Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

КОФЕ ІШУДІҢ ӨЗ МӘДЕНИЕТІ БАР

КОФЕ ІШУДІҢ ӨЗ МӘДЕНИЕТІ БАР
ашық дереккөз
КОФЕ ІШУДІҢ ӨЗ МӘДЕНИЕТІ БАР
Кофе – әлемдегі ең көп таралған сусындардың бірі. Соңғы уақытта қазақстандықтар да шайға қарағанда хош иісті кофеге көбірек әуестене бастағанын байқап жүрміз. Деректерге сүйенсек, ел тұрғындары жылына 2 мың тонна кофе ішетін көрінеді. Мәліметпен келісуге болатындай. Себебі бүгінде көшеде, қоғамдық көліктерде, жиналыстарда кофе ұстағандар қатары көбейген. АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон «Кофе – өркениетті әлемнің сүйікті сусыны» депті. Жалпы кофенің отаны – Эфиопия. Алғашында кофені эфиопиялық Кальдий есімді шопан тапқан екен. Шопан ешкілерінің ерекше бір өсімдікті жеп тұрғанын байқайды. Кейін ешкілерінің күші артып, аяқтарымен жер тарпып, тыным таппағанын байқайды. Содан әлгі шопан әлгі ағаш жөнінде монахтарға айтып, одан олар шырын жасауды қолға алған көрінеді. Бірақ ғалымдар кофені алғаш түріктер дайындаған деген пікір айтады. Қазір дүниежүзілік кофе өндірісінің 36 пайызын Бразилия, сосын Вьетнам, Колумбия өндіреді. Кофені ең көп ішетін Скандинавия жерінің тұрғындары екен. Неміс ғалымдары адамдар кофенің дәмін ұнататындықтан емес, тәуелділік тудыратындықтан көп ішетінін айтады. Ал диетологтар болса, кофенің танымал мәдениеттің арқасында сәнге айналғанын, яғни фильмдер мен жарнамалық парақшаларға көп шығуынан дейді. Бұл пікірлердің де жаны бар. Бұрындары шетелдік киноларда кофе ішіп әңгіме-дүкен құрып отыратындарды, сабаққа кофе ұстап бара жатқандарды көріп қызығып отырушы едік қой. Онымен қоса көшелердегі «Кофені өзіңмен алып кет!» деген секілді жарнамалар мен кофеханалардың дизайн-интерьері де бір бас сұққан тұтынушысын бірден баурап алады. Бала күтіміне байланысты үйде отырған тараздық ана Перизат Қуанышева кофеге құмарлардың бірі. Ол күн сайын кофе ішуді әдетке айналдырған. – Мен біраз жылдан бері кофе ішуге әуеспін. Капучиноны қантсыз және ешқандай дәмдеуішсіз ішкен ұнайды. Таңда бір қызымды мектепке, бір қызымды балабақшаға жеткізіп тастаған соң жол-жөнекей міндетті түрде кофеханаға кіремін. Құрбыларымды да кофе ішуге жиі шақырамын. Кофе ішіп сырласып, әңгіме айтып, жоспар құрамыз. Жұбайым да кофе ішуге жиі шақырып тұрады. Демалыс күндері балалар да «Анашым, кофе ішіп қайтпадық па?» деп жатады. Әрине, оларға кофе бермеймін ғой, бірақ бала болса да кофеханадағы атмосфераны ұнатады, – дейді Перизат Серікқызы. Чехияда бариста болып істеп келген Ақниет Рахманбердиева есімді бойжеткеннен кофе таңдау және Чехия мен Қазақстандағы кофенің айырмашылығын сұрап көрдік. – Кофені күштілігіне қарай ажыратады. Ешқандай қоспа қосылмаған бастапқы кофе эспрессо деп аталады. Латте – ең жеңіл кофе. Сүті көп, эспрессода аз болады, яғни латтенің бір бөлігі эспрессо болса, қалғаны сүт. Ал капучинода сүт көбігі бар. Американо кофесі эспрессоға ыстық су қосу арқылы дайындалады. Дәмі ащы. Сүт қосуға да болады. Бірақ көп емес. Кофені шабыт алу үшін ішеді. Ол – сусын ғана емес, жаңа идея беретін күш. Сол үшін келушілерге көп көңіл бөліп, кофенің айырмашылығын дұрыс түсіндіру керек. Қазір біз кофе ішу мәдениетін қалай қалыптастырамыз, кейінгі баристалар солай жалғастырады. Чехия мен Қазақстандағы кофенің айырмашылығы жоқ деуге болады. Бірақ Тараз қаласында көбінесе екі дәнді араластырып (смесь) дайындайды. Бұл кофеге қышқыл дәм береді. Ал Чехияда 100 пайыз арабика немесе бразилиялық дәннен дайындалады. Мұндай кофенің дәмі жұмсақ әрі дәмдірек болады, – дейді Ақниет. Кофе ішудің де өз мәдениеті бар. Кофені тек ыстық күйінде ғана емес, мұздатып та ішуге болады. Яғни ішіне мұз салып ішсеңіз, жаздың аптап ыстығында өзіңізді бірден қалыпқа келтіріп, сергіп қаласыз. Ал егер дәмі тіл үйіретін кофеиннің өзінен жақсы әсер алғыңыз келсе, қайнатылған кофе ішуіңіз керек. Себебі қайнатылған кофенің құрамында кофеиннің мөлшері екі есе көп болады екен. Ең қолжетімсіз және бағасы тым қымбат кофенің түрі – «Kopi Luwak». Ол – Суматра аралында өседі. Кофе дайындаудың сан түрлі әдістері бар. Ең пайдалысы – скандинавиялық әдіс. Оның ерекшелігі – қайнатылуында. Тіпті кофенің құрамына май, бұрыш, сарымсақ қосып дайындалатын түрлері де бар екен. «Әр елдің салты басқа» дегендей, қазақтар келген қонағына шай ұсынса, арабтар міндетті түрде кофе береді. Әдетте олар кофені жұмыс кабинетінде, дастарқан басында емес, еденде отырып ішеді екен. Араб кофесінің құрамына кардамон немесе шафран қосылған. Араб кофесі әдетте тәттілерсіз ішіледі, кейде оған құрма да қосылады. Ереже бойынша арабтар кофені жай ішеді, өйткені тез кофе ішу құрметсіздікке жатады. Кореяда кофе ішу мәдениетінің тарихи сәті «Starbucks» кофеханасының ашылуы болатын. Синчон ауданындағы Ихва қыздар университетіне қарсы беттен «Starbucks»-тың алғашқы нүктесі пайда болып, бұл оқиға кофехана культіне өзгеріс әкелді. 1999 жылдан бастап нарыққа шетелдік инвесторлар кірді. Ал халықтың лексиконында «капэбырориджок», яғни «кофеханада сабақ оқитын студенттер» және «капэмам» – «кофе стаканын ұстаған жас аналар» деген терминдер пайда болған еді. Кәрістердің ішінде ең кең тараған танымал кофе түрі – мұз қосылған американо. Олар бұл кофені қыста да ішеді. Жалпы кофені Корея қалаларында кез келген бұрыштан табуға болады. Түркияға барсаңыз, олардың өмірі кофемен қаншалықты тығыз байланысты екенін байқайсыз. Олар кофені қыз айттырғанда, үйлену тойларында, достарымен кездескенде, туған-туыстар жиналғанда, тіпті ресми кездесулерде ішеді. Бір қызығы, түріктердің «таңғы ас» («kahvaltı») сөзі «кофенің алдында» деген мағынаға келеді екен. Оны арнайы ыдыста қантпен немесе қантсыз, көбігі көтерілгенше қайнатады. Көбігі неғұрлым қатты көтерілсе, соғұрлым шебер деген сөз. Кофенің адам денсаулығына пайдасы зор. Кофе шаршағанды, депрессияны басады. Яғни серотонин гормоны арқылы адамға бақыт, қуаныш, өз-өзіне сенімділік алып келеді. Зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, психологке аз баратын адамдар кофені көп ішетіндер екен және антидепресанттарды қолданушылар. Сонымен бірге асқазаны ауыратындарға, әйелдің аяғы ауыр кезінде, жүрек-тамыр жүйесі науқасы барларға, жас балаларға, гипертония, жүйке аурулары, ұйқысыздық кезінде ішуге болмайды. Жүйкесінде кінәраты бар адамдар кофеден мүлдем аулақ жүруі тиіс. Айжан ӨЗБЕКОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

ҚОЛ ҚОЯ БІЛУ ДЕ ӨНЕР
Алдыңғы мақала
ҚОЛ ҚОЯ БІЛУ ДЕ ӨНЕР

Ұқсас жаңалықтар