Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚОРЫМДАРЫ

АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚОРЫМДАРЫ
ашық дереккөз
АШАРШЫЛЫҚ ҚҰРБАНДАРЫНЫҢ ҚОРЫМДАРЫ
Ашаршылық қазаққа қарсы геноцид болды ма, жоқ па? Осы мәселені зерттеумен шындап айналысатындар үшін аталған тақырып әлі де дау туғызуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «1921-1922 жылдардағы миллиондаған қазақтың өмірін қиған жаппай ашаршылыққа 100 жыл болды. Осы апаттан жаппай қырылу болмаса, халқымыздың саны қазіргіден әлдеқайда көп болар еді. Тарихымыздың бұл қара беттері әлі жан-жақты зерттелген жоқ. Оның үстіне ғалымдардың өзінде ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ түсінік жоқ. Ашаршылықтың себептері туралы үзік-үзік ақпараттар мен әртүрлі пікірлер қоғамды адастыруда. Қажетті тарихи құжаттар мен жиналған мәліметтер мұқият зерттелуі керек», деген еді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөнінде Жамбыл өңірі бойынша құрылған кіші жұмысшы тобының ашаршылық құрбандарының жерленген жері мен жетімдер үйінің орны, мешіттер мен шіркеулер орны туралы зерттеу жүргізу барысында архивтік құжаттар негізінде біраз мәліметтер жинастырылды. «Жұт жеті ағайынды» деген сөз бар. Қазақ бұл анықтамамен су тасқыны, індет, өрт, дауыл, жер сілкінісі, ашаршылық, құрғақшылық дегенді сипаттайды. Алайда олардың басынан өткерген бұл апаттарға тағы бір ең қорқыныштысын қосты. Ол – патшалық Ресей езгісі. Бұл қуғын-сүргіннің зор болғаны сонша, 2 миллионнан астам адам аштықтан қырылды, көптеген ғалымның ғұмыры үзілді, зиялылар жер аударылды, езгі саясатымен бүтіндей бір халық қырылып қалды. Оның үстіне олар бұған қанағаттанбай, тарихи-мәдени естеліктерін жоюға тырысты, демографиялық тұрғыдан бұзып, көшіп-қонуға мәжбүр етті. Екі миллионнан астам адам соғысқа, аштыққа, жер аударуға, езгіге, қырғынға ұшыраған бұл үлкен апат тарихтың арғы бетінде қалмауы керек. Олай болса, бұл неліктен болды, қазақты осы апаттың ортасында қалдырған үдеріс қалай өрбіді? Осы сұраққа жауап іздесек, бұл үдеріс жоспарланған және кездейсоқ пайда болмаған. Патшалық Ресей тұсында Түркістан аймағы қатаң қадағалауда болды. Осы тұста көптеген қысым мен қуғын-сүргін басталды. 1916 жылға келгенде Түркістан аумағында патшалық Ресейге қарсы үлкен көтеріліс басталды. Көтерілісте негізінен қазақ пен қырғыздан тұратын 673 мың адам қаза тапса, 300 мың адам Қытайға кетуге мәжбүр болды. Сібірге 168 мың адам жер аударылды. 1932-1933 жылдар аралығында КСРО-дағы ашаршылықтан Қазақстан мен Украина ең көп зардап шекті. Тарих ғылымының докторы, профессор Талас Омарбековтің 1987 жылғы мұрағаттағы зерттеулерінде бұл апаттан 2 230 300 адам құрбан болғанын жазылған. Бұл көрсеткіш сол кездегі халықтың 49 пайызын құраған. Осы жылдары бұрын-соңды болмаған сынақ – ашаршылықтың ең сорақысы болды. Оған дәлел – далада, ауылдарда, қалаларда мыңдаған ағартылған адам сүйегінің табылуы. Қонысын тастап, Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшкен қазақ қарасы да жетіп жатыр. Әлсіреген және өлі адамдардың көрінісі туралы Жуалы ауданының азаматы, тарих ғылымдарының кандидаты Ұзақбай Құрманбаев суреттеуге тырысты. Аудандағы ашаршылық кезінде қаза тапқандардың жерлеу орындары, аудандағы жетімдер үйлері туралы келелі әңгімелерді айта отырып, сол кезде ауданға Мұхтар Әуезовтің келгені, Тұрар Рысқұловтың «Өмір пойызы» атымен аштан қырылып жатқан адамдарға тамақ таратылғаны жөнінде, Билікөл аймағына «Әйелдер босқыны» атымен белгілі болған (балаларына жейтін тамақ тауып бере алмаған аналар өз балаларын Билікөлге тұншықтырып өлтіріп, сол қайғыны көтере алмай, өздері жынданып кеткені жайындағы адам шошырлық жайлардың болғаны туралы) жантүршігерлік естеліктер қалайша ұмытылмақ? Зерттеулер нәтижесінде Жамбыл облысы бойынша ашаршылықтан қайтыс болғандардың 35 жерлеу орны анықталды. Осыған дәлел – Байзақ ауданы, Жібек жолы ауылының шығыс жақ бетінде ашаршылық кезінде қайтыс болғандардың жерленген жері – «Қосқорым» деп аталатын екі төбешіктен құралған орындардың анықталуы. Бұл төңірек теміржол бекетіне жақындау орналасқан екен. Ел аштықтан босып, сол теміржол бекетінен тамақ іздеу үшін, әлде жер аудару үшін келіп, одан арыға шамалары келмей, осы Қосқорым төңірегіне жан тапсыра берген болу керек. Сонымен бірге кеңестік кезеңде Ақшолақ стансасының маңында болған оқиғалар да жантүршігерлік жағдайда болған. Теміржол бекетінің жанына жан сауғалап, тамақ іздеп барған адамдардың әл-дәрмені кетіп, әлсіреп жан тапсыра берген екен. Дәл теміржол бекетінің маңында сол ашаршылық құрбандарының қорымы бар. Одан ары қарай ауыл сыртындағы қазіргі үлкен трассаның арғы бетінде балалар қорымы жатыр. Ерекше төмпешік болып көрініп тұрған қорымда балалардың қандай күйде жерленгені жұмбақ болып отыр. Жамбыл ауданының тұрғыны, ардагер журналист Сансызбай Махамбетқұловтың әкесінің көзі тірі кезінде айтуы бойынша, 1941-1943 жылдары Шолақтауға дейін теміржолда еңбек еткен екен. Сол теміржол бойында жұмыс істегенде қазылған аумақтардан қазіргі Тараз маңындағы Қарасу төңірегінде қуғын-сүргінде атылған екі мыңнан аса адамның мәйіті тізіліп жатқандығын көргендігін баян етті. Біздің жұмысшы топ ашаршылық кезінде жер аударылып келгендер мен халықтың ізімен жүре отырып, облыс көлемінде жаппай жерлеу орындарын анықтау ісі жүргізілді. Нәтижесінде ашаршылықта қырылған халықтың 35 жерлеу орны анықталып, белгіленді. Саяси науқандар мен аштық кезінде құрбан болған азаматтардың жерленген орындарын анықтау бойынша атқарылған жұмыс қорытындысында Талас ауданында Тамды әулие бастауы (Қаратау қаласы), «Қызылжалау» қорымдары (Қараой ауылы), «Осидайн» (Талапты, Жиембет ауылының аумағы), «Жанқозы қорымы», «Қарақожа» мешіті (Сейілбек ауылы), Үшарал ауылының орталығындағы қорым анықталған. Сарысу ауданында «Сыздық қожа» мешітінің жанындағы «Меңдіқара» қорымы (Тоғызкент ауылынан солтүстікке үш шақырым жол бойында), «Басыбайлы», «Бескемпір», «Шабақты» қорымдары бар. Шу ауданында Саудабай қорымы, Қосқұдық қорымы, Жәми мешітінің жанындағы қорым, Асуан әулие кесенесі маңы. Меркі ауданында Аспара-2 бөлімшесіндегі қорым, Меркі ауылының оңтүстік-шығыс жағындағы қорым, Қызыл диқан ауылы маңындағы «Естай тал» аталып кеткен жердегі «Қызтуған бейіті» анықталған. Жуалы ауданы бойынша жұмыс барысында Бауыржан Момышұлы ауылы мен Көктөбе ауылы аралығында орналасқан Көктөбе бейітінде жерлеу орындары табылды. Жамбыл ауданының Тастөбе ауылында бұрынғы мектеп орнында жерлеу қорымы, Шоқай ауылында қарашайлар қорымы, поляктар қорымы бар. Байзақ ауданындағы Ақшолақ ауылының бұрынғы «Дінмұхаммед» кафесі маңында балалар қорымы болғандығы анықталды. Ақшолақ ауылының ескі теміржол бекетінің маңында ашаршылықтан қайтыс болған азаматтар қорымы бар. Қордай ауданының Қаракемер, Сұлутөр, Ауқатты, Қасық, Қордай ауылдарындағы жерлеу орындарына ашаршылықта көз жұмғандардың мәйіті қойылған. Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм ауылының солтүстік-батысында ашаршылықта қырылған боздақтардың жерленген қорымы бар. Бірлік ауылының батысында, Айдарлы ауылының солтүстігінде, Жамбыл ауылының оңтүстік-шығысында, Қызылжыңғыл қыстауында орналасқан ескі қорымдарды анықтадық. Т.Рысқұлов ауданында Құлан ауылындағы қорым бар. Тараз қаласында ашаршылықта адам жерленген орындарға «Қарасу» ықшамауданындағы, Тектұрмастағы, Қарахан кесенесіндегі қорымдары жатады. Жерлеу орындарының сипат­тамалары жасалып, географиялық коорди­наттары нақтыланып, облыс­тың саяси-географиялық карта­сына енгізілді. Ендігі кезекте анықталған жерлеу орындарына мемлекет тарапынан арнайы белгілер орнату арқылы аштықтан қайтыс болған аты- жөні белгісіз азаматтардың рухына арнап қызмет атқарған болар едік. Өскелең ұрпақ осы жерлеу орындарын көре отырып, қазақ баласының басына нәубет жылдары келген қасіретті ұмытпас еді. Сәния НАҒАШБЕКОВА, облыстық тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының ғылыми қызметкері
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар