Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әкімшілік әділет бойынша талап арыз беру тәртібі

Әкімшілік әділет бойынша талап арыз беру тәртібі
ашық дереккөз
Әкімшілік әділет бойынша талап арыз беру тәртібі

​Мемлекеттік, жергілікті атқарушылық органдармен заңды және жеке тұлғалардың арасындағы даулы қатынастар азаматтық сотта емес, арнайы құрылған әкімшілік соттардың қарауына жатқызылған.

​Айта кету керек, бұл соттардың қарауына әкімшілік құқықбұзушылық істерді жатқызуға болмайды, мысалы жол жүру ережесін бұзғаны үшін айыппұл салған жағдайлар. Мұндай істер Тараз қаласының мамандандырылған құқықбұзушылық соты қарайды, ал аудандарда аудандық соттың құзырына қалдырылған.

Дау айтқыңыз келсе – кешігіп қалмаңыз!

Жеке азамат және заңды тұлғаның лауазымды тұлғамен, мемлекеттік органмен қарым-қатынасы әлбетте, қандайда бір құжат қабылдаумен аяқталады, олар шешім, қаулы, хаттамалық шешім, нұсқама т.с.с. Заңды тілде айтқанда бұл құжаттардың барлығы – әкімшілік акт деп аталады.

Әкімшілік акт – жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Жазбаша (қағаз немесе электрондық) нысанда қабылданған әкімшілік актіде келесі ақпараттар көрсетіледі:

- әкімшілік актіні қабылдаған әкімшілік органның атауы, лауазымды адамның тегі және аты-жөні;

- әкімшілік актінің қабылданған күні;

- арыз иесі туралы мәліметтер: жеке тұлғалар үшін – тегі, аты, әкесінің аты, заңды тұлғалар үшін: атауы, ұйымдық-құқықтық нысаны;

- әкімшілік актіні қабылдаған кезде шешілетін мәселелердің сипаттамасы және әкімшілік актінің негіздемесі;

- лауазымды адамның қолы.

Халық арасында әкімшілік актіге шағым беруге, сотқа дау айтуға бір айдан үш жылға дейін мерзім бар деген қате пікірлер бар.

Бұл дұрыс емес, себебі актілерге дау айту мерзімі әр жағдайда әр түрлі болып келеді. Олар 10 жұмыс күннен басталып, 5 жылға дейін қарастырылған.

Мысал ретінде айтсақ:

Әкімшілік актіге дау айту, оны заңсыз деп танып күшін жою туралы, мәжбірлеу, яғни қабылдануынан бас тартылған немесе қолайлы әкімшілік актіні қабылдануын талап ету туралы талап қоюлар тиісті шешім табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Егер заңда дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі көзделгенболса, сотқа жүгіну осы тәртіп сақталғаннан кейін жол беріледі.

Белгілі бір әрекетті жасау, немесе әкімшілік актіні қабылдауға бағытталмаған мұндай әрекеттерді жасамауды талап ету туралы талап қою бір ай ішінде сотқа беріледі.

Қандай да бір құқықтық қатынастың бар немесе жоқ екенін тануды талап ету туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап бес жыл ішінде беріледі.

Сот орындаушының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Сотқа дейін не білу керек:

Республика облыстарының орталықтарында және Астана, Алматы, Шымкент қалаларында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылған.

Әкімшілік істер әкімшілік актінің шығарылған орны бойынша немесе жауапкердің орналасқан жері бойынша қаралуға жатады. Ал, Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде шығарылған әкімшілік акт Астан қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралуға жатады.

Электрондық құжат нысанында шығарылған әкімшілік акт талап қоюшының тұрғылықты (орналасқан) жері бойынша қаралады.

Республикалық маңызы бар қалалар және облыс орталықтарында орналасқан мамандандырылған соттардың соттылығына жататын істерді қоспағанда, талап қоюшының арызы бойынша мамандандырылған әкімшілік соттың соттылығына жатқызылған істерді талап қоюшының тұрғылықты жеріндегі аудандық сот қарауы мүмкін.

Бұл дегеніміз, егер сіз облыс орталығынан қашық жерде орналасқан ауданда тұратын болсаңыз, әкімшілік органның әрекетін, актісін өзіңіздің тұрғылықты жеріңізде орналасқа ауданыдқ сотқа талап қоюмен жүгіне аласыз.

Әкімшілік сотқа талап қою қазақ немесе орыс тілдеберіледі.

Талап қоюда:

- соттың атауы, егер талап қоюшы жеке тұлға болса, оның тегі, аты және әкесінің аты, оның тұрғылықты жері, туған күні, егер талап қоюды өкіл берсе, өкілдің атауы мен оның мекенжайы; талап қоюшының, оның өкілінің телефон нөмірлері, электрондық поштасының мекенжайлары;

- егер талап қоюшы заңды тұлға немесе өзге ұйым болса, талап қоюшының атауы, оның орналасқан жері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және банктік деректемелері;

- жауапкердің атауы, орналасқан жері. Егер олар талап қоюшыға мәлім болса, талап қоюда жауапкердің телефондарының нөмірлері мен электрондық мекенжайы көрсетілуге тиіс.

Талап қоюда талаптардың мазмұны және талап қоюшы өз талаптарын негіздейтін мән-жайларды, оның қандай құқытары бұзылғанын көрсетуі тиіс.

Талап қоюға дауланып отырған әкімшілік актінің көшірмесін, мемлекеттік баж төленгендігін негіздейтін тиісті құжатты тіркеу керек.

Мемлекеттік баж мөлшері Салық клдексінің 610-бабында қарастырылған. Аталған бапты 2) және 3) тармақшаларын сай, жеке тұлғалардың мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдарынан – 0,3 АЕК;

Заңды тұлғалардың мемлекеттiк органдар мен олардың лауазымды адамдарының әрекетiне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне шағымдардан – 5 АЕК;

Ал тексеру актiлерi бойынша хабарламаларға және (немесе) деңгейлес мониторинг нәтижелері бойынша хабарламаларға дау айту туралы әкімшілік талап қоюлардан:

- жеке кәсiпкерлер мен шаруа немесе фермер қожалықтары үшiн – хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 0,1 пайызы, бірақ 500 АЕК-тен аспайтын мөлшер;

- заңды тұлғалар үшiн – хабарламада көрсетiлген салықтардың, кедендік төлемдердің және бюджетке төленетiн төлемдердің (өсiмпұлды қоса алғанда) даулы сомасының 1 пайызы, бірақ 20 мың АЕК-тен аспайтын мөлшері.

Жамбыл облыстық сотының судьясы

Ғалым Батырбекұлы Кулекеев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар