Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ: Биыл Жамбыл жастарының қоныс тойы көбеймек

БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ: Биыл Жамбыл жастарының қоныс тойы көбеймек
ашық дереккөз
БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ: Биыл Жамбыл жастарының қоныс тойы көбеймек
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында облыс әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев пен «Отбасы банк» Жамбыл облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізді. Баспасөз мәслихатында облыс жастарына арналған «Әулиеата жастары» бағдарламасының іске асырылуы туралы мәселелер сөз болды. Әуелі облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлынбайұлы сөз алып, аталған бағдарламаның аясындағы мүмкіндіктерді кеңінен түсіндіріп өтті. – Жаңа бағдарламаны облыс әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесіп жүзеге асырады. Баспаналы болу үшін жеңілдетілген шарттармен заем алуға 35 жасқа дейінгі жастар санатындағы мұғалім, дәрігер, мейірбике, спорт және мәдениет саласының маманы, журналистер мен университет оқытушылары, ғылыми қызметкерлерге мүмкіндік бар. Бағдарламаға қатысушылардың жұмыс өтілі 12 айдан кем болмауы қажет. Табысы да ескерілетін болады. Бағдарламаға қатысушы мен оның отбасы мүшелерінің атында соңғы 5 жыл ішінде жылжымайтын мүлкі болмауы тиіс. Біздің облыс Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларының тәжірибесіне сүйеніп отыр. Өз кезегінде облыс әкімдігі жаңа жобаға 500 миллион теңге бөлді. Ал «Отбасы банк» жеңілдетілген шарттармен несие баруге көмектеспек. Облысымызда 35 жасқа дейінгі 7140 тұрғын баспана кезегінде тұр. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 318 жас азамат жеке пәтер алуға мүмкіндік алды. Биыл «Әулиеата жастары» бағдарламасы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алудың тағы бір қосымша мүмкіндіктерін ашып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары. Мұнан соң «Отбасы банк» облыстық филиалының директоры Гүлзат Бекназарова сөйлеп, банк тарапынан жасалатын жұмыстарды түсіндіріп өтті. – Тұрғын үй сатып алуға «Отбасы банкі» 13 миллион теңгеге дейін заем береді. Егер мүліктің құны одан асатын болса, сатып алушы айырмашылықты өз қаражатынан төлей алады. Бастапқы жарна – 5, сыйақы мөлшері 5 пайыз. Несиені 19 жылға дейін төлеуге мүмкіндік бар, – деді. Жиында биыл аталған бағдарламамен 50 жас отбасы баспаналы болатыны айтылды. Алайда облыс әкімінің орынбасары Е.Үйсімбаев: «Бұл қанатқақты жоба. Егер жаңа бағдарлама сәтті басталса, келесі жылы облыс әкімдігі осы бағытта 1 миллиард қаржы бөлуді көздеп отыр. Осынша көлемдегі қаржыны бөлуге «Отбасы банкінің» де мүмкіндігі бар. Бұл келесі жылы 200 жас отбасын қамтуға мүмкіндік бар деген сөз. Оның ішіне жастар саясатында жүрген мамандар да қатыса алады» деп түсіндіріп өтті спикер. Сондай-ақ брифинг спикерлері БАҚ өкілдері қойған сұрақтарға тиянақты жауап берді. Жаңа тұрғын үй бағдарламасына қатысу туралы өтінімді қабылдау www.e-jambyl.kz порталында 20 шілде күні басталып, 30 шілдеге дейін жалғасады. Өтінімдерді қабылдау аяқталғаннан кейін қатысушылардың тізімі жасалып, «Отбасы банкіне» жіберіледі. Банкте үміткер төлем қабілеттілігін тексеріп, нарықтан пәтер табуы қажет. Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан және «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігімен салынып жатқан нысандардан сатып алуға болады.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар