Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Отбасымен бейнеқоңырау» – жақындарды байланыстырған телекөпір

«Отбасымен бейнеқоңырау» – жақындарды байланыстырған телекөпір
ашық дереккөз
«Отбасымен бейнеқоңырау» – жақындарды байланыстырған телекөпір
Қалай десек те ең мықты мектеп – армия. Осында қалыптасқан барлық жақсы қасиеттер өмір бойына серік болады. Алайда әскер қатарына жаңа алынған жас сарбаздың жаңа өмірге үйренісуіне біраз уақыт кетеді. Бейімделгенге дейін үй-ішін, анасының жылы алақанын, әкесінің жігерлі сөздерін сағынатыны анық. Сап түзеген сарбаз да бір әке-шешенің көз қарашығы. Бауыр еті баласының Отан алдындағы абыройлы міндетін атқарып жатқанына күдікшіл болған ана көңілі алаңдамай қоймайды. Аталған мәселені назарға алған ҚР Қорғаныс министрлігі қоғамның армияға деген сенімін арттыру мен әскери қызметшілердің жауынгерлік рухын қолдаудағы пәрменді қадам ретінде «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасын іске қосқан болатын. Жаңашылдықтың арқасында әрбір әскери қызметші жұмыс күндері туыстарымен және жақындарымен байланыса алады. Аталмыш жоба Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың тапсырмасы бойынша әскери борышын өтеп жүрген сарбаздар ата-аналарын көріп, тілдесуі үшін іске қосылған. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері де сарбаздар мен туған-туыстары арасында бейнебайланысты белсенді түрде және тұрақты түрде ұйымдастырып тұрады. Бастапқыда жобаның сәтті жүзеге асарына сенбей, күмән келтіргендер көп болды. «Қалай сонда? Бейнеқоңырау арқылы казармадан үйге тікелей қоңырау шалып байланыса ала ма? Бұл мүмкін емес!» дегендей пікірлер айтылды. Көпшіліктің күмәні де негізсіз емес. Өйткені әскери бөлімдерде ұялы байланыс пен смартфондарды барлық жерде қолдануға болмайтыны белгілі. – Бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, қандай үй-жайлардың қауіпті екенін зерделейтін болсақ, бұл айтарлықтай қиын мәселе емес. Әскери бөлімде жауынгерлер өздерінің туыстарымен заңбұзушылықсыз бейнебайланыс жасай алатын орындар аз емес. Мысалы, психологиялық көмек көрсету бөлмесі немесе дәріс өтетін сыныптарда сарбаздар бейнеқоңырау арқылы отбасымен сөйлесе алады, – дейді 91678 әскери бөлім командирінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, подполковник Алтай Ташкеев. Бейнебайланысты бақылап өткізу бекетіндегі келушілер бөлмесінде де ұйымдастыруға болады. Осы жерден 5-механикаландырылған бригаданың қатардағы жауынгері, Бекарыс Құдайбергенұлы анасымен байланысқа шықты. Мотоатқыштар батальонында гранатометші болып қызмет ететін сарбаз Қызылорда облысының Арал қаласынан шақырылған. Ол анасы Айнұрға әскердегі күнделікті өмірін айтып, үйіндегілердің хал-жағдайын сұрады. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты байланыс полкінің сарбаздары туыстарымен бейнебайланыс үшін теориялық сабақтар өтетін оқу кабинетін таңдады. Бір ескерерлігі, әскери бөлімдерде бейнеқоңырау уақытында құпиялылықты сақтау қиынырақ. Себебі барлық сарбаз жеке байланысқа шығу үшін бөлмелер жеткіліксіз. Алайда сарбаздарға құпиялылықтың еш қажеті жоқ екен. Керісінше сарбаздар ата-анасын әскерде тапқан достарымен таныстырғысы келеді. – ҚР Қарулы Күштері басшылық тарапынан әскери қызметшілерге, оның ішінде бізге, яғни сарбаздарға барлық жағдайлар жасалуда. Соның бірі – ата-анамызбен бейнебайланыс арқылы сөйлесу. Бұл туыстарымыз бен біз үшін үлкен қуаныш. Ұялы телефон арқылы дауыстарын естіген бір басқа. Бүгінде осы бейнесөйлесу арқылы әрбір ата-ана балаларының киімінің бүтін, дені сау екенін көре алады. ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары, біз елімізді қорғауға әрдайым дайынбыз. Сарбаздарға жағдай жасап жатқан еліміз бен Қарулы Күштер басшылығына, ата-анамызға алғысымыз шексіз. Әскерге Жезқазғаннан шақырылғаныма біраз уақыт болды. Отбасымды сағындым. Енді міне, анаммен сөйлесіп, екеуміздің де көңіліміз көтеріліп қалды. Менімен байланысып қана қоймай, жолдастарыммен танысқанына ерекше қуанды, – дейді Динар Сайфутдинов. Ұлытау ауданындағы Сәтбаев қаласынан келген сарбаздың анасы Әсел Арыстанқызы да ұлының жағдайын өз көзімен көріп, уайымын жеңді. Оның ұлы Жалғас Қаржаубай да анасын әскердің тыныс-тіршілігімен, достарымен таныстырды. Қатардағы жауынгер Иван Шевляков та бейнеқоңыраумен байланысқа шығып, Петропавлдағы анасын қуантты. – Отбасымен бейнеқоңырау» жобасы іске қосылғаны біз үшін жақсы мұмкіндік болды. Әскерде смартфон қолдана алмаймын, анамды бір жыл бойы көрмеймін деп ойладым. Бірақ жобаның арқасында отбасыммен апта сайын хабарласып тұрамын, – дейді Астанадан әскер қатарына шақырылған қатардағы жауынгер Әлішер Есдәулетұлы. «Отбасымен бейнеқоңырау» жобасын жүзеге асыру үшін бар болғаны смартфон мен интернетке қолжетімділік болса жеткілікті. Әскерге шақырылған сарбаздар смартфондарын үйлеріне тастап кеткендіктен байланыс үшін офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер өз смартфондарын сарбаздарға пайдалануға береді. Қазір ұялы байланыс пайдаланушыларының барлығы шексіз пакеттерді пайдаланады. Сондықтан бірнеше сарбаз туыстарымен бір телефон арқылы кезектесіп сөйлесе алады және бұл телефон иесіне қымбатқа түспейді. – Сарбаздар әр демалыс сайын отбасымен телефон арқылы сөйлеседі. Біз үшін ең бастысы – сарбаздың рухани жайлылығы, көтеріңкі көңіл күйі. Жауынгерлер отбасында бәрі жақсы екенінен хабардар болса, рухы көтеріліп, күш-қуаты артады. Мұндай жағдайда қызмет сәтті өтеді, – деді байланыс полкінің командирі, полковник Сымбат Тұяқаев. Бұл іс-шара мұнымен тоқтап қалмай, алдағы таңда әлі де өз жалғасын таба бермек.

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар