Демалыстағы білім бәйгесі
Балалар жылы аясында және Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай Берікқара шатқалында орналасқан балаларға арналған «Тау самалы» жазғы сауықтыру орталығында «Ақын – халықтың жүрегінде» атты квест ойыны өтті. Шараны облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұйымдастырды.
Қазақ поэзиясында, тіпті ұлттық әдебиетімізде өзіндік орны бар Мұхтар Шаханов шығармашылығының терең иірімдеріне үңіліп, тарихи шындықты, сөз өнерімен өрнектелген әсемдікті түйсіне білуге балаларды баулуды мақсат еткен квест ойыны кітапхана тарапынан алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жазғы демалыстарын «Тау самалында» өткізіп жатқан балалардан құралған жасақтар үш тақырыптық бекеттерге бара отырып, тапсырмаларды 10-15 минутта орындап, білімдерімен бәсекеге түсті. Тапсырмалар М.Шахановтың өмірі туралы деректер бекеті, «М.Шахановтың сазды әуендері» бекеті, ақынның қанатты сөздері және «Бұл ақынның қай өлеңі?» бекеті бағыттарына қарай берілді.
Бүгінде лагерь қызметкерлері, тәрбиешілері мен әкімшілігі балалармен жұмыс барысында бұрын-соңды мұндай ойындардың өткізілмегенін айтты. Тіпті балалардың өздері керемет әсер алып, ақынның шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алғанын тілге тиек етті.
Сонымен қатар ойын алдында лагерь тәрбиешілері әзірлеген флешмоб көрсетіліп, ойын барысында ақынның өлеңдері және әндері көрермендермен бірге орындалды. Жалпы, сайысқа түскен «Жақсылық», «Разные», «Астрал» командалары өздерінің білімі, шапшаңдығы, тапқырлығы жағынан бір-бірінен қалыспады. Дегенмен ойынның шартына сәйкес І орынды «Жақсылық», ІІ орынды «Разные», ІІІ орынды «Астрал» командасы иеленді.
Облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының директоры Жанна Алшынбаева мен «Тау самалы» балаларға арналған жазғы сауықтыру лагерінің директоры Ғалия Сейтбекова өз біліктілігі мен алғырлығын танытқан балаларға, тәрбиешілерге алғыс білдірді. Ойынға белсенді қатысқан балаларға Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды. Квест ойынының тартысты өткенін балалардың қуаныштан бал-бұл жанған жүздерінен байқадық.
Гүлзада ҚЫРЫҚБАЕВА, облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасының әдіскері
Келесі мақала