Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Газет оқырманымен ғұмырлы

Газет оқырманымен ғұмырлы
ашық дереккөз
Газет оқырманымен ғұмырлы
Құрметті оқырман! «Жамбыл облысында жастар газеті ашылды» деген сүйінші хабардың жер-жерге тарағаны күні кеше сияқты еді. Көзді ашып-жұмғанша жиырма жылға жуық уақыт өте шығыпты. Ақпарат айдынына атой салып келген басылым қай кезде де мазмұнды мақалалармен, сырлы сұхбаттармен, салмақты сараптамалармен, тарихи-танымдық дүниелермен қуантып келеді. Міне, тағы бір жылды артқа тастап, айқын мақсатпен алға қадам басып отырмыз. Өздеріңіз байқағандай, газетіміздің жылашар нөмірі жаңа дизайнмен жарық көрді. Сәйкесінше жаңа айдарлардың қатары толығып, арнаулы беттердің де саны артады. Мұның бәрі де оқырман игілігіне бағытталған оңды өзгерістер. Жасыратыны жоқ, жаһандық желінің жетегінде жүріп, жеңіл-желпі дүниелерге әуес болып барамыз. Бұл уақытша үрдіс екендігі сөзсіз. Дейтұрғанмен жалт-жұлт етіп жанарымызды жаулаған, жанымызды арбаған виртуальді әлемнің жақсы жақтарымен қатар, жағымсыз тұстары да жетіп артылады. Ол туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда: «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі», деп баса айтты. Елімізде «Оқитын ұлт» жобасының жүзеге асырылып жатқаны тектен-тек емес. Бұл тұрғыда кітап дүкендерінің көбейіп, мерзімді басылымдарды оқу мәдениетінің де қайта жаңғырып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы орайда біздің газетке жазылушылар саны да өткен жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр. Жастар басылымына қолдау көрсетіп отырған облыс басшылығы мен оқырман қауымға өз алғысымызды білдіреміз. Жаңа жыл құтты болсын, ағайын! Тұрсынбек Сұлтанбеков
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар