Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жомарт түлектердің жақсылығы

Жомарт түлектердің жақсылығы
ашық дереккөз
Жомарт түлектердің жақсылығы
Тараз қаласындағы М.Мәметова атындағы №27 орта мектепте «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған болатын. Жобаның мақсаты – мектеп түлектерінің білім ордасының өміріне бейжай қарамай, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, алғыс сезімдерін қалыптастыру. Мектептерінің дамуына үлес қосып, қолдан келгенше қайырымдылық және демеушілік көмек көрсетіп жатқан түлектер оқушылармен тәрбие жұмысында да оң әсерін тигізеді. Тіпті акцияға қатысудың өзі туған мектебіне көмек көрсетудің керемет үлгісі. Бүгінге дейін жоба аясында түлектермен кездесу кештері ұйымдастырылып келеді. Мәселен, белгілі кәсіпкер, мектептің түлегі Мақсат Жанқұлиев 10-11-сынып оқушыларымен «Мектеп – кеме, білім – теңіз» тақырыбында кездесу өткізді. Кездесуде оқушылар кәсіпкердің өмір жолы, мектептегі қызықтары жайлы сұрақтар қойды. Сонымен қатар мектептің 1996 жылғы түлегі Әлия Алдоңғарова «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбында 9-сынып оқушыларымен семинар жүргізді. Семинарда мектеп оқушылары мамандықтың қыр-сырын, мамандықты таңдау жолдары тақырыбында сұрақтар қойды. Сондай-ақ «Жомарт түлек – жомарт жүрек иесі» атты аумақтық үлкен форум өтті. Форумға мектептің 1981 жылғы түлегі әрі директордың шаруашылық істер жөніндегі орынбасары Халима Умеева қатысты. Форум барысында Халима Есіркепқызы мектептегі қызықтарымен қатар еңбек жолына тоқталып, тәжірибесімен бөлісті. Түлектер оқушылармен кездесіп қана қоймай, қолдан келген көмектерін де аянып қалып жатқан жоқ. Жалпы аталған жоба жүзеге аса бастағалы бері жомарт түлектер білім ордасына ұлттық киімдер, спорттық жейде, музыкалық аппарат, 2 микрофон, түлектер тақтасын сыйға тартып, стендтер жасауға көмектесті. Патриоттық сезімнің үздік үлгісі – туған жеріне, мәдениеті мен дәстүріне құрмет көрсету. Сол себепті түлектеріміздің алтын ұя мектебін естен шығармай, барынша көмек көрсетіп жатқандығы көңіл қуантады. Түлектерімізге мың алғыс! Сымбат ДӘУЛЕТБАЕВА, М.Мәметова атындағы №27 орта мектебінің педагог-кәсіптік бағдар берушісі, Тараз қаласы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар