Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ЭЛЕКТРМОБИЛЬДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ӨЗЕКТІ

ЭЛЕКТРМОБИЛЬДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ӨЗЕКТІ
ашық дереккөз
ЭЛЕКТРМОБИЛЬДЕРГЕ АРНАЛҒАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ӨЗЕКТІ
Әлемде жыл санап электр көліктеріне сұраныс артып келеді. Тиісінше автоөндірісте электрмобиль құрастыру ісі де қарқын алуда. Қазір облыс орталығы Тараз қаласынан да электрмобиль тізгіндеген жүргізушілердің көбейгенін байқаймыз. Ал елімізде биылғы маусымдағы жағдай бойынша электр қозғалтқышты жеңіл көлік саны бір жыл ішінде 7 есеге дейін өскен. Халықаралық энергетикалық агенттіктің болжамы бойынша, 2040 жылға қарай көмірсутегіне тәуелсіз көлік құралдарының әлемдік паркі 150 миллионға дейін өспек. Ал Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы 200 миллионнан асып жығылады деп қауіптеніп отыр. Демек, электрмобильдердің дәуірі туып келе жатқанына мысқалдай да күмән келтіруге болмайды. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өркениет көшіне ілесе білу үшін елімізде электрмобиль инфрақұрылымын дамытуға баса назар аударуда. Мәселен, Президент биылғы жылдың тамызында Алматы қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте шаһардың экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуды тапсырды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Германия экономикасы Шығыс комитетінің мүшелерімен кездесуінде сөйлеген сөзінде: «Біз 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алдық. Алайда ол үшін бізге экономиканы айтарлықтай жаңғыртып, «жасыл» технологияға 600 миллиард доллардан астам инвестиция тарту қажет», деп, қатысушылардың назарын орнықты даму және «жасыл» экономика салаларында бірлесе жұмыс істеудің маңыздылығына аударды. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесулерінде де елімізде электрмобиль өндірісін дамытуда ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын жиі айтып жүр. Президенттің тапсырмалары және қытайлық компаниялармен жүргізілген бірлескен жұмыс елімізде электрмобиль шығару ісіне тың серпін беруде. Сөзімізге мысалды алыстан іздемей-ақ, жуырда ғана жамбылдық полицейлерге республика бойынша бірінші болып қазіргі заман талаптарына сай, қоршаған ортаға залалсыз отандық 25 электрмобиль табысталғанын айтсақ та жеткілікті. Облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің айтуынша, материалдық-техникалық базаның жақсаруы полицейлердің жұмысын тиімді етуге айтарлықтай ықпалын тигізеді. – Электрмобильдер қауіпсіздік жағынан барлық заманауи талаптарға сай келеді. Қала ішінде полицейлерге түскен шақыртуларға жедел әрекет етуге және оқиға орнына тез жетуге мүмкіндік береді. Электрмобильдер тоқпен қуатталатын болғандықтан кәдімгі автокөліктерге қарағанда 2,5 есе үнемді. Сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмейтін, экологиялық таза көлік түріне жатады, – дейді Арманбек Хакимбекұлы. Департамент бастығының айтуынша, көліктің қуаты 420 шақырымға дейін жетеді. Ал аккумуляторды толық әрі жылдам зарядтау 45 минут қана уақытты алады екен. Электрмобильдердің аккумуляторының қызмет ету мерзімі кем дегенде – 12-15 жыл. Қазіргі таңда Төле би №198 мекенжайында ораналасқан жергілікті полиция қызметі басқармасының базасында 25 көлікке арналған 25 станса орнатылған. Егер полиция департаментінің қызметкерлеріне табысталған электрмобильдер тиімділігін көрсетсе, жуық жылдарда мемлекеттік мекемелердегі қызметтік көліктер электрмобильдерге ауыстырылуы әбден мүмкін. Сонымен қатар болашақта қала көшелерінде электрлі автобустар жүйткіп жүрсе таңғалуға болмайды. Алайда инфрақұрылымның жай-күйі өңірімізде «жасыл» көлікті дамытуға мүмкіндік бере ме? «Жасыл Даму» акционерлік қоғамының сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, қазір Астана қаласында электрмобильдерді қуаттайтын 51 станса, Алматыда – 52, Павлодар мен Ақтау қалаларында және Астана-Щучинск бағытындағы автожолда бір-бір стансадан қойылған. Алдағы 6 жылда барлық ірі қалаларда электрмобильдерді қуаттайтын стансалар салынады. Сондай-ақ стансалар желісін дамыту үшін Үкімет 2029 жылға қарай ірі қалаларда қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі жол картасын бекіткенін де еске сала кетейік. Өңірімізде де электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөліне бастаған. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаилдың айтуынша, станса салу бойынша тиісті жұмыстар қолға алынған. – Дәл қазіргі таңда Тараз қаласында электрмобильдерді қуаттайтын стансаларға айтарлықтай қажеттілік туындап тұрған жоқ. Дегенмен электрмобильдерге сұраныстың жыл санап өсіп келе жатқанын ескере отырып, станса соғу бойынша инвесторлармен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы мұндай стансаларға өте көп мөлшерде электр энергиясы қажет. Бастапқыда 1 инвестор 15 станса салуды жоспарлаған болатын. Алайда қуаттылығы 120 киловаттық станса салу тиімсіз деп танылды. Себебі ондай стансаларда бір көлікті толық қуаттау үшін 3-4 сағат уақыт жұмсалады. Сондықтан басқа инвесторлармен жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде Тараз қаласында 15 емес, қуаттылығы 8 мың киловаттық 2 станса соғу жоспарланып отыр. Бұл стансаларда көлікті толық қуаттауға 15-20 минут жеткілікті. Дегенмен 8 мың киловатт электр энергиясымен екі тұрғын алқапты жарықпен қамтамамыз етуге болатынын ескергеніміз жөн. Соған қарамастан, стансалар бой көтеретін орынды анықтау жұмыстары шешімін тапты. Демек, шаһарда пилоттық режимде инвесторлардың қаржыландыруымен 2 станса салынады деп айтуға болады, – дейді Қайрат Әбілханұлы. Ал электрмобиль тізгіндеген жүргізушілер тек Тараз қаласында ғана емес, облыс аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың бойына да қуаттайтын қоғамдық стансалар салынғанын қалайды. – Осыдан бірнеше ай бұрын электрмобиль сатып алдым. Көлік қалада өте ыңғайлы. Қалтаға салмақ салмайды. Шығыны жоққа тән. Әзірге ешқандай кемшілігін байқамадым. Байқасаңыз, бірте-бірте қаламызда электрмобильдер саны көбейіп келеді. Сондықтан қазірден қуаттайтын стансалар салу мәселесіне мән беру керек секілді. Мәселен, қазір көлігімді үй жағдайында қуаттап жүрмін. Қуаттағышты Алматы қаласынан 500 мың теңгеге сатып алдым. Арнайы құрылғының бағасы 200 мың теңгеден басталып, 20 миллионға дейін барады. Мұндай қаржыны кез келгеннің қалтасы көтере бермейді. Сонымен қатар республикалық маңызы бар жолдардың бойына да кемінде 150-200 шақырым сайын 1 станса соғылғаны дұрыс. Электрмобильге қаладан шығу қиын. Алматыға немесе басқа қалаға баратын болсам, такси жалдауға тура келеді. Себебі елсіз жапан далада көліктің қуаты өшіп қалса, қолыңнан ешнәрсе келмейді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Сәкен Ескендірұлы. Таяқтың екі ұшы болатыны секілді әрбір нәрсенің ағы мен қарасы, пайдасы мен зияны қатар жүретіні белгілі ғой. Осы орайда оқырмандарымыздың бір пайдасына жарап қалар деген ниетпен мамандармен сөйлесіп, электрмобильдің артықшылығы және кемшілігі жайлы да білуге тырыстық. – Электрмобильге сұраныстың өсуіне әсер еткен фактор көп. Мәселен, қарапайым тұтынушыларды бірінші кезекте бензинмен салыстырғанда электр қуатының әлдеқайда арзан түсетіндігі және салық төлеудегі жеңілдіктер қызықтыратыны даусыз. Электрмобильдердің шығыны аз. Себебі майын, білтесін, сүзгішін ауыстыру қажетсіз. Электрмобильдің «дыбыссыз» қозғалысы мен кептелісте көп энергия жұмсамайтыны да тұтынушылардың көңілінен шығады. Заман талабына сай шығарылып жатқан көліктердің бірқатар артықшылығы болса, сол секілді кемшілігі де аз емес. Электрмобильдердің қуаты ұзақ қашықтыққа жетпейтінін ескерсек, қалалар мен елді мекендердің арасы шалғай Қазақстандағы тұтынушылар үшін өте-мөте қолайсыз екенін ұмытуға болмайды. Электрмобильдерді қуаттау көп уақыт алатыны да жасырын емес. Әдетте толық қуаттауға шамамен 8 сағаттай уақыт керек, тіпті жылдам қуаттаудың өзіне 1-2 сағат уақыт жұмсалады. Көлікті қуаттайтын бекеттер де тапшы. Электрмобильдің ең басты кемшілігі – бағасының қымбаттығы және батареялардың «ғұмырының» қысқалығы. Электрмобильдің барлық түрі өзімен қарайлас іштен жанатын қозғалтқышты көліктерден қымбат тұрады. Қарапайым азаматтардың қалтасы көтере бермейді. Одан бөлек электрмобильдердің дәстүрлі көліктерге қарағанда тезірек құнсызданатыны тағы бар. Бұл да тұтынушыны екіұдай күйге түсіретін көп себептің бірі. Электрмобиль бағасының шамамен үштен бірін оның батареясы құрайды, ал қазіргі қолданыстағы батареялардың көпшілігінің жарамдылық мерзімі 8-15 жыл аралығында, басқаша айтқанда, мүмкіндігі сарқылған батареяны ауыстырудың шығыны да шаш етектен, – дейді автосарапшы Мақсат Әбілқайыров. Әрине, біз көтеріп отырған мәселе дәл қазір аса өзекті емес шығар. Дегенмен жуық жылдарда мәселенің алдымыздан андағайлап шығатыны айдан анық. Сондықтан ертеңгі күні алашапқын болып жүрмес үшін электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамытуға қазірден көңіл бөлудің маңыздылығын жауаптылардың есіне бір салып қойғанды жөн көрдік.
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар