекстің 17-бабының 1-тармағына сәйкес, аталған инспекция Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады. Алайда қала прокуратурасы жүргізген талдау барысында облыстық инспекция тарапынан еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау тиісті деңгейде жүзеге асырылмайтындығы анықталды. Мысалы, Кодекстің 17-бабының 3-тармағында инспекцияға өндірістік жарақаттану себептеріне талдау жүргізу және оның профилактикасы жөнінде ұсыныстар әзірлеу жүктелген. Дегенмен аталған жұмыстардың әлсіздігін өткен жылғы жағдай дәлелдеп отыр.
Өз кезегінде еңбек инспекциясы тарапынан 2022-2023 жылдары 125 тексеру жүргізіліп, тек 54-і бойынша заңбұзушылықтарды жою туралы ұйғарым шығарылған. 8 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылған. Сондай-ақ инспекция назарынан медициналық мекемелерге еңбек қызметіне байланысты орын алған жазатайым оқиғалар салдарынан жүгінген азаматтар тыс қалуда. Мысалы, өткен жылғы тек желтоқсан айында қалалық көпбейінді ауруханаға өндірістік жарақаттармен 19 адам қайырылса, оның тек біреуімен, яғни «Қазфосфат» ЖШС-да жұмыс істейтін Б.Тәліпжановтың жарақаты бойынша ғана тексеру жүргізілген. Мұнда жұмыс берушінің кінәсі 20 пайыз болса, жұмысшының кінәсі – 80 пайыз.
Қылмыстық істер бойынша статистикалық мәліметтерге сәйкес, өткен жылы Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша 12 (2022 жылы – 13) сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркеліп, 7,6 пайызға төмендеді. Оның ішінде 2 іс ақталмайтын, 3 ақталатын негізбен қысқартылса, сотқа мүлдем істер жолданбаған. 7 іс тергелуде, – деді Асылхан Еркінұлы.
Сондай-ақ ол 2023 жылы қылмыстық қудалау органдары 15 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізгенін, оның Қылмыстық кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 4-тармағымен екеуі тоқтатылғанын, 35-баптың 1-бөлігі 2-тармағы негізінде алтауы тоқтатылса, 7 іске қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын сөз етті. Осы жылы Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-бөлігіне сәйкес 1 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған екен. Бұл ретте еңбекті қорғау ережелерін бұзуға еш қатысы жоқ, бірақ тікелей жазатайым оқиғаға қатысты 1 факт орын алыпты. Нақты айтқанда, 2023 жылы Тараз қаласы, «Ұлы дала» ықшамауданында құрылыс алаңында «Крантех» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері В.Данилов краннан құлап, салдарынан №1 қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде көз жұмған. Осы дерек бойынша қалалық полиция басқармасы №1 полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген. Тергеу барысында В.Данилов биіктігі шамамен 1 метр кранның шынжыр табанды лентасына шығып, «Сарыағаш» сауда белгісімен шығарылған сусынды бөтелкеден қотара іше бастағанда есін жоғалтып, салдарынан құлап, басының артқы жағын жердегі тастарға соққан. Осыған байланысты 21 желтоқсанда аталған дерек Қылмыстық процессуалдық кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағы негізінде тоқтатылыпты.
– Әрине, қауіпсіздік ережелерін сақтау жауапкершілігі толығымен жұмыс берушіге жүктеледі. Дегенмен жұмысшылар еңбек процесінде қажетті сақтық шараларын танытпай, жаңа техникалық режимге, қызметтің жеңіл, қарқынды ырғағына бейімделуі керек. 2023 жылы ақталатын негіздермен 6 іс тоқтатылды. 2 іс бойынша еңбек инспекцясының қорытындысы бойынша, жұмыс берушінің кінәсі – 30, қызметкердің кінәсі – 70 пайыз. 1 іс бойынша жұмыс берушінің кінәсі – 35, қызметкердің айыбы – 65 пайыз. 1 іс еңбек шартының жоқтығынан, 1 іс жазатайым оқиға орын алуына, жұмыс беруші мен қызметкер болмауына байланысты 2 іс тоқтатылды. Талдау нәтижесі жоғарыда аталған істер бойынша нақты шешім қабылдау барысындағы проблемалық мәселелерді анықтап берді, яғни сотқа жіберу немесе ақталатын негізбен тоқтату.
Біріншіден, Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес, арнайы тергеп-тексеруге жататын жағдайларды қоспағанда, өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алынған кезден бастап 24 сағат ішінде жұмыс берушінің актісімен құрылатын еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді комиссия жүргізеді. Арнайы тергеп-тексеруді өндірістік жарақаттың ауырлық дәрежесі туралы қорытынды алынған кезден бастап еңбек инспекциясы жөніндегі жергілікті орган құратын комиссия жүргізеді. Арнайы тергеп-тексеруге ауыр немесе адам өлімімен аяқталған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалар, зардап шеккен адамдардың өндірістік жарақаттарының ауырлық дәрежесіне қарамастан, бір мезгілде екі және одан да көп жұмысшы ұшыраған еңбек қызметіне байланысты топтық жазатайым оқиғалар жатады. Сонымен қатар бұған қатты уланудың топтық оқиғалары да жатқызылады. Яғни ауыр немесе адам өлімі болмаған еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаны, топтық жазатайым оқиғаларды, оның ішінде қатты улану фактілері бойынша арнайы тергеп-тексеру жүргізілмейді.
Екіншіден, аталған комиссия сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тағайындалмайды, ал облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының бұйрығымен және комиссия мүшелеріне Қылмыстық кодекстің 420-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туралы ескертілмейді.
Үшіншіден, Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 сәуірдегі №484 бұйрығымен бекітілген «Сот сараптамасы органдарында сот сараптамалары мен зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу қағидаларымен» еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаның мән-жайларына сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу көзделмеген. Осыған байланысты сот сараптамалары мен зерттеулерін ұйымдастыру және жүргізу қағидаларына қосымша зерттеу түрлерін – жазатайым оқиғаның мән-жайларын анықтау, зерттеу және тексеру сараптамасын енгізу ұсынылады.
Оның міндеттерін, объектілерін, сараптамалық тапсырмалардың деңгейлерін, типтік сұрақтардың тізбесін, сондай-ақ сарапшының қарауына ұсыну үшін қажетті объектілер мен материалдарды анықтау қажет. Жоғарыда аталған зерттеулер кінәлі адамның еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісін анықтауға, әрбір дерекке негізгі құқықтық баға беруге және Конституциямен белгіленген құқықтарын қорғауға кепілдік береді, – деді А.Тілешов
Асылхан Еркінұлы бірлесе атқарылған жұмыстар нәтижелі болатынын айта отырып, бірқатар іс-шараны қабылдауды ұсынды. Мәселен, оның қатарында ескірген дәстүрлі тиімсіз тәсілдерден арылып, замануи амалдарды пайдалану арқылы өндірістік жарақаттанудың алдын алу бағытында уәкілетті органдармен бірлесе іс-шаралар жоспарын бекітіп, сапалы және уақытылы жүзеге асыру, аталған салаға жауапты тұлғалардың жеке жауаптылықтарын шеше отырып, кадрлық өзгерістер жасау мүмкіндігін қарастыру секілді мәселелер бар.
Жиында қала прокуроры жауаптылардан өндірістік жарақат алған ұлы Д.Маханның мүддесі үшін анасы М.Батаеваның өтініші бойынша не себепті тиісті шаралар қабылданбағанын сұрады. Оған қоса қалалық прокуратураға қарау нәтижелері туралы ақпарат жолданбаған екен. Бұл деректі де тарқата кетсек, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенті Д.Маханов «Бином» ЖШС-на жұмысшы ретінде қабылданған. Алайда еңбек шарты жазбаша түрде жасалмағаны анықталған екен. Д.Махан кәсіпорын аумағындағы қалыптау цехында тиеу кезінде саусағынан айырылу түріндегі өндірістік жарақат алған. «Бином» ЖШС-ның түсіндірмесіне сәйкес, Д.Махан цехқа рұқсатсыз өз бетімен кіріп, тиеу кезінде жарақат алғаны, осы жарақат үшін оған 20 000 теңге төленген екен. Осыған байланысты қалалық прокуратура аталған өтінішті Қылмыстық кодекстің 156-бабы бойынша процестік шешім қабылдау үшін Тараз қалалық полиция бөліміне және еңбек заңнамасы талаптарын сақтау мәселесін қарау үшін еңбек инспекциясына жолдаған. Тараз қалалық полиция басқармасы өтінішті Жамбыл аудандық полиция бөліміне жіберген. Себебі оқиға Аса ауылының аумағында орын алған, олар өз кезегінде өтінішті еңбек инспекциясына жолдаған. Өз кезегінде еңбек инспекциясы азаматқа құқығын қорғау мақсатында сотқа жүгіну қажеттілігін түсіндірумен ғана шектеліпті. Бұл ретте «Бином» ЖШС-ның лауазымды адамдарының әрекеттерінде құқықбұзушылық белгілерінің болуына қарамастан (адамды еңбек шартын жасаспай жұмысқа жіберу), облыстық еңбек инспекциясы тиісті шара қабылдамаған. Салдарынан жәбірленушінің құқығы бұзылып, тек негізді қайталама өтініші бойынша еңбекті қорғау қағидаларын бұзу фактісімен қылмыстық іс тергеліп жатса керек.
Н.Боранбаев өндірістік жарақаттар бойынша медициналық мекемелермен әрекеттеспеудің, әрбір факті бойынша тиісті шара қолданбаудың және қылмыстық істердің сотқа жетпеуінің сырын білуге тырысты. Қылмыстық іске қатысты мәселелер бойынша қала прокуратурасы бөлімінің аға прокуроры Сергей Налыгачев айтып берді. Бұдан кейін облыс әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Нұркен Сейдалиев баяндама жасады.
– Облыстағы еңбек заңнамасының орындалуын бақылау, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу бағытында басқарма жоспарлы жұмыстар атқаруда. Былтыр Тараз қаласы бойынша қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты 27 жазатайым оқиға орын алды, оның салдарынан 33 адам зардап шегіп, 5 азамат қаза тапты. 2022 жылмен салыстырғанда жазатайым оқиғалар 17,4 пайызға, ал зардап шеккендер саны 22,2 пайызға өскен. Қайтыс болғандар 2022 жылмен салыстырғанда бір бірлікке азайып отыр. Жүргізілген талдауға сәйкес, жұмыс берушінің кінәсінен – 13, жұмысшының кінәсінен 11 және 50/50 тең жауапкершілікте 3 жазатайым оқиға орын алды. Барлық жазатайым оқиғалар бойынша арнайы тергеп-тексерулер жүргізіліп, материалдары ішкі істер органдарына жолданды. Сонымен қатар әр жазатайым оқиға бойынша жұмыс берушілерге жазатайым оқиғаның себептерін жою және алдын алу жөніндегі іс-шаралар беріліп, оның орындалуы қатаң бақылауға алынды.
Сондай-ақ талдау жүргізу барысында жазатайым оқиғалардың негізгі фактілері анықталды. Атап айтқанда, төртеуі жол-көлік оқиғасы салдарынан, алтауы жұмыс берушінің жұмысты қанағаттанарлықсыз ұйымдастыруынан, 16-сы жұмысшының өрескел абайсыздығынан болып отыр. Былтыр «Қазфосфат», «Жамбыл электр жүйесі» және «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы» мекемелерінде жазатайым оқиғалардың саны артты. «Қазфосфат» ЖШС-да 19 жазатайым оқиға, 24 зардап шегу тіркелсе, үшеуінің соңы кісі өлімімен аяқталды. «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-да 3 жазатайым оқиға, 4 зардап шегу, 3 өлім орын алды. «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы» бойынша 5 жазатайым оқиға, 7 зардап шегу оқиғасы тіркелді.
Былтыр әлеуметтік-еңбек жағдайларының ахуалын жақсартуға бағытталған көптеген шара атқарылды. Атап айтар болсақ, облыста жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталған 185 іс-шара ұйымдастырылып, 261 бұқаралық ақпарат және әлеуметтік желі арқылы ақпараттық және хабарламалық материалдар жарияланған. Одан бөлек облыстың әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссияның жұмысы тұрақты негізде жүргізілуде.
2023 жылы барлық деңгейде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссиялардың 130 отырысы өткізілді. Өткен жыл ішінде бірнеше рет өндірістік жарақат қайталанған кәсіпорындарды үшжақты комиссия отырысында қарастырып, «Қазфосфат» ЖШС, «Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем стансасы», «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС басшыларының есептері тыңдалып, тиісті жұмыстарды жүргізу туралы тапсырмалар берілді, – деген Нұркен Мұратұлы одан шығарылған нәтиже қорытындысы мен басқа да алдын алу шараларына қатысты жұмыстарды бүге-шігесіне дейін баяндады.
Тараз қаласы бойынша 2023 жылы еңбек инспекторлары барлығы 53 тексеріс жүргізіп, 25 еңбек заңнамасын бұзу фактісін анықтаған екен. Бұл бойынша 3,4 миллион теңгені құрайтын 9 айыппұл салынған. Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының профилактикалық бақылауды жүргізу жоспарына сәйкес, облыс бойынша 11 кәсіпорында тексеру жүргізу жоспарланса, оның Тараз қаласы бойынша 6 кәсіпорында профилактикалық тексеру жүргізіліп, 47 заңбұзушылық анықталған. Осы мәселе бойынша тиісті тарапқа орындалуға міндетті нұсқамалар берілген және анықталған бұзушылықтар толық жойылыпты.
Осы жылдың 1 жартыжылдығына арналған Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасы сақталуының профилактикалық бақылауды жүргізу жоспарына сәйкес, 25 ұйымда профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланып отырса, оның ішінде 16-сы Тараз қаласында.
Осы ретте Тараз қаласы полиция басқармасы анықтау бөлімінің бастығы Асыл Хусаинов сөз алып, қозғалған қылмыстық істердің сотқа жетпеуіне облыстық еңбек инспекциясы мамандарының берген қорытындысы себеп болатынын сөз етті.
– Мені таңғалдыратыны – жұмысшы мен жұмыс берушінің кінәсін анықтауда тиісті тұлғалар қай заңға, қандай нормативтік актіге сүйеніп пайыздық мөлшерлемені шығаратыны. Қандай да бір жазатайым оқиғаны зерделеумен айналысқан маманнан сұрасақ, «құрылған комиссия мүшелері оқиғаның жай-жапсарын анықтайды, барлығымыз ақылдаса келе, пайызды шамалап келтіреміз» дейді. Бұлай болмайды, адамға шамалап айып тағу заңға сыймайды. Жұмыс беруші жұмысшыны биіктен өзі құлап қалды дей салуы мүмкін. Бірақ «Жоғарыға не үшін мінді, ол жер қауіпті болса, оны кім жұмсады?» деген сұрақтар болуы керек қой. Осының барлығы тексерілуі қажет, жазатайым оқиға орын алмай жатып та еңбек инспекциясы тарапынан жағдай зерделенуі керек, – деді ол.
Облыстың мемлекеттік бас инспекторы Жарылқасын Әбдіғапарұлы А.Хусаиновтың «Еңбек инспекциясының мамандары берген қорытынды істі сотқа жолдауға кедергі келтіріп отыр» деген пікірімен келіспейтінін айтты. Ол облыстық еңбек инспекциясы арнайы тексеруді ауыр және кісі өлімі, және топтық жазатайым оқиғаға орын алғанда ғана жүргізетінін жеткізді.
– Баяндамада келтірілген деректердің ішінде біз араласа алмайтын мәселелер жүр. Мысалы, жеңіл және орта дәрежедегі жазатайым оқиғаны біз тексермейміз. Жазатайым оқиғаны тергеп-тексеруге жалғыз еңбек инспекторы бармайды. Ол іске міндетті түрде тиісті мамандармен бірге жұмысшының уәкілі де қатысады. Тараптардың кінәсін анықтауды пайызбен өлшеу ҚР Еңбек кодексінде көрсетілген. Бірақ ол пайыздың қалай шығарылатыны жөнінде нормативтік акт жоқ. Бұл туралы біз тиісті министрлікке бірнеше мәрте хат та жаздық. Бірақ одан қайран болмай отыр. Дегенмен біз жазатайым оқиға орын алған жерге барып, жағдайды зерделейміз. Еңбек қауіпсіздігіне қатысты қажеттіліктермен қоса, ең соңғы рет қашан арнайы жұмыс киімі берілгеніне дейін тексереміз. Зардап шеккен адамнан да түсініктеме алынады. Еңбек қауіпсіздігіне қатысты жауаптыларды да тыңдаймыз. Түрлі сұрақ- жауаптардан кейін акт жазылады. Ол акт құқық қорғау органына жолданады. Ары қарай іс қозғау, қозғамау полиция қызметкерлерінің жұмысы. Жұмысшы шығарылған қорытындымен келіспесе, менің өзіме жүгіне алады. Мен қайтадан, жеке өзім мәселені зерделеймін. Осылайша өзім жеке қорытынды беремін. Былтыр осындай жағдай болып, екі комиссияның жұмыс қорытындысын өзгерттім. Бұл жерде ең қиыны, біздің жұмыс берушілердің қауіпсіздік жағдайын алдын ала тексере алмайтынымызда болып отыр. Біз екі-ақ жағдайда кәсіпорындарға кіре аламыз. Бірінші, бізге түскен шағым бойынша дәлелді материалмен бірге, екінші жағдайда прокурордың талабы бойынша тексеру жүргізе аламыз. Баяндамада мысал ретінде келтірілген Д.Маханды айтар болсақ, оның тарапынан арыз түсті. Бірақ ол дәлелді материал ұсынбады. Дәлелді материал ұсыну заңда көрсетілген. Сонымен қатар «Бином» ЖШС-мен жасасқан келісімшарты да жоқ. Жұмысқа қабылданған бұйрығы, айлық алғаны туралы бірде-бір құжат не дерек жоқ. Оған біз «тиісті дәлелдемелік материалдарды бізге беріңіз» деп жауап жаздық. Егер біз дәлелді материалсыз, тек түскен арыз бойынша арнайы тергеу және арнайы зерттеу орнынан бізге тексеру ашып беріңіз десек, олар ашпайды. Өйткені бұл заңға қайшы. Егер біз өз бетімізше тексеру жүргізсек, өзімізге іс қозғалады. Жазатайым оқиға орын алмасын деп тілейік, алда-жалда бола қалса, ол жерде кісі өлімі немесе ауыр жағдай орын алса, біз жұмыс берушінің құқығын қорғайды деп ойлайсыздар ма? Сондықтан бұдан кейін зерделеу жұмысына полиция қызметкерлері де қатыссын, – деді Ж.Айтақов.
Жиында жұмыс берушінің де, жұмысшының да кінәсі бірдей деген шешім істі қиындататыны айтылды. Көбіне өндірістік жарақат алғандардың жұмыс берушімен еңбек шарты болмайтыны сөз болды. Нақты ақшаға жалданып жұмыс істейтіндерді жұмыс берушілер бір күн пайдаланса да табысын көрсетуі қажет екені тілге тиек етілді. Басқосуда бұдан да басқа сұрақтар егжей-тегжейлі талқыланып, бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде шешімін табатын болды.
Сонымен қатар жиында ҚР Еңбек кодексінің талаптарын өрескел бұзып, еңбек шартын жасаспай жұмысқа жібергені үшін жұмыс берушілерді ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 86-бабымен жауапкершілікке тарту тәжірибесін жандандыру, осы бағыттағы бақылауды күшейту қажеттілігі айтылды. Осыған байланысты жұмыс берушілерді еңбек қатынастары аясында заңнама талаптарын қатаң сақтауға, жұмысшылардың еңбек құқықтарына нұқсан келтірілуіне жол бермесе дейміз. Бастысы еңбек адамының қауіпсіздігі қадағаланып, құқығы тапталмаса екен.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала